Қазақстанда депозиттер бойынша ең жоғары мөлшерлеме қайда?
Қазақстанда депозиттер мөлшерлемесі төмендеп жатыр: нарықта кірістілігі 20 пайыздан жоғары ұсыныс қалмады. Бұл ретте кейбір салымдар бойынша банктер әлі де жылдық 19 пайыздан аса сыйақы ұсынып отыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына (ҚДКБҚ) сілтеме жасап.
ҚДКБҚ 2026 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша мөлшерлемелер мониторингін жариялады.
Қазір қай депозит ең тиімді?
Қазір депозит нарығындағы ең жоғары мөлшерлеме жылдық 19,6 пайыз болып отыр. Мұндай кірістілікті банктердің бірі мерзімі үш айға арналған, толықтыру құқығы бар жинақ депозиті бойынша ұсынады.
Тағы бірнеше банк мұндай салымдар бойынша 19 пайыздан жоғары мөлшерлеме ұсынады.
Салыстыру үшін: толықтыру құқығы жоқ жинақ депозиттері бойынша ең жоғары мөлшерлеме 19,51 пайыз. Тамызда банктердің бірі мұндай салым бойынша 20,5 пайыз ұсынған болатын, алайда қыркүйекте мөлшерлемені шамамен бір пайыздық пунктке төмендетті.
Осылайша, нарықта алғаш рет ең жоғары кірістілікті толықтыру мүмкіндігі жоқ жинақ депозиті емес, толықтыруға болатын салым ұсынып отыр.
Банктер қандай мөлшерлеме ұсынады?
ҚДКБҚ мәліметтері бойынша, қыркүйектегі ең жоғары мөлшерлемелер:
толықтырылатын жинақ депозиттері — 19,6 пайыз;
толықтырылмайтын жинақ депозиттері — 19,51 пайыз;
толықтырылатын мерзімді салымдар — 19 пайыз;
толықтырылмайтын мерзімді салымдар — 18,01 пайыз;
мерзімсіз салымдар — 16,08 пайыз;
өзгермелі мөлшерлемесі бар депозиттер — 16,01 пайыз.
Банктер ең жоғары мөлшерлемелерді негізінен ақшаны қысқа мерзімге - үш-алты айға салғанда ұсынады.
Бұл ретте ҚДКБҚ мониторингте банктердің атауын көрсетпейді, өйткені жарияланым нақты банктік өнімдерді жарнамалау емес.
Мөлшерлемелер неге төмендеп жатыр?
Қыркүйекте депозиттердің кірістілігі біртіндеп төмендеуін жалғастырды. 4 қыркүйекте Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75 пайыздан 16,25 пайызға дейін төмендетті. Бұл базалық мөлшерлеменің маусымнан бері қатарынан үшінші рет төмендеуі болды.
Осы жағдайдан кейін банктер депозит шарттарын түзете бастады. Атап айтқанда, алты банк мөлшерлемелерін өзгертті, олардың көпшілігі салымдардың бірнеше түрі бойынша кірістілікті қайта қарады.
Төмендегеніне қарамастан, жинақ салымдары ең тиімді болып отыр. Алайда олардың айтарлықтай шектеулері бар: мұндай салымнан ақшаны мерзімінен бұрын ішінара алуға болмайды. Ол үшін сыйақыны жоғалтып, депозитті толық жабу қажет, ал ақша 30 күннен кейін беріледі.
Сондай-ақ ҚДКБҚ салымды таңдау кезінде пайыздық мөлшерлемені ғана емес, ақшаны толықтыру мен алу шарттарын, банктің қаржылық тұрақтылығын және кепілдік мөлшерін ескеру қажет екенін еске салады.
Теңгедегі жинақ салымдары бойынша мемлекеттік кепілдік 20 миллионға дейін, теңгедегі басқа депозиттер, шоттар мен карталар бойынша - 10 миллионға дейін, валюта бойынша - 5 миллионға дейін.
Бұған дейін ҚДКБҚ 1 қазаннан бастап Қазақстанда кейбір валюталық депозиттер бойынша шарттар өзгеретінін хабарлаған болатын. Банктер шетел валютасындағы ұзақ мерзімді жинақ салымдары бойынша жоғары мөлшерлемелер ұсына алады.
Тағы оқыңыз: Валюталық депозиттер бойынша мөлшерлемелер өседі: Қазақстандағы салымшыларды не күтеді?