Каспийде бір аптада 12 жер сілкінісі болды: сейсмолог Қазақстан үшін қандай қауіп барын бағалады
14 сәуірде Каспий теңізінде бірден үш жер сілкінісі болды, оның екеуінің магнитудасы 3,1, біреуінікі 3,8-ді құрады. Қазақстандық сейсмолог сейсмикалық белсенділік себебін және бұл дүмпулердің Маңғыстау өңіріне қаупі бар-жоғын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz. тілшісі.
Жер сілкіністерінің табиғаты
Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Сейсмологиялық қызмет орталығының мәліметінше, 14 сәуірде Каспий теңізіндегі дүмпулер қысқа уақыт аралығында әртүрлі тереңдікте болған.
Seismology.az сайтынан скриншот
8 сәуірден бері сейсмологтар Каспий теңізі айдынында магнитудасы әртүрлі 12 жерасты дүмпуін тіркеді.
Ұлттық ғылыми орталықтың Геодинамикалық және сейсмикалық процестер физикасы зертханасының меңгерушісі Нұрсәрсен Өзбековтің айтуынша, 14 сәуірде тіркелген дүмпулер бұған дейінгі қуатты жер сілкінісінің жалғасы болуы ықтимал.
"Бүгінгі жер сілкіністері әлсіз сейсмикалық оқиғаларға жатады. Бұны 8 сәуірде дәл сол ауданда болған айтарлықтай сезілген жер сілкінісінің афтершоктары деп санауға болады. Оның магнитудасы Әзірбайжан мәліметтері бойынша 5,3-ті, ал біздің деректер бойынша 5,4-ті құраған еді", - деп түсіндірді ол.
Маман мұндай белсенділік аймаққа тән құбылыс және ірі тектоникалық құрылыммен байланысты екенін атап өтті.
"Бұл сейсмикалық оқиғалар Түрікменстандағы Красноводск түбегінен Копетдаг сейсмобелсенді аймағы арқылы Әзірбайжанға, Апшерон түбегіне және одан әрі оңтүстікке, Бакуге қарай өтетін субдукция аймағымен байланысты. Бұл Каспий өңірінде орналасқан белгілі сейсмобелсенді аймақ", - деді сейсмолог.
Анықтама. Субдукция — геологиядағы процесс, мұнда бір тектоникалық плита екіншісімен соқтығысқан аймақта оның астына еніп кетеді.
Маңғыстауға қауіп бар ма?
Маман бұл жер сілкіністерінің Маңғыстау өңіріне тигізуі мүмкін әсеріне жеке тоқталды. Каспийдегі дүмпулерге қарамастан, сейсмолог Батыс Қазақстан үшін тікелей қауіп көріп тұрған жоқ.
"Бұл оқиғалар Әзірбайжанға жақынырақ жерде болып жатыр. Маңғыстау үшін олардың ешқандай ықтимал қаупі жоқ", - деді маман.
Сонымен қатар, ол нақты деректердің жоқтығын, сондықтан қандай да бір болжам жасау мүмкін еместігін айтты.
"Біздің Маңғыстау өңіріне қатысты ештеңе айта алмаймыз. Бұл аймақта бізде бір ғана сейсмостанция бар. Бақылау бекеттерінің аздығы сейсмикалық жағдайдың дамуы туралы нақты қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді", - деді ол.
Сондай-ақ сейсмолог бұған дейін 2024-2026 жылдарға арналған бағдарлама аясында Маңғыстау өңірінде тығыз бақылау желісін құру бойынша дайындық жұмыстары жүргізілгенін, бірақ бағдарламаның тоқтап қалғанын айтты.
"Болжамды орындарда сейсмикалық шуды жазу арқылы алдын ала жұмыстар жүргізілді, бірақ өкінішке қарай бұл бағдарламаны 2026 жылы қаржыландыруды Ғылым және жоғары білім министрлігі тоқтатып тастады. Тіпті құрылғылар да сатып алынған болатын. Қазір олар қоймада бос тұр", - деп хабарлады ол.
Маман қаржыландыру қайта жанданады деген үмітін білдірді.
"Егер қаржы бөлінсе, бізде Маңғыстау облысында толыққанды желі пайда болады, өйткені бұл аймақ қарқынды техногендік сейсмикалық көріністерімен белгілі", - деп түйіндеді ол.
Әзірбайжандық сарапшының пікірі
Каспий өңіріндегі жалғасып жатқан сейсмикалық белсенділік туралы бұған дейін Әзірбайжан сейсмологиялық қызмет орталығының бас директоры, профессор Гурбан Йетирмишли де айтқан болатын. Ол Minval.az порталына берген сұхбатында 8 сәуірде Каспий теңізі айдынында тіркелген жер сілкінісінен кейін аймақтың белсенді фазада қалып отырғанын айтты.
"Каспий теңізінде Иран тарапынан қысым жүріп жатыр, бұл литосфералық плиталар арасында кернеу тудырады. Негізгі жер сілкінісінен кейін тектоникалық құрылымдардың фрагментациясы басталып, әрбір ығысу жарықтар бойындағы афтершоктармен қатар жүреді", - деп түсіндірді ол.
Әзірбайжандық сейсмологтардың мәліметінше, 8 сәуірден бері аймақта қарқындылығы әртүрлі 500-ден астам афтершок тіркелген. Олар 20-дан 35 шақырымға дейінгі және одан да терең қабаттарда болып жатыр. Бұл ретте белсенділік тек теңізде ғана емес, құрлықта да байқалады.
"Қазір энергияның жиналуы және оның біртіндеп фондық деңгейге дейін төмендеуі жүріп жатыр, сондықтан көптеген ұсақ дүмпу тіркеліп жатыр. Бұл процесс тағы біраз уақытқа созылуы мүмкін", - деп атап өтті Йетирмишли.
Белсенділіктің жоғарылығына қарамастан, сарапшы қатты алаңдауға негіз жоқ екенін баса айтты.
"Жойқын жер сілкінісінің болу ықтималдығы жоқ. Дегенмен, айтарлықтай қауіп төндірмейтін, бірақ сезілетін дүмпулер болуы мүмкін", - деп толықтырды ол.
Маманның айтуынша, болып жатқан процестер тектоникалық плиталардың қозғалысына байланысты: Арабия плитасы Еуразия плитасына қысым түсіріп, соның салдарынан жер қыртысында кернеу жиналып, жер сілкіністеріне әкеп соғады.
Сейсмолог алдағы уақытта Каспий аймағында әлсіз жерасты дүмпулері жалғасуы мүмкін, алайда олар табиғи құбылыс және дүрбелеңге негіз жоқ деп атап өтті.
Еске сала кетейік, 8 сәуірде Алматы облысында да жер сілкінісі болды. Зілзала ошағы Алматыдан солтүстік-батысқа қарай 117 шақырым жерде, Алматы облысы Іле ауданы аумағында орналасқан.