Өткізіп алмаңыз: қазанның басты астрономиялық оқиғалары
Фесенков атындағы Астрофизика институтының маманы Светлана Мошкина қандай оқиғаларға назар аударған жөн және аспанды қашан бақылаған дұрыс екенін айтып берді.
Бір айда екі метеор ағыны
Қазандағы ең қызықты астрономиялық оқиғалардың бірі - Драконидтер мен Орионидтер метеор ағыны болмақ, олардың шарықтау шегі 8–9 және 21–22 қазанға сәйкес келеді.
Драконидтер - 8 және 9 қазан
Драконидтер метеор ағынының ең белсенді кезеңі 8-інен 9-ына қараған түні болжанады. Сарапшының айтуынша, оны 6 және 10 қазан аралығында бақылауға болады, бірақ ең жоғары белсенділік 8-інен 9-ына қараған түнге келеді.
"Метеор ағынының радианты Айдаһар шоқжұлдызында орналасқан. Әдетте сағатына бес метеорға дейін байқалады, алайда кейде белсенділік қысқа уақытқа күшеюі мүмкін. Ағын 21P/Джакобини - Циннер кометасымен байланысты (яғни метеор ағынының көзі осы кометаның ғарышта қалдырған бөлшектері - еск.)", - деді маман.
Ол биыл Драконидтерді бақылау үшін жағдай қолайлы болатынын атап өтті: Айдың жарығы кедергі келтірмейді.
"Бақылау уақыты - 8 қазан кешкі уақыттан 9 қазан таң атқанға дейін. Драконидтер метеоры төмен жылдамдығымен және ұзаққа созылатын жарқыраған іздерімен танымал", - деп толықтырды Светлана Мошкина.
Орионидтер - 21 және 22 қазан
Орионидтер метеор ағынының шарықтау шегі 21-інен 22-сіне қараған түні болжанады. Оның белсенділік кезеңі 2 қазаннан 7 қарашаға дейін созылады.
"Радиант Орион шоқжұлдызында орналасқан, белсенділігі - сағатына 20 метеорға дейін. Бақылау кезеңі - 2 қазаннан 7 қарашаға дейін. Метеор нөсері 1Р/Галлей кометасымен байланысты", - деп атап өтті Светлана Мошкина.
Instagram-дағы бұл жазбаны көру
A post shared by Vaishnav K V (@vaishnav_k_v)
Маманның айтуынша, толып келе жатқан Ай ағынның белсенді кезеңінде бақылауға сәл кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан Орионидтерді бақылау үшін таң алдындағы уақытты таңдаған дұрыс.
"Метеор ағынының белсенділігі бірнеше түнге созылады, ал кейбір жылдары белсенділік бірнеше рет күрт артқаны байқалған", - деп бөлісті ол.
Қазандағы басқа да астрономиялық оқиғалар
Метеор ағынынан бөлек, қазанда Қазақстан тұрғындары Айдың планеталармен бірнеше рет жақындасуын, Сатурн мен Веста астероидының қарсы тұруын, сондай-ақ Айдың түрлі фазасын тамашалай алады.
1 қазан - Ай Уранның жанынан өтеді;
3 қазан - Айдың соңғы ширегі, Астана уақытымен 18:25;
4 қазан - Сатурнның қарсы тұруы: ең аз қашықтық 8,43 а.б., көрінетін диаметрі 19,7 бұрыштық секунд, жарықтығы 0,3 жұлдыздық шама, Кит шоқжұлдызы.Яғни, қарсы тұру кезеңінде Сатурн түнгі аспанда анық көрінеді. Планета Кит шоқжұлдызында орналасады, оның жарықтығы 0,3 жұлдыздық шама, ал көрінетін диаметрі 19,7 бұрыштық секунд болады;
5 қазан - Ай Марстың қасынан 1 градус қашықтықта өтеді; Айдың Марсты жабуы Чукоткада байқалады;
Ескерту: Яғни, маманның деректері бойынша, Ай Марстан шамамен 1 градус қашықтықта өтеді. Бұл ретте Айдың Марсты жабуын - Ай планетаны бақылаушыдан уақытша тасалаған сәтін Чукоткадан көруге болады.
6 қазан - Ай Юпитерге өте жақын келеді; Африканың, Солтүстік және Оңтүстік Американың кейбір аймақтарында Айдың Юпитерді жабуы байқалады;
10 қазан - жаңа ай, Астана уақытымен 20:50;
12 қазан - Меркурийдің кешкі максималды элонгациясы, 25 градус; Ай Меркурий мен Шолпанның жанынан өтеді. Қарапайым тілмен айтқанда, Меркурий Күннен кешкі ең жоғарғы қашықтыққа - 25 градусқа ұзайды. Бұл уақытта Ай Меркурий мен Шолпанға жақын жерден өтеді;
13 қазан - Веста астероидының қарсы тұруы, оның жарықтығы 6,3 жұлдыздық шамаға жетеді, астероид Кит шоқжұлдызында болады;
18 қазан - Айдың бірінші ширегі, Астана уақытымен 21:12;
23 қазан - Ай Нептунның қасынан өтеді;
24 қазан - Ай Сатурнға жақын маңнан өтеді;
26 қазан - Ай толады, Астана уақытымен 09:11;
28 қазан - Ай Уранның жанында болады.
Сонымен қатар қазан 4-10 қазан аралығында өтетін Дүниежүзілік ғарыш апталығымен ерекшеленеді.
АФИФ мәліметінше, бұл мерекені БҰҰ Бас Ассамблеясы 1999 жылы ғарыш ғылымдарының адамзатқа тигізер пайдасын еске салу үшін белгілеген. Күндер кездейсоқ таңдалмаған: 1957 жылғы 4 қазанда КСРО Жердің алғашқы жасанды серігін ұшырды, ал 1967 жылғы 10 қазанда Ғарыш кеңістігін зерттеу қағидаттары туралы халықаралық шарт күшіне енді.
Жұлдыз ағынын қалай көруге болады: астрофотограф кеңесі
Бағлан есімді алматылық фотограф тамыздағы Персеидтер ағынын түсіріп үлгерген. Сол кезде ол метеорларды бақылауға дайындық және сәтті кадрлар жасау туралы айтып берген болатын.
Оның айтуынша, бұл үшін телескоп немесе арнайы жабдық қажет емес. Ең бастысы - қаладан алыс, жасанды жарық аз түсетін жерді таңдау керек.
"Аспанға бес минут қарап, қайтып кетпеу керек. Метеорлар болжап білуге келмейді, сондықтан камераға бірнеше сағат жұмыс істеуге мүмкіндік берген дұрыс. Кадр неғұрлым көп болса, шын мәнінде әдемі ағынды түсіріп алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады", - деп атап өтті астрофотограф.
Егер суретке түсіргіңіз келсе, Бағлан кең бұрышты объективі бар камераны алып, оны тұрақты штативке орнатуды ұсынды. Оның айтуынша, түсірілім алдында фокусты жұлдыздарға бағыттап, камераны бірнеше сағатқа қалдыру керек болған.
Ол түнгі бақылау кезінде жылы киім, жамылғы, шай және жеңіл тамақ алып алуға кеңес берді.
Ал метеорлар ағыны кезінде Асы үстірті сияқты танымал орындардан аулақ болуды ұсынды: ол жерге адамдар мен көліктер көп барады, ал көлік шамдары, қолшам мен от қосымша жарық беріп, жұлдыздар мен метеорларды бақылауға кедергі келтіреді.
Сонымен қатар Бағлан ауа райын ескеруді және гидтердің, әсіресе ауа райы тез өзгеретін таулы жерлерде, "жұлдыз ағынына кепілдік берілетіні" туралы уәдесіне сенбеуді ескертті.
Тағы оқыңыз: “Шығу тегі әлі күнге дейін жұмбақ“. Қазақстандықтар қыркүйекте сирек жұлдыз жаууын тамашалай алады