Қазақстанда полиция тыныштық пен қоғамдық тәртіпті бұзғандарға бақылауды күшейтті
Қазақстанда полиция азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін құқықбұзушылықтарға ерекше назар аудара бастады. Атап айтқанда, түнде шулау, бұзақылық жасау, аулалар мен өзге де қоғамдық орындарда пиротехникалық бұйымдарды пайдалану секілді әрекеттер қатаң бақылауға алынған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тұрғын үй алаптарында, көпқабатты үйлердің аулаларында, кафе, мейрамхана және ойын-сауық орындарының маңында патруль күшейтілген. Құқықбұзушылықтарды анықтау үшін бейнебақылау камералары кеңінен қолданылып жатыр. Жаппай бейнебақылау жүйесі аясында олар жедел басқару орталықтарына қосылады.
"Қауіпсіз үй" жобасы бойынша учаскелік инспекторларға аулалардағы бейнекамераларға қолжетімділік те берілген.
Жыл басынан бері полиция тыныштықты бұзудың 79 мың дерегін анықтап, жолын кесті. Бұл Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 437-бабына жатады. Көрсеткіш былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 13 пайызға көп.
Ал елді мекендерде пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға қатысты 269 құқықбұзушылық тіркелген. Бұл ӘҚБтК-нің 436-бабына сәйкес қаралады және былтырғы көрсеткіштен үш еседен астам көп.
Егер тыныштықты бұзу бұзақылық әрекеттермен қатар жүрсе, кінәлілер ұсақ бұзақылық жасағаны үшін де жауапқа тартылады. Бұл ӘҚБтК-нің 434-бабында көзделген.
Кәсіпкерлермен де жеке жұмыс жүргізіліп жатыр. Тыныштықты бұзу деректері бойынша учаскелік инспекторлар мұндай құқықбұзушылықтарға себеп болатын жағдайларды жою үшін кәсіпкерлік нысандарына 8 мыңнан астам ұсыныс енгізген.
Полиция жұмысы тек құқықбұзушылықтың жолын кесумен шектелмейді, оның алдын алуға да басымдық берілген. 6 мыңнан астам учаскелік инспектор шағынаудандар мен тұрғын үй кешендері тұрғындарының чаттарына қосылған.
Бұл тұрғындардың шағымдары мен өтініштерін жедел көріп, құқықбұзушылықтарға дер кезінде әрекет етуге және заң талаптарын түсіндіруге мүмкіндік береді.
Ішкі істер министрлігі "қоғамдық тәртіпті бұзудың бірде-бір дерегі назардан тыс қалмауға тиіс" екенін атап өтті.