Мемлекеттен берілетін әлеуметтік төлемдерді кімдер қайтаруы тиіс: Еңбек министрлігі түсіндірді
Қазақстанда әлеуметтік тәуекелдердің алты түрі бойынша әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Олар:
еңбекке қабілеттіліктен айырылу;
асыраушысынан айырылу;
жұмыстан айырылу;
жүктілік пен босануға байланысты табыстан айырылу;
жаңа туған баланы (балаларды) асырап алу;
бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу.
Төлемнің әрбір түріне тиісті шарттар мен тағайындау тәртібі белгіленген. Төлем алушыларға құжаттарды рәсімдеу кезінде шынайы ақпарат пен дұрыс құжат ұсыну маңызды. Төлемдерді тағайындаудың негізділігін қамтамасыз ету және бюджет қаражатын қорғау мақсатында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры ұсынылған мәліметтерді тексереді.
Сондықтан төлем рәсімдеу кезінде шынайы ақпарат пен дұрыс құжат ұсыну маңызды. Мысалы, жалған жұмысқа орналастыруды рәсімдеу немесе төлем алу үшін шындыққа сәйкес келмейтін мәлімет беруге келіспеген жөн. Егер әлеуметтік төлем заңсыз алынғаны анықталса, қаражат заңда белгіленген тәртіппен қайтарылуы мүмкін. Ал әдейі жалған мәлімет беру заң бойынша жауапкершілікке әкелуі ықтимал.
"Әлеуметтік желілерде азаматтарға әлеуметтік төлемді рәсімдеп беру, оны ұзарту немесе жұмысынан айырылғаны үшін төлем алып беру туралы ұсыныстар кездесуі мүмкін. Мұндай ақпаратқа бірден сенбей, алдымен оның дұрыстығын тексерген жөн. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік төлемдерге қатысты ақпаратты ресми мемлекеттік ресурстардан алуға кеңес береді", - деп хабарлады ведомство.
Атап айтқанда, төлем алу үшін жалған еңбек қатынастарын рәсімдеу немесе дұрыс емес ақпарат беру туралы ұсыныстарға келіспеу қажеттігі айтылды.
"Егер әлеуметтік төлем заңсыз алынғаны анықталса, қаражат заңда белгіленген тәртіппен қайтарылуы мүмкін. Ал әдейі жалған мәлімет беру заң бойынша жауапкершілікке әкелуі ықтимал", - деп ескертті Еңбекмині.
Министрліктің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанның 12 өңірінде әлеуметтік төлемдерді заңсыз алуға байланысты 30-дан астам қылмыстық іс қозғалған. Бес өңірде 7 үкім шығарылды. Әлеуметтік желілердегі хабарландырулар мен ұсыныстар арқылы азаматтарды төлемдерді заңсыз алу схемаларына тарту жағдайлары анықталды.
Жеке және қаржылық деректердің қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу кезінде азаматтар жеке куәлік деректерін, банк картасының мәліметтерін, банкке қатысты құпия ақпаратты, SMS арқылы келген кодтарды, ЭЦҚ-ға қатысты мәліметтерді және өзге де жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуі керек, деп хабарлады Еңбекмині.
"Сондай-ақ "төлемді міндетті түрде рәсімдеп беремін", "төлемді тездетіп аламын" немесе "төлем мерзімін ұзартып беремін" деп қызмет ұсынатын адамдарға ақша төлеудің қажеті жоқ. Әлеуметтік төлемдер заңнамада белгіленген тәртіппен тағайындалады. Сондықтан төлем тағайындау туралы шешім заңда көрсетілген талаптар мен ұсынылған мәліметтер негізінде қабылданады", - деп атап өтті министрлік.
Әлеуметтік төлемдерді тағайындау шарттары мен тәртібі туралы өзекті ақпаратты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының ресми ресурстарынан және egov.kz электрондық үкімет порталынан алуға болады. Қосымша сұрақтар бойынша 1414 нөмірі арқылы Бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтарды тексерілген ақпарат көздерін пайдалануға, өз құқықтарын білуге және әлеуметтік желілер арқылы әлеуметтік төлемдер алу туралы ұсыныстарға мұқият болуға шақырады.
Еске сала кетейік, 1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеу ережелері өзгереді: ең ұзақ мерзім 3 айға дейін қысқартылып, сомасы шектеледі. Енді жұмыссыздар қанша ала алады, өзгерістер кімдерге қатысты болады және төлем не үшін тоқтатылуы мүмкін мына материалдан оқыңыз.
Бұған дейін жұмысқа орналасқаннан кейін жәрдемақы мен жұмыссыз мәртебесі не болатынын, бұл туралы Жұмыспен қамту орталығына хабарлау қажет пе және жұмыс берушіде қосымша міндеттемелер туындай ма деген сұрақтарға жауап іздеген болатынбыз. Толығырақ.