Доллар төмендеді, теңге нығайды: Ұлттық банк валюта нарығына қатысты мәлімдеме жасады
Қыркүйектің қорытындысы бойынша теңге бағамы бір долларға шаққанда 4,6 пайызға нығайып, 440,49 теңге болды. Бұл туралы Ұлттық банктің валюта нарығы туралы ақпараттық хабарламасында айтылған, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ұлттық банктің сайтына сілтеме жасап.
Бұл ретте реттеуші қыркүйекте валюталық интервенция жүргізген жоқ.
Ұлттық банктің мәліметінше, қысқа мерзімді келешекте теңге динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады.
"Ұлттық банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді", - делінген хабарламада.
Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 415 миллион доллардан 474 миллион долларға дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 10,4 миллиард доллар болды.
Қыркүйекте биржа нарығында Ұлттық қордан 200 миллион доллар көлемінде валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 1,9 пайызын немесе күніне шамамен 9,1 миллион долларға жетті.
"Қыркүйекте биржа нарығында Ұлттық қордан 200 млн АҚШ доллары көлемінде валюта сатылды. Оның үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 1,9 пайызын немесе күніне шамамен 9,5 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық Банк қыркүйекте Ұлттық қордан болжамды 200-300 млн АҚШ доллары көлемінде операцияларды теңестіруді жоспарлаған еді. Валюта нарығында ұсыныс көп болуына байланысты бұл операциялар кейінге қалдырылды. Оларды кейін іске асыру барысы нарықтағы ахуалға қарай шешіледі. Бұл ретте бағамның динамикасы іргелі факторларға сай қалыптасып, теңгенің күрт әрі алыпсатарлықпен келетін ауытқуына жол берілмейді", - деп хабарлады Ұлттық банк.
Анықтама: Бұл жағдайда теңестіру операциясы - Ұлттық банктің валюта нарығында қарама-қайшы (өтемдік) мәміле жасауы. Реттеуші активтермен ішкі операциялар жасап, экономикаға көп мөлшерде теңге "шығарғанда", ол биржаға "теңестіру" түрінде шығып, Ұлттық қордан дәл сондай сомаға валюта сатады. Бұл теңге артықшылығын жою, биржадағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімін сақтау және бағамның күрт құбылуын болдырмау үшін қажет.
Алтын сатып алу ісін теңестіру операциялары аясында қыркүйекте шамамен 374 миллиард теңге айналымнан алынды. 2026 жылғы IV тоқсанда алтын сатып алуды теңестіру операциялары аясында 907 миллиард теңгедей шетел валютасын сату көзделіп отыр.
Анықтама: Ұлттық банк жергілікті өндірушілерден алтын сатып алып, экономикаға көп көлемде теңге шығарады. Бұл ақша инфляцияны өршітпеуі үшін реттеуші айналымдағы артық теңгені алып қояды, содан кейін биржада соған тең соманы валютамен сатады (теңестіру). Бұл ретте Ұлттық қордан жоспарланған қосымша сатылымдар кейінге қалдырылды, себебі нарықта доллар онсыз да артығымен жеткілікті болды.
БЖЗҚ-ның инвестициялық басқарушысы ретінде Ұлттық банк зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін қыркүйекте биржадағы сауда-саттықта 986 миллион доллар немесе жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 9,4 пайызын сатып алды.
"Алдағы шешімдерді қабылдау кезінде де зейнетақы активтерін инвестициялық басқару аясында нарықтағы ахуал ескеріледі", - деп толықтырды реттеуші.
Бұған дейін сарапшылар доллардың арзандауынан қалай ұтылмау керек екенін түсіндірді.
Сонымен қатар Қазақстанда депозиттер бойынша мөлшерлемелер төмендеп жатыр: нарықта кірістілігі 20 пайыздан жоғары ұсыныстар қалған жоқ. Бұл ретте кейбір салымдар бойынша банктер әлі де жылдық 19 пайыздан астам мөлшерлеме ұсынады. Қазір ең жоғары мөлшерлемелер қайда екенін мына материалдан оқыңыз.