Астанада жолаушыға оғаш ұсыныс жасаған такси жүргізушісі қамауға алынды
Астанада жолаушыға тиісіп, интимдік сипаттағы ұсыныс жасаған такси жүргізушісіне қатысты сот шешімі шықты. Ер адам 10 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Tengri Life елордалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 11 қазанда таңғы сағат 7 шамасында болған. Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың мәліметінше, inDrive сервисі арқылы жұмыс істейтін такси жүргізушісі жолаушыға әдепсіз әрекеттер, оған интимдік сипаттағы ұсыныс жасаған.
Оған қатысты "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Сотта такси жүргізушісі кінәсін мойындады. Оның кінәсі жәбірленушінің түсініктемесімен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Шешім шығару кезінде сот ер адамның құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын және кінәсін мойындағанын ескерді. Ауырлататын мән-жай анықталған жоқ.
"Әкімшілік жаза тағайындау кезінде сот жасалған құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сондай-ақ құқыққа қайшы әрекеттің жолаушыға қатысты интимдік сипаттағы орынсыз әрі мазасыз ұсыныстар жасаудан көрініс тапқанын ескерді", - деп хабарлады сот.
Нәтижесінде ер адам 10 тәулікке қамауға алынды.
Не болды?
Бұған дейін Астанада такси жүргізушісі жол үстінде тиіскені туралы қыздың жазбасынан кейін ұсталғаны хабарланған болатын. Жолаушының айтуынша, ер адам бас тартқанына қарамастан, оған интимдік қатынас ұсынып, басқа жолмен алып кеткен. Полиция 42 жастағы ер адамға қатысты әкімшілік іс қозғалғанын хабарлады.
inDrive компаниясы оқиға туралы ақпарат пайда болған бойда тексеріс бастап, жүргізушінің аккаунтын бұғаттағанын хабарлады.