“Оны алдағыңыз келді ме?“: Өскеменде такси жүргізушісі зейнеткерді құтқарып қалды
Өскеменде такси жүргізушісі Төрежан Адабиетов егде жастағы жолаушыға 1,5 миллион теңгеден астам қаражатын жоғалтпауға көмектесті. Ер адам телефон арқылы сөйлесіп жатқан зейнеткерді алдамақ болғандарын түсінген, деп хабарлайды Tengrinews.kz Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
"Кодты айтпаңыз"
Такси жүргізушісінің қырағылығының арқасында қылмыстың жолы кесілді. Сапар кезінде зейнеткер телефонмен сөйлесіп отырған. Бір сәтте телефондағы адам одан SMS арқылы келген кодты айтуды сұрайды. Мұның алаяқтық болуы мүмкін екенін түсінген жүргізуші әйелге кодты айтпауды өтінген.
Осыдан кейін ер адам телефонды өзі алып, сөйлесушіге тіл қатты:
- Бұл сіздің анаңыз ба?
Желінің арғы жағындағылар мақұлдап жауап берді.
Бұдан соң такси жүргізушісі төтесінен сұрады:
- Сонда сіз оны алдап кетпек болдыңыз ба?
Алаяқтар 1,5 миллионды жымқыруы мүмкін
Полицияның мәліметінше, Төрежан Адабиетовтің іс-қимылының арқасында телефон алаяқтары егде жастағы тұрғынның 1,5 миллион теңгеден астам қаражатын жымқыра алмаған.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков жүргізушімен кездесіп, оған қырағылығы, батылдығы және белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдірді.
Полиция мұндай азаматтардың алаяқтар ақшаны иемденіп үлгергенге дейін қылмыстың алдын алуға көмектесетінін атап өтті.
Полицейлер ескертеді: егер белгісіз адамдар ақшаны шұғыл түрде шешіп алуды, оны "қауіпсіз шотқа" аударуды, SMS арқылы келген кодтарды хабарлауды немесе несие рәсімдеуді талап етсе - бұл алаяқтар. Қазақстандықтарды қырағы болуға, телефон арқылы бейтаныс жандардың нұсқауларын орындамауға және алдаудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда дереу полицияға хабарласуға шақырады.