Бір-бірін құтқармақ болған: Павлодар облысындағы фермада болған төтенше оқиғаға кінәлі адам аталды
Павлодар облысында "Aqtogai Milk" ЖШС-нің алты қызметкерінің өліміне не себеп болғаны анықталды. Кәріз құдығына алғашқы болып сүт фермасында бағбан болып жұмыс істеген 17 жастағы мектеп оқушысы түскені белгілі болды. Осыдан кейін оны құтқару әрекеті басталып, салдарынан тағы бес адам қаза тапты. Комиссия жұмыс берушінің кінәсін 100 пайыз деп таныды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Еңбек министрлігі бұл төтенше жағдайға жұмыс беруші 100 пайыз кінәлі екенін анықтады. Тергеу барысында жұмысшылардың бірі кәріз құдығында жұмыс істеу кезінде күкіртсутегімен уланғаны белгілі болды.
"Оған көмек көрсету кезінде басқа жұмысшылар құдықтағы әріптесін құтқармақ болып, бірінен соң бірі түскен. Күкіртсутегі әсерінен бір-біріне көмектеспек болған алты жұмысшы қаза тапты", - деп хабарлады Еңбекмині.
Павлодар облысының бас мемлекеттік еңбек инспекторы Асқар Қапановтың Tengrinews.kz-ке берген түсіндірмесі бойынша, кәріз құдығына бірінші болып кәсіпорында бағбан болып істеген 17 жастағы мектеп оқушысы түскен.
"Ол бұзылған миксерді жөндеу үшін автоматты түрде жоғары көтеру мақсатында арқан байлауға құдыққа түскен. Яғни, бірінші болып кәмелетке толмаған жұмысшы көз жұмған, содан кейін құтқару операциясы жүргізіліп, адамдар бір-бірін құтқарамын деп қаза тапқан", - деп түсіндірді Қапанов.
Бұл фото оқиға орнында, жұмысшылар түскен құдықтың қасында түсірілген. Фото: Валерий Бугаев
Төтенше жағдайдың себептерін Үкімет тапсырмасымен құрылған арнайы комиссия тексерді. Жұмысшылар қауіптілігі жоғары жұмыс әдістері бойынша қажетті оқудан өтпегені және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілмегені анықталды.
"Сонымен қатар кәріз құдығындағы жұмыстарды ұйымдастыру қажетті қауіпсіздік деңгейін, соның ішінде апаттық жағдай туындағанда және құтқару шараларын жүргізу кезінде қамтамасыз етпеген. Үкіметтік комиссия жұмысының қорытындысы бойынша "Aqtogai Milk" ЖШС жұмыс берушісінің кінәсі 100 пайыз болып белгіленді", - деп атап өтті Еңбекмині.
Сондай-ақ ведомство арнайы тергеу барысында жауапты лауазымды тұлғалар анықталғанын хабарлады. Тергеу қорытындысы бойынша анықталған заңбұзушылықтарды жою және болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу бойынша ұсынымдар әзірленді.
Оқиғадан кейін Еңбекмині Павлодар облысы мен басқа да өңірлердің жұмыс берушілерін қауіптілігі жоғары жұмыстарды, соның ішінде құдықтарда, резервуарларда, сыйымдылықтарда және басқа да жабық кеңістіктерде жұмыс істеуді бақылауды күшейтуге шақырды.
"Жұмысшыларды қажетті жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге, оларға жұмыстың қауіпсіз әдістерін тиісінше оқытуға, сондай-ақ апат жағдайлар кезіндегі іс-қимылдар мен құтқару шараларына дайындауға ерекше көңіл бөлу қажет. Қауіптілігі жоғары жұмыстарды орындау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау - жұмыс берушінің тікелей міндеті және жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын сақтаудың негізгі шарттарының бірі", - деп түйіндеді ведомство.
Сүт фермасындағы адам өліміне әкеп соққан төтенше жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Павлодар облысының бас мемлекеттік еңбек инспекторының мәліметінше, тергеу қылмыстық іс бойынша әрбір фигуранттың кінә дәрежесін анықтауы тиіс.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 20 шілдеде Павлодар облысындағы жергілікті ірі сүт кәсіпорындары бірінің аумағында болған еді.
"Оқиға орнында жедел жәрдем дәрігерлері 1963, 1975, 1983, 1998, 2006 және 2009 жылдары туған алты ер адамның қаза болғанын растады", - деп хабарлаған болатын бұған дейін Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы.
Тағы бір зардап шегуші - 38 жастағы ер адам ауруханаға жатқызылған болатын.
Бұған дейін қаза тапқан 17 жастағы жасөспірім компанияда ресми түрде бағбан болып жұмыс істегені және жасыл желектерді күтіп-баптағаны, сондықтан оқиға орнында болмауы тиіс екені айтылған болатын. Алайда комиссия мектеп оқушысының сүт фермасында ресми түрде жұмыс істемегенін анықтады.
"Кәсіпорынның қаза тапқан кәмелетке толмаған баламен жазбаша еңбек шарты болмаған", - деп хабарлады Павлодар облысының бас мемлекеттік еңбек инспекторы Асқар Қапанов Tengrinews.kz-ке.
Павлодар облысында 6 адам қаза болған төтенше жағдайдан кейін депутат қамауға алынды
1 қыркүйекте кәсіпорынның бас директоры Александр Терентьев ("Aqtogai Milk" ЖШС) қамауға алынғаны белгілі болды.
Анықтама: Александр Терентьев қоғамдық-саяси қызметпен айналысады. Бірнеше шақырылымдағы Павлодар облыстық мәслихатының депутаты. Мәслихатта құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияны басқарады. Депутаттық жұмысы аясында ауылдық аумақтарды дамыту, абаттандыру, әлеуметтік инфрақұрылым, сумен жабдықтау нысандарын жаңғырту, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік жобаларды қолдау мәселелерімен айналысады. Сондай-ақ Александр Терентьев "Стальмонтаж", "Ақтоғай-Агро" және "Aqtogai Milk" компанияларының бас директоры.