Алматылықтар "Қытай экспансиясына" қарсы шыққан жаңаөзендіктерді қолдады
4 қыркүйекте отызға жуық адам Алматы қалалық әкімдігі алдына жиналып, Қазақстандағы Қытай жобаларына қарсы акция өткізген жаңаөзендіктерді қолдады. Олар елдің барған сайын Қытай өнімдеріне тәуелді болып бара жатқанын айтып, мемлекет тәуелсіздігіне алаңдап отырғанын жеткізді.
"Өзіміз ештеңе өндірмейміз. Қыс бойы Қытайдың көкөністерін тұтынамыз. Ол өнімдердің қалай өсірілгені белгісіз. Неге өзіміз өндірмейміз? Неге бізде ауру-сырқау көп? Бұл сұрақтарға кім жауап береді?" деді акцияға келгендердің бірі.
Өзін Асылбек Кеңесұлы деп таныстырған азамат "кеше билік 55 Қытай зауыты салынайын деп жатқан жоқ деп айтты. Бұл өтірік. Неге үйтіп халықты алдайды? Бұл зауыттар қандай кепілпен елге кіріп жатыр? Осыны айтсын" деді.
Шамамен жарты сағаттан соң әкімдіктің қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есімбеков наразы азаматтардың алдына шығып, ішке кіріп, мәселені "өркениетті түрде" талқылауға шақырды. Бірақ жиналғандар "әкімнің өзі халыққа келсін, мұндай маңызды мәселені іште талқылай алмаймыз" деп бас тартты.
3 қыркүйекте Жаңаөзеннің екі жүзден астам тұрғыны қаланың орталық алаңына жиналып, Қытайдың Қазақстандағы жобаларын тоқтатуды талап еткен еді. Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Шымкентте де белсенділер «Қытай экспансиясына қарсы» акция өткізген.
(Жаңалық толықтырылады).