2026 жылғы қазанда қазақстандықтардың өмірінде не өзгереді?
Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін қабылдайды, мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады, ал онлайн-несие берудің жаңа шарттары пайда болады. Қазан айында қазақстандықтарды тағы не күтетіні туралы Tengrinews.kz материалынан оқыңыздар.
Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы
Қазан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау кезінде мәлімдеді.
"Қазан айында Конституцияның 46-бабына сәйкес Қазақстан халқына Жолдауымды жариялаймын, онда алдағы кезеңге арналған мақсаттар мен міндеттерді айқындаймын", – деді Президент.
Мемлекет басшысының сөз сөйлейтін нақты күні кейінірек жарияланады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша шешімін жариялайды
23 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін жариялайды. Қыркүйекте мөлшерлеме 16,75-тен 16,25 пайызға дейін төмендетілген болатын. Бұл маусым айынан бергі үшінші реттік төмендеу болды.
Ұлттық банктің шешімі несиелер мен депозиттердің құнына әсер етеді және айдың басты экономикалық оқиғаларының бірі болады.
Базалық мөлшерлеме – инфляциямен күресуге арналған Ұлттық банктің басты құралдарының бірі. Ол банктер, бизнес және халық үшін ақшаның қаншалықты қымбат болатынына әсер етеді.
Ұлттық банк. Фото © Tengrinews.kz
Қазан айында қазақстандықтарды ұзақ демалыс күтеді
Қазан айында қазақстандықтар қосымша бір күн демалады. Бұл жыл сайын 25 қазанда атап өтілетін Республика күні мерекесіне байланысты. Бұл — Қазақстандағы жалғыз ұлттық мереке. Ол 1990 жылы Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданған кезде пайда болды. 2022 жылдан бастап Республика күні қайтадан демалыс күні болып белгіленді.
2026 жылы мереке жексенбіге сәйкес келгендіктен, демалыс күні дүйсенбіге, 26 қазанға ауыстырылады.
Нәтижесінде бес күндік жұмыс аптасындағы қазақстандықтар 24-26 қазан аралығы демалады.
2026 жылғы қазан айының күнтізбесі. Фото: depositphotos.com. Иллюстрация: Tengrinews.kz / Жандарбек Манарбеков
2025 жылғы мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады
1 қазанда жеке тұлғалардың 2025 жылғы мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады. Салықты пәтер, үй, саяжай, гараж, тұрақ орны және басқа да жылжымайтын мүлік нысандарының, сондай-ақ жер учаскелерінің иелері төлеуі тиіс. Есептелген соманы, атап айтқанда, eSalyk Azamat қосымшасынан және банктердің мобильді қосымшаларынан тексеруге болады.
2 қазаннан бастап берешегі бар меншік иелеріне хабарламалар жіберіле бастайды. Егер қарыз 30 жұмыс күні ішінде өтелмесе, салық органдары салық бұйрығын шығарады.
Ол тағы бес жұмыс күні ішінде орындалмаған жағдайда, іс жеке сот орындаушыларына берілуі мүмкін. Толығырақ: салықты қашан және кім төлеуі керек.
Салық туралы хабарлама. Фото: depositphotos.com
Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеу ережелері өзгереді
1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеу ережелері өзгереді: төлемдердің максималды мерзімі 3 айға дейін қысқартылып, сомасы шектеледі. Өзгерістер жұмысынан айырылуына байланысты төлем алу құқығы аталған күннен бастап туындаған адамдарға қатысты болады.
Жаңа ережелер қандай болады - сілтеме бойынша оқыңыз.
Жәрдемақы. Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Мобильді аударымдар лимитін екі есеге арттыру жоспарланып отыр
Қазан айында бірыңғай QR деп те аталатын банкаралық мобильді төлем жүйесі арқылы жасалатын аударымдар ережесі өзгеруі мүмкін. Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, лимит бір транзакция үшін 1 миллионнан 2 миллион теңгеге дейін ұлғайтылуы мүмкін. Өзгерістер жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Бұл ретте банктер ішкі тәуекелдерді басқару жүйелерін ескере отырып, аударымдарға өз шектеулерін белгілей алады.
Мобильді аударымдар. Фото ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Қазақстандықтарға онлайн-несие берілмес бұрын сұрақтар қойылады
1 қазаннан бастап қазақстандықтар кейбір онлайн-несиелерді рәсімдеу алдында ақша алуды кім ұсынғаны және алаяқтардың арбауында емес пе екендігі туралы сұрақтарға жауап беруге тиіс. Жаңа талаптар банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін күшіне енеді. Олар интернет арқылы рәсімделетін және мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарыздар мен микрокредиттерге қатысты.
Шарт жасасу алдында банк немесе микроқаржы ұйымы клиентке сауалнама жүргізуі керек.
Онлайн-несиелер. Фото: depositphotos.com
Жұмыссыз мәртебесін алу мерзімі 13 күнге дейін ұзарады
1 қазаннан бастап жұмыссыз мәртебесі берілгенге дейінгі лайықты жұмыс іздеу кезеңі екі күннен 13 күнге дейін ұзарады. Осы уақыт ішінде мансап орталығының мамандары адамның тәжірибесін, білімі мен дағдыларын зерттеп, лайықты бос жұмыс орындарын таңдайды және қажет болған жағдайда жұмыс берушілермен байланысады.
Олардың қызметін пайдалану үшін алдымен жұмыс іздеуші ретінде тіркелу қажет. Бұны мансап орталығында, eGov арқылы немесе Enbek.kz электронды еңбек биржасында жасауға болады.
Ноутбукпен жұмыс істеп отырған қызметкерлер. Фото © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Банктер кейбір валюталық депозиттер бойынша мөлшерлемелерді көтере алады
1 қазаннан бастап Қазақстанда кейбір валюталық депозиттер бойынша шарттар өзгереді. Банктер шетел валютасындағы ұзақ мерзімді жинақ салымдары бойынша жоғары мөлшерлемелер белгілей алады. Толығырақ.
Валюталық депозиттер. Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Әлеуметтік көмек жаңа форматта беріле бастайды
1 қазаннан бастап қазақстандықтарды әлеуметтік төлемдер беру жүйесіндегі өзгерістер туралы кезең-кезеңімен хабардар ете бастайды. Халыққа хабарламалар SMS, eGov Mobile және банктердің мобильді қосымшалары арқылы жолданады.
Мемлекеттік әлеуметтік көмектің неғұрлым атаулы моделіне көшу жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде қолданыстағы төлемдердің 36 түрінің 14-і бойынша атаулы модельге көшу үшін нормативтік база қалыптастыру көзделіп отыр.
Әлеуметтік көмек. Сурет Midjourney көмегімен жасалған
Тағы оқыңыз: Қазақстандықтар 5 топқа бөлінеді: әл-ауқатты бағалауға арналған онлайн-калькулятор
Алматыда су тарифі өседі
1 қазаннан бастап Алматыда сумен жабдықтау және су бұру тарифтері өзгереді. Тұрғындар үшін бір текше метр суық судың құны ҚҚС-ты есепке алғанда 178,06 теңгені, ал су бұру — 119,46 теңгені құрайды. Бір текше метр судың құны су бұру қызметімен бірге шамамен 297,52 теңге болады. Қазір бұл тарифтер тиісінше 76,56 және 47,50 теңгеге тең.
Су есептегіш. Фото: depositphotos.com
Маңдайша жазулардың эскиздерін әкімдіктермен келісу қажет болады
1 қазаннан бастап маңдайшаларды орналастыру тәртібі өзгереді. Кәсіпкерлер үшін бұдан былай хабарлама жіберу жеткіліксіз: маңдайшаны орнатпас бұрын оның эскизін әкімдікпен келісу талап етіледі. Толығырақ біздің материалдан оқи аласыздар.
Маңдайшалар. Сурет жасанды интеллект көмегімен жасалған
Астана мен Алматыдағы кезекші ХҚКО және мамандандырылған ХҚКО жұмысындағы өзгерістер
1 қазаннан бастап Астанада кезекші ХҚКО-лардың мекенжайлары өзгереді.
Кезекші кесте бойынша Мәңгілік ел даңғылы, 30 мекенжайында орналасқан Есіл ауданының №1 ХҚКО-сы және Керей, Жәнібек хандар көшесі, 4 мекенжайындағы Нұра ауданының ХҚКО-сы жұмыс істейді.
Бұл ретте Ермек Серкебаев көшесі, 13 мекенжайындағы Сарыарқа ауданының №1 ХҚКО-сы және Иманов көшесі, 20 мекенжайындағы Байқоңыр ауданының ХҚКО-сы жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейінгі қалыпты жұмыс кестесіне көшеді, сенбі және жексенбі — демалыс.
Сонымен қатар, Алматыда қазан айынан бастап кезекші мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс кестесі өзгереді.
Олар Аққайнар көшесі, 1 және Ақсуат көшесі, 118 мекенжайларында орналасқан. Сенбі күндері құжаттар сағат 9:00-ден 12:00-ге дейін қабылданады, ал дайын құжаттарды сағат 13:00-ге дейін алуға болады.
Қаланың басқа мамандандырылған ХҚКО-лары жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Олар үшін сенбі демалыс күні болып қала береді.
ХҚКО. Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Алматылықтар көлікті айыппұл тұрағына эвакуациялағаны үшін ақы төлеуге мәжбүр болады
4 қазаннан бастап Алматыда автокөліктерді эвакуациялау және оларды коммуналдық арнайы тұрақтарда сақтау үшін ақы енгізіледі. Көлік иелеріне көліктерін 3 қазанды қоса алғанда алып кету.
Эвакуация құны көлік түріне қарамастан 3 АЕК (2026 жылы 12 975 теңге) болады. Сақтаудың бірінші тәулігі үшін 2,5 АЕК (10 812,5 теңге), ал одан кейінгі әрбір тәулік үшін тағы 5 АЕК (21 625 теңге) төлеу қажет.
Жаңа ережелер әкімшілік заңнаманы бұзғаны үшін ұсталған және арнайы тұрақтарға эвакуацияланған көліктерге қатысты.
Көлікті эвакуациялау құны. Фото: Almaty Parking.
Астана-1 вокзалын реконструкциядан кейін ашу жоспарланып отыр
Астана-1 теміржол вокзалын жаңғыртудан кейін қазан айының соңына дейін ашу жоспарланған. Бұл туралы көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов мәлімдеді. Жаңартудан кейін вокзал аумағы шамамен 7 мыңнан 8,5 мың шаршы метрге дейін ұлғаяды.
Астана-1 вокзалы. Иллюстрация: ҚТЖ
Қазақстанда жаңа Stadler вагондарын іске қосу жоспарланған
Қазанның аяғы - қарашаның басында Қазақстанда жаңа Stadler жолаушылар вагондарын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мұндай мерзімді көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов айтты. Қазіргі уақытта вагондар сынақтан және қосымша тексерулерден өтуде. Оларды пайдалануға беру туралы түпкілікті шешім сынақтар аяқталғаннан кейін қабылданады.
"Штадлер Қазақстан" компаниясының мәліметінше, қыркүйек айының соңына қарай "Жолаушылар тасымалы" АҚ теңгеріміне 75-тен астам вагон қабылданған. Қазір олар пайдалануға дайындалуда, ал жолсеріктер қосымша дайындықтан өтіп жатыр.
Stadler вагондары. Иллюстративті фото: "Штадлер Қазақстан" ЖШС баспасөз қызметі
Ұшақтарда Wi-Fi пайда болуы мүмкін
Қазан айында Қазақстанда интернетке қосылған алғашқы ұшақтар ұша бастауы мүмкін. Әуе кемелерін желіге қосу үшін Viasat және OneWeb шешімдері қарастырылып жатыр.
Ұшақтағы интернет. Фото: depositphotos.com
Ауруханалар мен емханаларда маска режимі енгізіледі
1 қазаннан бастап Қазақстанның денсаулық сақтау ұйымдарында медицина қызметкерлері үшін маска режимі енгізіледі. Бұл шара 2026–2027 жылдардағы эпидемиологиялық маусымға дайындыққа байланысты және тұмаудың, ЖРВИ мен COVID-19-дың алдын алуға бағытталған.
Маска режимі. Фото ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Қазақстандықтар Қытайға автокөлікпен уақытша кіре алмайды
1–3 қазан аралығында Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобиль өткізу пункттері жұмысын уақытша тоқтатады. Ол жерлерден бұл күндері адамдар, автокөліктер мен жүктер өткізілмейді. Шектеу Қытай Халық Республикасының құрылған күнін мерекелеуге байланысты. Бұл ретте теміржол өткізу пункттері штаттық режимде жұмысын жалғастырады.
Көлік кезегі. Фото: depositphotos.com
Қазан айында ауа райы қандай болады
"Қазгидромет" синоптиктері 2026 жылдың қазан айына арналған консультативтік ауа райы болжамын ұсынды. Жалпы, ай бойы Қазақстанның басым бөлігінде күн райы климаттық нормадан жылы болады деп күтіледі, алайда солтүстік және орталық өңірлердің тұрғындарын үсік пен температураның айтарлықтай ауытқуы күтіп тұр.
Метеорологтардың мәліметінше, қазан айында еліміздің басым бөлігінде орташа айлық температура нормадан 1–2 градусқа жоғары болады деп болжанады. Ауа райы туралы толығырақ — материалда.
2026 жылғы қазан айындағы орташа айлық ауа температурасының нормадан күтілетін ауытқулары / Қазгидромет деректері
Жіберіп алмаңыз: қазан айындағы басты астрономиялық оқиғалар
Қазан айы түнгі аспанды бақылауды ұнататындар үшін бірнеше қызықты оқиға дайындады. Ай ішінде қазақстандықтар Драконидтер мен Орионидтер метеорлық ағындарын, Сатурн мен Веста астероидының қарсы тұруын және басқа да құбылыстарды тамашалай алады. Қайда және қашан қарау керек?.
Метеорлық ағындар. Фото: depositphotos.com