Тәуекел Мүсілім: Шоу-бизнеспен қоштасуға сәл қалған сәттер болды
Тәуекел Мүсілімнің келбеті келісті болғанымен, көпшілік өнерпаздың кемшілігін бетіне басуға құмар көрінеді. Бүгінде бір басына бірнеше мансапты тоғыстырған жігіттің, шоу-бизнес пен телевизия саласында қызмет еткенін қаламайтындардың қарасы жетерлік екен. Дәл осылай мұңын шаққан актер, NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында көңіліне тиген кереғар пікірлерді тізбектеп берді.
«Көптеген сындар айтылады. «Сен актер болмай-ақ қой, сен әртіс болмай-ақ қой. Сен жүргізуші бола алмайсың, жүргізе алмайсың, киноларда ойнай алмайсың» - деген сияқты сыни сөздер көп айтылады. Оның бәріне мен бере берсең, ол дұрыс емес деп ойлаймын. Жалпы жұмысымды жасап жатырмын, жобаларым бар. Ең бастысы сенің жасап жатқан еңбегің. Бәріне ұнау мүмкін емес!», - дейді Тәуекел Мүсілім.
Жоғарады айтылған жағымсыз пікірлер өткен шақтың еншісінде қалды! Кезінде көңіліне қаяу салған сындардан шаршаған сері жігіттің, шоу-бизнеспен қоштасуға сәл қалған сәттері де болыпты.
«Енді бастап келе жатқан кезде қиын болды. Негізі жағымсыз пікірлер көп айтылды. Шыны керек, кейде менің ойланып қалған сәттерім де болды. «Не үшін мен біреуді алдап жатырмын? Мен өнер адамы емеспін ғой» - деген сияқты. Дегенмен оның бәріне қарамай, еңбектеніп, жұмыс істеп келемін. Қазір Аллаға шүкір. Бастапқымен салыстырған кезде актерлық пен тележүргізушілік жағынан өзгерістер бар. Оны мен емес, осы салада жүрген адамдар кездескенде айтып отырады. Бүгінде актерлық пен тележүргізушілік жағынан сұраныстар бар. Жұмыс бар», - дейді актер.
Тәуекелге тележүргізушілік пен актерлық мансабынан табыс көп түседі екен. Кезінде әншілігін қолға алған өнер иесінің, вокалдық қабілеті кері әсерін тигізсе керек. Әзірге ән айту жоспарында жоқ.
«Негізі жаныма жақын актерлық пен тележүргізушілік. Әншілікті де жақсы көремін. Бірақ менің түсінгенім, әншілікке жастайынан барған дұрыс екен. Дауысты дамытып, техника керек. Соның бәрін меңгерсең, жақсы әнші болуға болады. Сондықтан әнді тастамаймын. Қазір вокалға барып жүрмін. Болашақта 5-10 жылдан кейін әндерімді жазамын. Бірақ қалың тыңдармандарға емес, өзімнің айналамдағы адамдарға. Қазір өзімнің ойым болып жүр. Бір акустиалық гитара сатып алып, хит әндерге кавер жасау жоспарымда бар», - дейді Тәуекел.
Source: Kaz.nur.kz