Қазақстанда “Яндекстің“ такси мен курьерлерге арналған сервистері істен шықты
"Яндекс Go" компаниясының баспасөз қызметі сервистер уақытша қолжетімсіз екенін растады.
"Қазір техникалық мамандарымыз сервистердің жұмысын қалпына келтірумен айналысып жатыр. Әзірге олардың нақты қашан іске қосылатынын айта алмаймыз. Дегенмен қызметтерді мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіру үшін бар күшімізді салып жатырмыз", – деп хабарлады компания.
"Бұл жағдай көп адамның күнделікті жоспарына әсер еткенін түсінеміз. Ал жүргізушілер мен курьерлер үшін әдеттегідей жұмыс істеуге мүмкіндік болмай отыр. Қолайсыздыққа тап болған барша қолданушыдан шын жүректен кешірім сұраймыз", – деп мәлімдеді "Яндекс Go" баспасөз қызметі.
Компания өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізетінін атап өтті.
"Қазақстандық қолданушылардың жеке деректері еліміздің аумағындағы серверлерде және Қазақстан заңнамасына сәйкес олардың тиісті деңгейде қорғалуын қамтамасыз ететін юрисдикцияда сақталады.
Сонымен қатар, цифрлық сервистердің жұмыс істеуі үшін әртүрлі елдерде орналасқан серверлерді біріктіретін есептеу инфрақұрылымы пайдаланылады. Яғни жүйенің жекелеген техникалық бөліктері басқа мемлекеттердегі серверлерде орналасуы мүмкін. Сондықтан олардың бірінде ақау пайда болса, бірнеше елдегі сервистердің жұмысына қатар әсер етуі ықтимал.
Сервистердің жұмысы қалпына келгені туралы қолданушыларға, жүргізушілер мен курьерлерге ресми арналарымыз арқылы хабарлап отырамыз", – делінген компания мәлімдемесінде.
Бұған дейін Ресейдегі "Яндекс" деректер орталығына жасалған кезекті шабуыл салдарынан елдің ірі қалаларында, соның ішінде Мәскеу мен Санкт-Петербургте тұрғындар такси шақыра алмай отырғаны хабарланған еді. Қосымшаның жұмысында Беларусь пен Арменияда да ақаулар байқалған.
Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, ұшқышсыз ұшу аппараттары Владимир қаласындағы, Рязань облысындағы және Калугадағы "Яндекс" деректер орталықтарының инфрақұрылымына шабуыл жасаған.