Қазақстандықтардың несиесі бір көрсеткішпен шектеледі: Ұлттық банк шарттарды атады
Қазақстанның Ұлттық банкі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициентінің (КБК) шекті мәнін белгілеуді жоспарлап отыр, ол азаматтардың рұқсат етілген кредиттік жүктемесін шектейді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
КБК деген не?
Кіріске қатысты борыш коэффициенті (КБК) қарыз алушының барлық кредиті мен микрокредиті, оның ішінде жаңа қарызды қоса алғандағы жалпы берешегінің оның жылдық кірісіне қатынасын көрсетеді.
"КБК реттеу практикасына 2024 жылғы тамызда енгізіліп, қазірге дейін мониторингтік кезеңде қолданылып келеді. Көрсеткіш қарыз алушының өтелмеген барлық қарызы мен микрокредиті, оның ішінде жоспарланып отырған жаңа қарыз бойынша жиынтық берешегінің оның жылдық кірісіне қатынасын білдіреді. Аталған құрал қарыз алушының өз міндеттемелеріне уақытылы қызмет көрсету қабілетін бағалауға мүмкіндік береді", - деп хабарлады Ұлттық банк.
КБК жаңа лимиті
Ұлттық банк КБК шекті деңгейін қарыз алушының жылдық 8 табыс көлемінде белгілеуді жоспарлап отыр. Бұл ретте реттеуші автокредит, ипотека, кепілсіз тұтынушылық несие сияқты жекелеген қарыз түрлері бойынша КБК көрсеткішіне мониторинг жүргізуді жалғастырады, алайда олар үшін сараланған шекті мәндер бекітілмейді.
Сын-қатер күшейген жағдайда Ұлттық банк сараланған шекті мәндерді бекітіп, КБК жалпы деңгейін өзгерте алады.
КБК қалай есептеледі?
Кіріске қатысты борыш коэффициенті қарыз алушының берешек мөлшерін оның жылдық кірісінің саны арқылы көрсетеді. Есептеу формуласы келесідей:
КБК = (ӨҚБС + ЖБС) / ҚЖЖК)
мұндағы:
КБК - қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициентіӨҚБС - қарыз алушының барлық өтелмеген қарызы мен микрокредиті бойынша берешек сомасыЖБС – қарыз алушының жаңа берешек сомасыҚЖЖК – қарыз алушының орташа айлық кірісінің 12-ге көбейтіліп есептелетін жылдық жиынтық кірісі
8 мәні нені білдіреді?
Егер КБК 8-ге тең болса, бұл қарыз алушының жаңа кредитті қоса алғандағы жалпы қарызы оның жылдық сегіз табысына дейінгі соманы құрай алатынын білдіреді.
Көрсеткіш не үшін енгізіледі?
Ұлттық банк мәліметінше, бұл шара халықтың шамадан тыс қарызға бату тәуекелдерін төмендетуге, қаржы жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға және кредиттеудің теңгерімді құрылымын қалыптастыруға бағытталған.
Қазақстанда кредит берудің жаңа ережесі енгізіледі
Еске салсақ, 1 шілдеден бастап Қазақстанда кредит беру ережесі өзгереді. Банктер қарыз алушылардың кірісі мен қарыз жүктемесін қатаңырақ бағалай бастайды. Ұлттық банк мәліметінше, қарыз жүктемесінің коэффициенті (ҚЖК) мен кіріске қатысты борыш коэффициенті (КБК) бойынша есептеулер күшейтіледі.
Негізгі басымдық ресми табысқа түседі - банктер зейнетақы аударымдары мен медициналық сақтандыру жүйесінің деректерін ескереді. Табысты растамай кредит алу қиындай түседі.
Өзгерістер бірінші кезекте бейресми немесе табысы тұрақсыз азаматтарға әсер етеді.
Еске сала кетейік, Қазақстанда тұтынушылық кредиттер мен бөліп төлеу бойынша жаңа шектеулер енгізу жоспарланып жатқанын туралы бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова айтқан болатын. Оның сөзінше, қарыз алушының жалпы берешегінің шекті мөлшерін белгілеу, табысты растау талаптарын қатаңдату және маркетплейстердегі бөліп төлеуді жеке реттеу сияқты нұсқалар талқыланған.