Сауд Арабиясы мен хуситтер соққы алмасты: йемендіктер қайықпен қашып жатыр
Бейсенбі күні Сауд Арабиясы мен Иран қолдайтын Йемендегі хуситтер шекара арқылы өзара жаңа соққылар жасады, ал йемендіктер соғыс қимылдарынан Қызыл теңіз арқылы қайықпен қашып жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Хуситтер бақылауындағы телеарна Қызыл теңіз жағалауындағы Хаджа провинциясы мен оңтүстіктегі Таиз қаласының маңына Сауд Арабиясы әуеден соққы жасағанын хабарлады. Сауд Арабиясының азаматтық қорғаныс қызметі батыстағы Таиф қаласының аспанында атып түсірілген дрон сынықтарынан Йемен азаматының қаза тапқанын растады. Бұл - өткен аптада ұрыс қимылдары өршігеннен кейін жиілеген хуситтер шабуылы салдарынан Эр-Рияд мәлімдеген алғашқы өлім жағдайы. Бұған дейін 80-нен астам адам жараланғаны айтылған болатын.
Иранның мемлекеттік телеарнасы Ислам революциясы күзетшілер корпусының (ИРКК) Әскери-теңіз күштеріне сілтеме жасап, Ормуз бұғазы арқылы "заңсыз өтпек болған" кездегі соқтығысудан кейін Того туы астындағы танкердің өртенгенін хабарлады. ИРКК мәліметінше, кеме тоқтатылған.
Йемен мен Сауд Арабиясындағы соғыс ауқымының кеңеюі мұнай жеткізуге қатысты қауіпті күшейтті. Қызыл теңіз бағытына қауіп төніп тұрса, Ормуз бұғазы арқылы қозғалыс әлі де шектеулі. Бейсенбі күні әлемдік мұнай бағасы аздап төмендегенімен, барреліне 100 доллардан жоғары деңгейді сақтап қалды (бұл мамыр айынан бергі ең жоғары көрсеткіш); АҚШ-та дизель отынының орташа бөлшек сауда бағасы галлонына 6,4 долларға жуықтады.
Бейсенбіде Трамп Иранға жаппай соққы жасауды қайта бастау мәселесі бойынша шешуші кезеңге жақындағанын мәлімдеді.
"Маған маңызды шешім қабылдау керек. Олардың көзін жойғым келе ме, жоқ па? Бұл өте маңызды шешім. Менімен кез келген жағдай болуы мүмкін", - деді Трамп Axios басылымына берген сұхбатында.
Бұған дейін Трамп бірнеше рет ірі шабуылдармен сес көрсеткенімен, олар жүзеге асқан жоқ. Маусымдағы аралық келісім бұзылғаннан кейін АҚШ пен Иран соғысты тоқтату туралы келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ, алайда АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, бұл мәселе келесі аптада БҰҰ Бас Ассамблеясында көтеріледі.
Соғыс қимылдары Йеменнің бейбіт тұрғындарын Баб-эль-Мандеб - "Көз жасы қақпасы" арқылы қашуға мәжбүр еткен. Халықаралық көші-қон ұйымы ел ішінде мәжбүрлі түрде қоныс аударғандар саны 100 000-нан асқанын хабарлады.
Бұған дейін БАҚ Сауд Арабиясының өтінішінен кейін Қытайдың Ираннан хуситтерді тізгіндеуді сұрағанын хабарлаған болатын.