Ozon сатушыларға тауарларды Алматы мен Астанаға жіберуді ұсынды
Ozon тауарларды Қазақстанға жөнелтуді ұсынды. Мұндай хабарлама Ozon Marketplace сатушыларына арналған Telegram-арнада жарияланды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Тауарларды Алматы мен Астанадағы нысандарымызға орналастыруға шақырамыз. Ол жерден Ресейдегі клиенттерге тапсырыстарды еш қиындықсыз жеткіземіз, сондай-ақ Ozon-ның жергілікті сатып алушылары үшін жеткізу жылдамдығының артуы есебінен Қазақстан мен Қырғызстандағы сауда көлемі де өседі", - делінген жарияланымда.
Сонымен қатар сатушыларға Қазақстанда тауар орналастырудың басқа да артықшылықтары айтылды. Олардың қатарында - тауар жеткізуге шектеулердің жоқтығы және Ресейге тапсырыстардың бірнеше күн ішінде жетуі бар.
"Алматы мен Астанаға тауар жеткізу үшін қосымша құжаттар қажет емес - жай ғана әдеттегідей жеткізуге өтінім беріп, Қазақстандағы кластерлерді таңдасаңыз болғаны", - делінген жарияланымда.
Кейінгі айларда Ozon мен Wildberries-тің Ресейдегі қоймалары ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырап жатыр. Ресейдегі логистикалық нысандарда болған бірқатар өрттен кейін Wildberries Қазақстаннан бос қоймалар іздеуге кірісті.
Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі бұған дейін компания тарапынан қосымша қойма қуаттылықтарын орналастыру мәселесі бойынша ресми өтініш түспегенін хабарлаған болатын. Сонымен бірге ведомство егер мұндай ұсыныстар ұлттық мүдделер мен заңнама талаптарына сәйкес келсе, оларды қарастыруға дайын екенін атап өтті.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда Wildberries-тің жаңа қоймаларға қатысты жоспарлары айтылды