Қазақстанда тыныштық күні басталды: сайлау алдында не істеуге болмайды?
Тыныштық күні деген не?
Тыныштық күні – бұл сайлау немесе референдум алдында "қолдау" немесе "қарсы болу" бағытында кез келген насихат жұмыстары тоқтатылатын үзіліс.
Шектеу дауыс беруге бір тәулік қалғанда күшіне еніп, сайлау учаскелері жабылғанға дейін қолданылады. Тыныштық күнінің мақсаты – сайлаушыларға ешқандай қысымсыз, байыпты шешім қабылдауға мүмкіндік беру.
Не істеуге қатаң тыйым салынады?
дауыс беруге шақыруға немесе дауыс беруге бойкот жариялауға;парақшалар таратуға, әлеуметтік желілерде саяси жарнама мен үгіт-насихат материалдарын жариялауға, үгіт жұмыстарына байланысты митингілер мен кездесулер өткізуге;сауалнама жүргізуге, әлеуметтік сауалнама нәтижесін, қорытынды болжам мен сайлауға қатысты кез келген материалды жариялауға.
Тыныштық күнін бұзғаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылған?Үгіт-насихат жүргізуге және қоғамдық пікір сауалнамаларын жариялауға салынған тыйымды бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабы ("Тыйым салынған кезеңде сайлау алдындағы үгітті жүргізу") бойынша жауапкершілік көзделген.
Айыппұл мөлшері:
жеке тұлғаларға – 15 АЕК (2026 жылы 55 380 теңге);шағын бизнес субъектілеріне – 20 АЕК (2026 жылы 73 840 теңге);орта бизнес субъектілеріне – 25 АЕК (2026 жылы 92 300 теңге);ірі бизнеске – 35 АЕК (2026 жылы 129 220 теңге).
Сайлау қай күні және сағат нешеде өтеді?
Сайлау жексенбі, 29 қарашада өтеді. Сайлау учаскелері сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Осыдан кейін дауыс беру мүмкін болмайды: комиссиялар бюллетеньдерді санауға кіріседі.
Елдегі 101 учаске ерте, таңғы сағат 06:00-де ашылады. Бұл негізінен әскери бөлімдерде орналасқан учаскелер. Бұл күзетке, кезекшілікке тұратын, жауынгерлік тапсырмаларды орындайтын немесе жабық аймақтарда қызмет ететін адамдарға дауыс беруге мүмкіндік береді.
Бюллетень қандай болады?
Мәслихат сайлауында сайлаушыларға оңай болуы үшін бюллетеньдер түрлі-түсті болады:
Астана, облыс және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары үшін – көк түсті (жеребе қорытындысы бойынша партиялар үшін) және жасыл (бір мандатты округтер бойынша кандидаттар үшін);облыстық маңызы бар қалалар үшін - күлгін түсті;аудандар үшін – қызғылт сары түсті.
Бюллетеньдер қандай екенін мына сілтеме арқылы көруге болады.29 қарашадағы сайлауда кім дауыс бере алады?
Дауыс беруге 18 жасқа толған Қазақстан азаматтарының құқығы бар. Азамат 29 қарашада, яғни дауыс беру күні 18-ге толса да өз таңдауын жасай алады.
Басты шарт – азамат өз учаскесіндегі сайлаушылар тізімінде болуы тиіс.
Бұл ретте сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтар, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырғандар дауыс бере алмайды.
Дауыс беретін орынды қалай білуге болады?Қай жерде дауыс беретініңізді бірнеше жолмен білуге болады.
Әкімдіктердің сайттарында әдетте сайлау учаскесін тексеруге болатын арнайы бөлім бар. Ол үшін ЖСН немесе тұрғылықты мекенжайды енгізу қажет.
Электрондық үкімет порталы арқылы (eGov.kz) тексеруге болады. Онда сіздің сайлаушылар тізімінде бар немесе жоқ екеніңізді, қай учаскеге бекітілгеніңізді көруге болады.
Сондай-ақ жақын маңдағы сайлау учаскесіне хабарласуға немесе баруға болады, онда қызметкерлер деректеріңізді тексеріп, қай жерде дауыс бере алатыныңызды айтып береді.
Сайлау учаскесіне барғанда: қысқаша нұсқаулық
Дауыс беру процесі небәрі бірнеше минутты алады – іс-әрекет тәртібі:
Кіреберістегі немесе сайлаушылар тізімін ұстап отырған комиссия мүшелеріне барып, жеке куәлігіңізді немесе паспортыңызды көрсетіп, деректеріңіз дұрыс болса, тізімге қол қойыңыз.
Бюллетеньді алып, кабинаға кіріңіз және таңдаған нұсқаңыздың тұсына белгі қойыңыз. Оны қарындашпен толтыруға немесе түзетуге болмайды.
Бюллетеньді бүктеп, жәшікке салыңыз – осымен бітті.
Учаскеде сайлаушыларға не рұқсат, неге тыйым салынған: жиі қойылатын сұрақтарКабинаға екі адам болып кіруге бола ма? Болмайды – дауыс беру құпия түрде өтеді, сондықтан бір-бірден кіру керек. Тек бюллетеньді өз бетінше толтыра алмайтын адамдарға (мысалы, көру қабілеті нашар жандарға) ерекшелік жасалады. Мұндай жағдайда көмекші шақыруға болады, бірақ ол комиссия мүшесі немесе бақылаушы болмауы тиіс. Көмек қажет екені туралы кабинаға кірмес бұрын комиссияға алдын ала ескерту қажет.
Бюллетень суретін Instagram-ға жариялауға бола ма? Толтырылған бюллетеньді айналадағы адамдарға көрсетуге және әлеуметтік желіде жариялауға болмайды. Дауыс беру күні кез келген үгіт-насихатқа тыйым салынады, сондықтан өз таңдауыңызды көрсету заңбұзушылық деп есептелуі мүмкін – бұл үшін 130 мың теңгеге дейін әкімшілік айыппұл қарастырылған. Бюллетеньді бүктеп, жәшікке салу керек.
Сайлау нәтижесі қашан белгілі болады?
Дауыстарды санау сайлау учаскелері жабылғаннан кейін бірден, сағат 20:00-де басталады. Сайлау қорытындысы арнайы отырыста жарияланады.
Заң бойынша бұл дауыс беруден кейін жеті күннен кешіктірілмей жүзеге асуы тиіс, яғни 2026 жылғы 6 желтоқсанға дейін.
Мәслихаттардың мерзімінен бұрын өтетін сайлауы
Еске салайық, 24 қыркүйекте Халық кеңесінің алғашқы сессиясында Мемлекет басшысы мәслихаттар сайлауы мерзімінен бұрын өтетінін жариялады. 12 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойды.Қазақстанда бір депутаттық орынға қанша үміткер тіркелгенін мына жерден оқыңыз.