Астанадан кейін Алматыда да жол жүру ақысы көтеріле ме? Әкімдік жауабы
Астанада желтоқсанның ортасынан бастап автобустардағы жолақыны 110 теңгеден 150 теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Tengrinews.kz елордада тариф өсуіне байланысты Алматыда да қоғамдық көліктегі жолақы өзгеріп-өзгермейтінін анықтап көрді.
Алматыда жолақы көтеріле ме?
Алматы қалалық жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы Tengrinews.kz сауалына берген жауабында әзірге жолақыны көтеру жоспарланып отырмағанын мәлімдеді.
"Қазір жолақы тарифін көтеру мәселесі қаралып жатқан жоқ. Алматыда автобустар мен троллейбустарда, сондай-ақ, метрода бірыңғай тариф белгіленген", – деді басқарма өкілдері.
Қазір Алматыда қоғамдық көлікте бір рет жүру құны - 120 теңге. Бұл тариф автобустарда, троллейбустарда және метрода қолданылады.
Басқарма қолданыстағы жеңілдіктер сақталатынын да хабарлады.
Анықтама: Еске салайық, Алматыда қоғамдық көлікте 7 жасқа дейінгі балалар, 75 жастан асқан зейнеткерлер, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар, басқа да жеңілдік иелері тегін жүреді. 7-ден 15 жасқа дейінгі балаларға, студенттерге және жасына байланысты зейнеткерлерге 50 пайыз жеңілдік қарастырылған.
LRT-мен жол жүру құны қанша болады?
Редакция Алматыда болашақта іске қосылатын жеңіл рельсті көлікте жолаушылар қанша теңге төлейтінін де сұрады. Басқарма өкілдері LRT тарифі әлі анықталмағанын айтты.
Еске салайық, бұған дейін Tengrinews.kz Алматыдағы LRT құрылысы туралы жазған болатын.
Ұзындығы 18,3 шақырым болатын алғашқы желі Бауыржан Момышұлы және Төле би көшелеріне, содан кейін Абылай хан даңғылы мен "Алматы-2" вокзалына дейін тартылады.
Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Алайда билік өкілдері оның қозғалысы нақты қашан басталатынын айтқан жоқ.
Бұған дейін Алматыда жолақы қашан көтерілді?
Бұған дейін баға 2024 жылы тамызда өсті. Сол кезде автобус, троллейбус және метрода жол жүру құны 100 теңгеден 120 теңгеге дейін көтерілді.
Сонымен қатар, қала билігі қолма-қол ақшамен төлеуден толық бас тартты. Жолаушылар көлік картасымен, мобильді қосымшалар және SMS арқылы төлеу мүмкіндігіне ие болды.
Бағаны көтермес бұрын әкімдік тасымалдаушылардың шығыны өсіп жатқанын, ал қолданыстағы тариф автобустарға, жөндеу жұмыстарына және жүргізушілердің жалақысына жұмсалатын шығынды өтемейтінін мәлімдеген еді.
Сол кезде Мәслихат депутаттары да тарифті көтеруді қолдады. Билік бұл шешім қоғамдық көлікті субсидиялауға жұмсалатын бюджет шығынын азайтуға көмектеседі деп есептеді.
Неліктен Астанада тарифті 150 теңгеге дейін көтермек?
Бұған дейін Tengrinews.kz Астанада автобустардағы жолақы құнын 110 теңгеден 150 теңгеге дейін көтеру жоспарланып жатқанын хабарлаған болатын.
Бастапқыда жаңа тарифті 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап енгізу көзделген еді, бірақ кейінірек билік жоспарланған өзгерісті желтоқсанның ортасына ауыстырды.
Елорда әкімдігі бұл шешімді тасымалдаушылар шығыны артуына байланысты деп түсіндірді. Кейінгі жылдары жанармай, қосалқы бөлшектер құны және жүргізушілердің жалақысы өскен.
Биліктің мәліметінше, 2014 жылдан бері Астанада тариф тек бір рет қайта қаралған.