ШҚО-да балық аулау қайғылы жағдаймен аяқталды: Ертісте үш ер адам суға батып кетті
Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында Ертіс өзеніне үш балықшы батып кетті, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұл туралы сейсенбі, 24 қараша күні кешкісін облыстық ТЖД баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, қайғылы оқиға Зевакино ауылының маңында болған.
1984, 1960 және 1967 жылы туған ер адамдар өзен жайылмасындағы әлі қата қоймаған жұқа мұздың үстіне шығып, суға батып кеткен. Олардың үстінде құтқару кеудешелері болмаған.
Қаза тапқандардың мәйітін Төтенше жағдайлар департаментінің сүңгуірлері судан алып шықты.
Құтқарушылар қазақстандықтарға мұз үстіндегі қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертті. Алғашқы аяз түсісімен су айдындары жұқа мұзбен қаптала бастайды, ол бір қарағанда ғана мықты болып көрінуі мүмкін. Мұздың қалыңдығы біркелкі емес, әсіресе ағынды өзендерде қауіп жоғары. Мұз қату кезеңінде тіпті тәжірибелі балықшылардың өзі үйреншікті әдеті мен жолы болатынына сеніп, қауіп-қатерді ескере бермейді.
Тағы оқыңыз: Илон Маск ШҚО тауларында құтқарылған қазақстандықтар туралы айтты