“Қазатомөнеркәсіптің” топ-менеджері қамауға алынды - ҰҚК
"Қазатомөнеркәсіптің" топ-менеджері мен тағы бір қызметкері қамауға алынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап.
2026 жылғы 26 қарашада тергеу сотының санкциясымен "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы" акционерлік қоғамының өндіріс жөніндегі бас директоры К.Омарбековке және департаментінің бас менеджері Е.Байқұловқа қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
"Шешім тағылған айып бойынша іс-әрекеттердің сипаты мен ауырлығы ескеріле отырып, сондай-ақ ықтимал сыбайластар мен куәларға қысым көрсетуге, дәлелдемелер мен қылмыстық жолмен алынған мүлікті жасыруға жол бермеу мақсатында қабылданды", - делінген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарламасында.
Істің барлық мән-жайын анықтау бойынша процестік әрекеттер жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Еске сала кетейік, 25 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков пен басқа да адамдар ұсталғанын растады. Комитет мәліметінше, олар "Самұрық-Қазынаның" бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген.
ҰҚК Қылмыстық кодекстің 367-бабы 4-бөлігі бойынша (Аса ірі мөлшерде немесе қылмыстық топ болып пара беру – еск.) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатын.
Бұған дейін, 24 қарашада Қазатомөнеркәсіп директорлар кеңесінің шешімімен ұлттық компания басқармасының екі мүшесі – коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужин мен өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбековтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанын хабарланған. Компания басшылық міндеттері қайта бөлінгенін, ал өндірістік және коммерциялық қызмет штаттық режимде жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін ұсталған "Самұрық-Қазына" қорының басшысы Нұрлан Жақұпов пен "Қазақстан темір жолы" компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің де "Қазатомөнеркәсіппен" байланысы болған.
Үш топ-менеджер мен “Қазатомөнеркәсіп“: ұсталған басшылардың мансап жолы қалай тоғысты?
Тағы оқыңыз: Ұсталған күні жариялаған: “Қазатомөнеркәсіптің“ бұрынғы топ-менеджері әлеуметтік желіде не жазды?