Орталық Азияның үш елінде жаппай жарық өшті
Алматыда, Алматы облысында және Қазақстанның басқа да өңірлерінде жаппай жарық өшуі аясында көршілес Қырғызстан мен Тәжікстан тұрғындары да электр энергиясының іркілістері туралы хабарлай бастады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қырғызстанда не болып жатыр?
Қырғызстандық БАҚ электр энергиясындағы жаппай іркілістер туралы жазып жатыр. Kaktus.media ақпаратынша, сағат 15:00-ден бастап Бішкектің түрлі аудандары мен облыс тұрғындары жарықтың өшуіне жаппай шағымдана бастаған.
Шағымдар Қырғызстан астанасының орталық көшелерінен, "Аламедин-1" ықшамауданынан, ірі сауда орталықтарынан, сондай-ақ қала маңындағы ауылдар мен Ыстықкөл облысынан түскен.
Басылымның мәліметінше, "Қырғызстан ұлттық электр желісі" ААҚ жағдайға қатысты әлі жауап берген жоқ.
Тәжікстанда не болып жатыр?
Тәжікстандық басылымдар да электр энергиясының жаппай өшуі туралы хабарлады. . "Азия-Плюс" агенттігінің мәліметінше, шамамен сағат 15:15-тен бастап Душанбе, Худжанд, Көляб, Вахдат, Нүрек және елдің бірқатар басқа да қаласы мен аудандарының тұрғындары бір мезгілде жарықсыз қалған.
Апаттың себептері әзірге ресми түрде жарияланған жоқ. Апатты жою үшін жедел штаб құрылды, мамандар электр қуатын қалпына келтіру бойынша жұмыс істеп жатыр.
Қазақстанда жарыққа қатысты не болды?
Алматы қаласы мен Алматы облысында 14 тамыз күні сағат 15:00 шамасында жарық электр энергиясында іркіліс болды. Қаланың әртүрлі аудандарының тұрғындары жарықтың өшкені туралы хабарлады. Ресми мәліметтер бойынша, KEGOC компаниясына тиесілі кернеуі 500 кВ әуе электр желілерінде апат болған.
Апат салдарынан жалпы қуаты 300 МВт болатын жүктеме ажыратылды.
Алматы облысында Жамбыл, Балқаш, Есік, Қарасай, Шелек, Райымбек, Ұйғыр, Іле, Кеген және Талғар аудандарында жарық өшіп қалды.
"Алатау Жарық Компаниясы" АҚ мамандар тұтынушыларды электрмен жабдықтауды қалпына келтіру үшін қажетті іс-шараларды жүргізіп жатқанын хабарлады. Алматыда Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарында тұтынушылардың жарықсыз қалғаны ресми түрде расталды.
Алматының өзінде жарықтың өшуіне байланысты кейбір бағдаршамдар істен шығып, байланыс үзілді және жылдам кептелістер пайда болды. Қиылыстарға реттеушілер шықты.