“Оны ғарыштан келгендей көретінмін“. Ауылдағы 15 жастағы оқушы жаңалықтарымен Қазнетті таңғалдырды
Қазнетті оның кадрдағы шеберлігі тәнті етті - нағыз тілші дерсің: дикторлық интонациясы мінсіз (мұндай дауыспен дәл қазір телеарнаға жұмысқа орналасуға болады), әзілі орынды, сөздік қоры бай және өзіне өте сенімді.
Tengrinews.kz редакциясы трендке айналған репортаж авторымен байланысып, оның жаңалықтар стилін қайдан үйренгенін, камераға деген махаббатының сырын және отбасының оның аяқ астынан келген танымалдылығына қалай қарайтынын білді.
15 жастағы "диктордың" есімі - Әмір Ғафурбаев. Оның айтуынша, ол танымал болуды мүлдем жоспарламаған, роликті жай ғана әзіл үшін түсірген. Ал анасы болса...
Десе де, бәрін рет-ретімен баяндайық.
Әлеуметтік желіні "жарған" видео
Әмір Ғафурбаев отбасымен Жетісу облысы, Панфилов ауданының Көктал ауылында тұрады - бұл Жаркент қаласына жақын жерде.
Ол үйдің жалғыз ұлы, одан бөлек үш қыз бар. Оның анасы Махирам бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді, ал әкесі - алыс қашықтыққа жүретін жүргізуші.
Әмір Ғафурбаевтың отбасы. Жеке архивтен алынған сурет
Жалпы алғанда, қарапайым отбасы. Бір күні олардың отбасы мен Әмірдің өзі танымал болып оянды - журналистік штампқа айналған бұл тіркес осы жағдайға өте дәл келеді.
Олардың кең тараған видеосы кездейсоқ түсірілген. Отбасы үйінде жөндеу жұмыстарын бастап, анасы Әмірден процесті телефонға түсіруді өтінеді. Ешқандай үлкен жоспар болмаған - тек естелік үшін сақтап, ең құрығанда кадрларға көңілді әуен қойғысы келген.
Әмір телефонды қолына алып, түсірілімді бастайды, бірақ жай ғана емес. Ол қарапайым жөндеу жұмысын тілші оқиға орнынан тікелей эфир жүргізіп жатқандай баяндап, жаңалықтар стилін мінсіз салып, телевизия саласына тән сөз орамдарын орынды қолданады.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
AmirLive???? (@amirgafurbayev) жарияланымы
Видеоның шынайы әрі күлкілі шыққаны соншалық, анасы өзінің айтуынша, күлкісін тыя алмаған.
"Шынымды айтсам, мен репортаж түсіргім келгенімен, оны тек отбасым үшін жасадым, - деп еске алады Әмір. - Оны отбасылық ортадан тыс еш жерге жариялайын деген ойым болған жоқ. Жұрттың сөзінен және ұятқа қалудан қорықтым. Сондықтан анам видеоны менің рұқсатымсыз жүктеді, видеоның астындағы түсініксіз сипаттама да содан. Бірақ мен ренжімеймін, тіпті анамның бұл әрекетіне ризамын".
Иә, Махирам видеоны Instagram-ға ұлына айтпай жариялаған және оның қарсы болатынын сезіп, астына: "Кешір мені, Әмір, бұл видеоны салмай тұра алмадым", - деп жазып қойған.
Келесі күні таңертең Әмір телефонға толассыз келген хабарламалардан оянды. Хабарламалар бірінен соң бірі келіп жатты. Сол кезде ғана анасы оған видео туралы және оның мыңдаған қаралым жинағаны туралы айтып берген.
Жасөспірім таныстары тарапынан бірнеше реакция болар деп күткенімен, видеоның бұлайша "жаратынын" ойламаған. Қазір Әмір өзін жергілікті жұлдыз сезінетінін айтып әзілдейді.
"Оны ғарыштан келгендей көретінмін"
Қазір ол камера алдында еркін сөйлеп, әзілдеп, импровизация жасап, көрерменнің назарын сенімді ұстайды. Бірақ Әмір кішкентай кезінде біреу Махирамға осындай күн туатынын айтса, ол ешқашан сенбес еді.
Мәселе оның өте жуас бала болып өскенінде және үнемі өз әлемінде жүргендей көрінетінінде еді, деп еске алады Махирам. Ол шамамен екі жас екі айлығында жүре бастаған, ал сөйлеуді тек үш жасқа таман бастаған.
Ата-анасы бұған қатты алаңдаған. Олар ұлының құрдастарынан неге кеш дамып жатқанын түсіну үшін мамандарға жүгінген.
"Ол басқа планетадан, ғарыштан келгендей болатын. Оның кеш жүріп, кеш сөйлегеніне қатты уайымдадық. Дәрігерлердің бәрін аралап шыққанша зәрем ұшты. Мамандарға қаралдық, бірақ олар баланың дені сау екенін, тек темпераменті сондай екенін айтты", - деп бөлісті Махирам.
Бастауыш сыныпта оқу да Әмірге оңай соқпаған. Анасына онымен көп айналысуға, түсіндіруге және көмектесуге тура келген.
"Әмірмен қиындықтар болды, өйткені ол ер бала. Қыздар тіл алғыш келеді, ал Әмір құрдастарына қарап, аздап бұзықтау болды".
Кейіннен момын бала өзгерді - көп сөйлей бастады, әзіл айтып, мектеп іс-шараларына қатысып, жиі назарға ілікті.
Ал қазір, дейді анасы, оны тоқтатудың өзі қиын. Әкесі Әмірдің тым көп сөйлейтінін айтып қалжыңдайды. Бірақ бұл қасиет оның мықты тұсына айналды.
Мультфильм орнына жаңалықтар
Әмірдің тележүргізушілер мен журналистердің стилін соншалықты дәл келтіру қабілеті қайдан пайда болды?
Жалпы, отбасында балалардың не көретініне мән беріп, олардың бүкіл бос уақытын телефон мен ойынға жұмсауына жол бермеуге тырысқан.
Әмірге деректі фильмдер, танымдық бағдарламалар мен жануарлар, табиғат, теңіздер мен мұхиттар, ғарыш және динозаврлар туралы хабарлар ұсынылатын.
"Ол әсіресе жануарлар туралы бағдарламаларды тамашалағанды және динозаврлар әлемін зерттегенді жақсы көрді. Үйде біртіндеп энциклопедиялар пайда болды. Басында Әмір жай ғана суреттерді қарап жүрсе, кейінірек өзін қызықтырған нәрселерді оқып, өз бетінше зерттей бастады", - дейді анасы.
Бірақ оның әуестігі ішінде жаңалықтардың орны бөлек еді. Әмір жүргізушілерді бақылап, олардың интонацияларын жаттап алатын, соны қайталауға тырысып, өзін жүргізуші ретінде елестететін. Кейде бұл үй ішіндегі қойылымға айналатын.
Бірде, дейді Мәхирам, ол ойыншық сақтауға арналған үлкен картон қораптың ішіне кіріп алып, оны тесіп, ішіне фонарь қойып, сол жерден "жаңалықтар" таратып, "хабар берген".
Әмір Гафурбаев. Сурет баланың отбасынан алынды
Қолдан жасалған "теледидардан" мектеп сахнасына дейін
Мәхирам Әмірдің ерте балалық шағынан тағы бір сәтті есіне алды. Бірде үйде интернет пен жарық болмай қалып, отбасы ойын ойнап көңіл көтеруді ұйғарады. Әмір бір қорқынышты кейіпкердің бейнесіне енгені соншалық - жанары, қимыл-қозғалысы мен мінез-құлқы өзгеріп кетіп, тіпті өз анасын да таңғалдырады.
"Оның актерлік қабілеті ерте жастан байқалды. Бұл еркелік түрінде, әсіресе отбасылық той-томалақтарда көрініс табатын, - дейді Мәхирам. - Оның ерекшеленіп тұратынын байқайтынмын: сахнаны жақсы көреді, сахнада өзін судағы балықтай сезінеді. Сол кезде мен: бәлкім, оны театрға беру керек шығар? - деп ойладым".
Уақыт өте келе Әмір тек үйде ғана емес, мектептегі КТК-ға қатысып, іс-шараларда өнер көрсете бастады. Анасының айтуынша, ол әрқашан істеп жатқан ісіне толық берілуге тырысатын.
Әрине, оның тележүргізуші бейнесі - күнделікті жүріс-тұрысы мен сөйлеу мәнері емес. Жасөспірімнің өзі түсірілім кезінде көбіне рөл ойнайтынын мойындайды:
"Әрине, бұл менің күнделікті сөйлеу мәнерім емес, бұл - актерлік ойын".
Отбасылық "редакция"
"Отбасы басшысы қабырғалардың түсін өзгерту туралы біржақты әрі тағдыршешті шешім қабылдады" деген алғашқы ролик Қазнетті дүр сілкіндіргеннен кейін, Махирам Әмірге мұндай видеоларды көбірек түсіруді ұсынған.
Осылайша олар шағын отбасылық "редакция" құрды: Әмір идея ойлап тауып, жүргізеді, анасы қажет болған жағдайда сценарийге көмектеседі, ал 17 жастағы әпкесі видеоға түсіреді.
Сурет Әмір Гафурбаевтың отбасынан алынды
Бұл ретте сценарий әрдайым алдын ала жазыла бермейді. Идеялардың басым бөлігі Әмірдің өзіне тиесілі, ал көп нәрсені ол тікелей түсірілім кезінде ойлап табады.
Ата-анасы бұл әуестігін қолдап, қызықты бірдеңе байқаса, оған "жаңалықтары" үшін тақырыптар тауып беріп отырады.
Әмір жүргізушілер немесе дикторлар даярлайтын ешқандай арнайы курстарға бармаған. Әзірге оның "мектебі" - нағыз тележаңалықтар, деректі фильмдер және камера алдындағы өз эксперименттері.
Нәтижесінде әртүрлі, бірақ өте қызықты роликтер шығады - бірінде микрофонның рөлін еден жуғыш атқарса, екіншісінде - банк жабатын құрылғы.
Видеодан алынған кадр
Айтпақшы, Әмірге блогер ретінде ынтымақтастық орнату туралы алғашқы ұсыныстар да түсе бастаған. Рас, ол әзірге контенттен толыққанды табыс тауып жатқан жоқ - негізінен бартер негізде.
Әмірдің өзі де қазір ол үшін табыс емес, өзін әртүрлі форматтарда сынап көру және камерамен бұдан да жақсы жұмыс істеуді үйрену мүмкіндігі маңызды екенін айтады.
Әмірді телевизия саласындағы кімдер шабыттандырады
Нағыз журналистер мен тележүргізушілердің арасынан ол әсіресе Асаубек Айымбетов пен Рашит Ильясовты ерекше атап өтеді.
Анықтама: Асаубек Айымбетов - қазақстандық тележурналист және "Еуразия" бірінші арнасының жүргізушісі. 1991 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген, телевизиядағы жұмысын жасөспірім кезінде "РИКА ТВ"-дан бастаған, кейін радиода және басқа да медиажобаларда қызмет етті. 2015 жылдан бастап "Еуразия" арнасында, қазір "Басты жаңалықтар" және "Асау жаңалықтар" бағдарламаларын жүргізеді.
Анықтама: Рашит Ильясов - қазақстандық журналист, блогер және медиа-кәсіпкер. "Алматы" және КТК телеарналарында тілші және жүргізуші болып жұмыс істеген, кейін Tengrinews.kz-те, атап айтқанда, TikTok бағытын дамытумен айналысқан.
Анасының пікірінше, тележаңалықтар оған қатты әсер еткен. Әмір де мұның шындық екенін растайды.
Оның тағы бір шабыт көзі - юморлық видеолар: ол "ПТК" және "Россия 23" (ойдан шығарылған ТВ-студия) арналарын көреді.
Әмірдің танымалдылығы мектепте де байқаусыз қалмады. Махирамның айтуынша, мектеп басшылығы жасөспірімнің әуестігіне оң көзбен қараған - директор баланың қолын алып, сәттілік тілеген.
Видеодан алынған кадр
Әмір мектептегі іс-шараларға қатысуын жалғастырып келеді және бұл оған қатты ұнайды - ол әрдайым барын салуға тырысатынын айтады. Бұдан бөлек, ол математиканы жақсы көреді, техникаға қызығады. Әр жылдары ағылшын және қазақ тілдерін үйреніп, жүзуге қатысқан, ал жақында француз тілін меңгере бастады.
Биыл ол тоғызыншы сыныпқа өтті, әзірге журналистика оның кәсіби мамандығына айнала ма, нақты білмейді. Бірақ ол өзін қызықтыратын істі - әзілдеуді, "жаңалықтар" ойлап тауып, оны камера алдында өзіне тән мәнерде айтып беруді жалғастыра бермек. Бір кездері Әмірге бұл үшін тек картон қорап пен қолшам жеткілікті болатын. Қазір оның камерасы, әлеуметтік желілері және ең бастысы - жаңа видеоларын асыға күтетін көптеген көрермені бар.
Авторы: Аружан Дәрібай
Аударған: Дина Шәріпхан