Баку мен Мәскеу Ақтаудағы ұшақ апаты бойынша дауды "реттегенін" мәлімдеді
Әзербайжан мен Ресей 2024 жылы Ақтау маңындағы ұшақ апатының салдары бойынша дауды "лайықты түрде реттеді". Бұл жөнінде екі елдің сыртқы істер министрліктерінің бірлескен мәлімдемесінде айтылады. Құжатқа сәйкес апат салдарын жою жөнінде Әзербайжан және Ресей президенттері 2025 жылы 9 қазанда Душанбедегі кезесуде уағдаласқан.
15 сәуірде Ресей және Әзербайжан сыртқы істер министрліктерінің ресми сайттарында жарияланған құжатқа сәйкес тараптар «2024 жылғы 25 желтоқсанда Ресей Федерациясының әуе кеңістігінде әуе қорғаныс күштерінің абайсыз әрекеттері кесірінен AZAL әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағының Ақтау қаласы маңында апатқа ұшырауының салдарын, соның ішінде өтемақы төлеу мәселесін, лайықты түрде реттеген».
Мәлімдемеде өтемақыны қай ел, қандай көлемде төлегені, мәселені шешу үшін тараптар тағы қандай шарттарды орындағаны туралы айтылмайды.
2024 жылғы 25 желтоқсанда J2-8243 рейсімен Бакуден Шешенстан орталығы Грозныйға ұшып шыққан Embraer ұшағы Каспийді кесіп өтіп, Ақтау түбіне құлаған. Оқиға салдарынан 38 адам қаза тауып, 29-ы түрлі жарақат алған.
Қаза тапқан 38 адамның алтауы – Қазақстанның, 25 адам – Әзербайжанның, жетеуі - Ресей азаматтары.
Бастапқыда апаттың себебі жөнінде түрлі долбар болды. Ұшаққа Ресей аумағында оқ атылған болуы мүмкін деген болжам айтылғанда, Қазақстанның ресми өкілдері мұны "хайп қуу" деп атап, сынаған.
Кейін Әзербайжан президенті Илхам Әлиев апатқа "Ресейдің өкілдері жауапты" деп мәлімдеді. Әлиев Ресейден кінәсін мойындауды және осы оқиғаға кінәлілерді жазалауды талап етті. Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауына байланысты кешірім сұрағанымен , жауапкершілікті мойнына алмай келген.
2025 жылғы 4 ақпанда Қазақстан Ақтаудағы ұшақ апатын тексерудің алдын ала қорытындысын жариялады. Көлік министрлігі мен ұшақ апатын зерттеу жөніндегі комиссия "ұшақ қаптамасындағы тесіктер сырттан бөгде заттар тигенін көрсетеді" деп жазған.
Тек 2025 жылғы 9 қазанда Душанбеде Илхам Әлиевпен кездесу кезінде Ресей президенті Путин апат Ресей әуе қорғаныс күштері атқан зымыраннан болғанын мойындаған. Сол жылы желтоқсанда Ресей тергеу комитеті Azerbaijan Airlines (AZAL) ұшағы апатына байланысты қозғалған қылмыстық істі тоқтатқан.