Қазақстанда кофе машинаға арналған капсулалар шығарыла бастады: елде тағы не өндіріледі?
Қазақстанда кофе машинаға арналған алюминий капсулалар өндірісі жолға қойылды. Оларды шығару жаңа өндірістік жобалардың іске қосылуы арқасында мүмкін болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы сейсенбіде өткен Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов айтты.
"Осы жобаларды іске асырудың арқасында елімізде бұрын өндірілмеген жаңа өнімдерді шығару жолға қойылды. Олардың қатарында натрий сульфаты, тамшылатып суару жүйелері, ламинат, кофе машинаға арналған алюминий капсулалар және басқа да өнім түрлері бар", - деп атап өтті ол.
Жалпы, машина жасау саласындағы өндіріс 22,8 пайызға, химия өнімдері - 23,4 пайызға, құрылыс материалдары - 5,9 пайызға, резеңке және пластмасса бұйымдары - 18,1 пайызға, жеңіл өнеркәсіп - 62,4 пайызға өсті.
Тоғыз айдың ішінде 106 жоба пайдалануға беріліп, сегіз мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды, деп толықтырды Қажкенов.
Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевті қазақстандық тауарларды шетелде белсендірек ілгерілетуге шақырды.
Тағы оқыңыз:“Кездейсоқтық па, әлде қара пиар ма?“ Сарапшы қазақстандық тауарларға қарсы әрекеттерді тексеруге шақырды