“Жақындамаңыздар“: Алматыдағы аулалардың бірінен жабайы жануар байқалды
Бәрі қалай басталды?
Әлеуметтік желілерде тараған кадрлардан түлкінің әл-Фараби даңғылының маңындағы аулада жүргенін көруге болады. Видеоға қарағанда, жануар тамақ іздеп келген болуы мүмкін.
Instagram-дағы бұл жазбаны көру
A post shared by Krisp Almaty | Криспи Алматы (@krisp_almaty)
Мамандар не дейді?
Біз Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің баспасөз қызметіне хабарласып, видеоға қатысты ақпарат беруді сұрадық. Мамандар видеодағы жануардың кәдімгі түлкі екенін растады.
"Видеода кәдімгі түлкі (Vulpes vulpes) бейнеленген. Бұл біздің өңір мен Алматы маңы үшін үйреншікті түр, ол Іле Алатауының тау бөктері мен таулы аймақтарында кең таралған. Қала ішінде түлкілер сирек көрінгенімен, мұндай жағдайлар мезгіл-мезгіл болып тұрады және бұл таңсық дүние емес", - деп атап өтті ұлттық парк өкілдері.
Мамандардың айтуынша, түлкілердің қалаға келуінің бір себебі - Алматының олардың табиғи мекеніне жақын орналасуы. Сонымен қатар жануарларды оңай табылатын азық қызықтырады.
"Мұндай жағдайлардың басты себебі - Алматының жабайы жануарлардың табиғи мекенімен тікелей шектесуі. Түлкілер қалаға өзен аңғарлары мен жасыл аймақтар арқылы келуі мүмкін, сондай-ақ оларды қолжетімді азық көздері - кеміргіштер, құстар, тамақ қалдықтары мен үй жануарларының жемі қызықтырады", - деді мамандар.
Сондай-ақ қалаға өздерінің үйреншікті мекенін тастап, жаңа аумақтарды игеруге шыққан жас түлкілер де келуі мүмкін.
Түлкіні кезіктіргенде не істеу керек?
Түлкіні көргенде құтыру ауруының қаупі бар екенін есте сақтау маңызды. Жабайы жануарлар бұл дерттің тасымалдаушысы болуы мүмкін, сондықтан сырттай жуас көрінген аңды сипауға немесе тамақтандыруға тырыспаған жөн. Әсіресе, түлкі өзін әдеттен тыс ұстаса, барынша сақ болу қажет.
Іле-Алатау ұлттық паркінің мамандары мынадай кеңес береді:
түлкіге жақындамаңыз және оны ұстауға немесе сипауға тырыспаңыз;
жануар жуас көрінгенімен, оны тамақтандырмаңыз;
егер түлкі сау көрінсе және өзі кетіп бара жатса, оған тиіспеген дұрыс;
егер жануар өзін оғаш ұстаса - агрессия көрсетсе, адамдардан қорықпаса, бағдарынан жаңылғандай көрінсе немесе жарақаты болса, жақындамаңыз және бұл туралы тиісті қалалық қызметтерге хабарлаңыз;
тістеп алған немесе тырнап алған жағдайда тез арада медициналық көмекке жүгіну қажет, өйткені түлкілер құтыру ауруын тасымалдауы мүмкін.
Тағы оқыңыз: Жыртқыш пен қарақұйрықтардың ерекше кездесуі видеоға түсіп қалды