Бірыңғай QR Қазақстаннан тыс жерлерде енгізілуі мүмкін: қай елде төлем жасауға болады?
Болашақта қазақстандықтар банк қосымшалары арқылы жергілікті сатушылардың QR-кодтарын сканерлеп, шетелдегі сауда ақысын төлей алады. Бұл мәселе бойынша қазір бірнеше елмен келіссөздер жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ұлттық банктің редакцияның ресми сауалына берген жауабында қазіргі уақытта бірқатар мемлекеттің төлем жүйелерімен интеграциялау мүмкіндігі пысықталып жатқаны айтылған.
"Бірқатар елмен, соның ішінде Қытай, Үндістан, Түркия және Орталық Азия елдерімен трансшекаралық төлемдердің өзара іс-қимыл тетіктері қарастырылып жатыр. Іске қосудың нақты мерзімдері инфрақұрылымның, банктердің дайындығына және халықаралық серіктестермен жасалған келісімдерге байланысты болады", - делінген реттеушінің жауабында.
Сондай-ақ Ұлттық банк Банкаралық мобильді төлем жүйесі (БМТЖ) аясында жаңа сервистер дайындалып жатқанын хабарлады. Олардың функционалдығы, техникалық талаптары мен тарифтері қазіргі уақытта банктермен талқыланып жатыр.
Бірыңғай QR қалай жұмыс істейді және қазақстандықтар қанша төлем жасап үлгерді?
Банкаралық мобильді төлем жүйесі Қазақстанда 2026 жылдың шілдесінде іске қосылды. Ол сатып алу ақысын әр түрлі банктердің қосымшалары арқылы бірыңғай QR-кодпен төлеуге мүмкіндік береді.
Ұлттық банктің мәліметінше, жүйе іске қосылғаннан бері жалпы соммасы 1,5 триллион теңге болатын 82 миллионнан аса операция жүргізілген. Сонымен қатар реттеуші оның қаншасы тікелей банкаралық QR-төлемдерге, ал қаншасы жүйенің басқа операцияларына тиесілі екенін нақтыламады.
БМТЖ операторы - Ұлттық банктің еншілес ұйымы саналатын Ұлттық төлем корпорациясы.
Реттеуші заңнамаға сәйкес жүйеге қатысушылар халыққа бөлшек төлем қызметтерін көрсететін банктер екенін түсіндірді. Қатысушылардың тізімі Ұлттық төлем корпорациясының сайтында жарияланған.
Төлем өтпей қалса немесе ақша есептен шығарылса не істеу керек?
Ұлттық банк жүйе тәулік бойы жұмыс істейтінін, ал төлемдер әдетте бірнеше секундта өтетінін хабарлады. Кешігулер, мысалы, алаяқтыққа қарсы қосымша тексеру немесе жіберуші немесе алушы банктегі техникалық ақаулар салдарынан болуы мүмкін.
Реттеушінің ақпараты бойынша, егер сатушының банкі ақшаның түскенін растамаса, сатып алушыға қате туралы хабарлама келеді, операция қабылданбайды, ал ақша есептен шығарылмайды.
Дегенмен, егер клиент қаражаттың дұрыс есептен шығарылмағанын анықтаса, ол төлем жасаған банктің қосымшасы арқылы банкке жүгінуі қажет.
"Төлем жасаушының банкі өтінішті қарауға және қажет болған жағдайда сатушының банкімен және жүйе операторымен өзара іс-қимыл жасауға міндетті", - деп түсіндірді Ұлттық банк.
Егер банктер арасында даулы жағдай туындаса, ол дауларды реттеудің арнайы процедурасы бойынша қаралады. Бұл процесс үшін Ұлттық төлем корпорациясы жауап береді.
Бірыңғай QR арқылы төлеген кезде ақшаны қайтару қалай жүзеге асады?
Бірыңғай QR арқылы төлеген кезде ақшаны қайтару бір банктің ішіндегі қарапайым QR-төлемді қайтару принципімен жүзеге асады.
Қайтаруды ресімдеу үшін сатып алушы сатушыға жүгіне алады. Операция тоқтатылғаннан кейін ақша сол сәтте қайтарылуы тиіс.
Бұдан бөлек, сатушы қайтаруды өз бетінше бастай алады. Мысалы, егер сатып алушы тұрмыстық техникаға тапсырыс беріп, бірақ қажетті тауар қоймада болмай шықса.
Бірыңғай QR үшін комиссияны кім төлейді және сатып алушыға кешбэк тиесілі ме?
Ұлттық банктің хабарлауынша, сатып алушылар үшін бірыңғай QR-код арқылы төлеу тегін.
Мұндай төлемдерді қабылдайтын кәсіпкерлер өздеріне қызмет көрсететін банкке комиссия төлейді. Реттеушінің жауабына сәйкес, бірыңғай QR арқылы банкаралық төлем үшін комиссия банк картасы бойынша ұқсас банкаралық операцияның құнынан аспауы керек.
Кешбэк пен бонустарға келетін болсақ, оларды есептеудің бірыңғай ережелері жоқ. Әрбір банк өз лоялдылық бағдарламасының шарттарын дербес айқындайды.
Осылайша, әр түрлі банктердің QR-кодтары арқылы төлеу кезінде бонустарды есептеу шарттары өзгеше болуы мүмкін.
Дүкен бірыңғай QR арқылы төлем қабылдауға міндетті ме?
Ұлттық банк заңнаманың тиісті талабы қолданылатын кәсіпкерлер Банкаралық мобильді төлем жүйесі арқылы төлемдерді қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті екенін түсіндірді. Егер сатушы мұндай төлемді қабылдаудан бас тартса, сатып алушы мемлекеттік кірістер органдарына шағымдана алады.
Сонымен қатар Ұлттық банк сауда нүктесінде бірнеше терминал болған жағдайда, сатып алушының нақты бір банктің терминалы арқылы төлем жүргізуді талап етуге құқығы бар-жоғын нақтыламады.
Бірыңғай QR жұмысының алғашқы айлары не көрсетті?
Ұлттық банктің ақпараты бойынша, жүйе іске қосылған сәттен бастап банкаралық аударымдар мен QR-төлемдерге қатысты реттеушіге де, Ұлттық төлем корпорациясына да шағым түспеген. Жүйедегі операциялардың сәттілік көрсеткіші, реттеушінің мәліметінше, 99,8 пайыздан асады.
Бұл ретте реттеушінің жауабында тікелей банктерге түсуі мүмкін өтініштер туралы мәліметтер келтірілмеген.
Бұған дейін бірыңғай QR-ды іске қосу кәсіпкерлер үшін комиссиялардың кесірінен сынға қалды. Комиссия 1,5 пайызға дейін жетуі мүмкін екенін айтып, оны 0,5 пайызға дейін шектеуді ұсынған петиция пайда болды.
Ұлттық банк сатып алушылардың бірыңғай QR-код арқылы төлеу кезінде комиссия төлемейтінін түсіндірді. Бұл ретте кәсіпкерлер үшін комиссия сақталады, бірақ ол банк картасымен жасалатын осындай төлем құнынан аспауы тиіс.
Талқылаулар аясында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов реттеуші комиссияларды кезең-кезеңімен төмендетуге қол жеткізуге ниетті екенін мәлімдеді. Дегенмен, ол реттеушінің коммерциялық банктердің тарифтерін тікелей белгілей алмайтынын атап өтті.