Астанадағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот: тікелей трансляция
Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Жоғарғы сот отырыс трансляциясына ашық қолжетімділік берді. Tengrinews.kz оны тікелей эфирде көрсетіп жатыр.
Бүгін қылмыстық іс өндірісінде болған тергеуші Нүсіпбековадан, сондай-ақ жәбірленуші Нұрпейісованы стационар жағдайында қараған отоларинголог дәрігерден жауап алынады деп күтіледі.
Өткен отырыстарда не болды?
18 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында басталды фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Істі судья Меруерт Абаева жүргізіп жатыр.
Процеске екі мемлекеттік айыптаушы - Нұрдәулет Әбуов пен Саяжан Серікова, қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Салима Омарова және күйеуі Әділет Зейнел қатысып жатыр.
Бұған дейін оның адвокаты Мұрат Мәуметов Әділет Зейнел Ұлдананың анасының пайдасына жәбірленуші мәртебесінен бас тартатынын айтқан еді. Алайда кейін сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Зейнелдің өзі журналистердің сұрағына жауап беруден бас тартты. Кейін ол жәбірленуші мәртебесінен не себепті бас тартқанын сотта айтып берді.
Айыпталушы орындығында қайғылы оқиға болған үйдің МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязова отыр. Өткен сот отырысында ол өзін кінәсіз деп санайтынын мәлімдеді.
Ұлдананың анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, бұл іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттеріне адал қарамау") бойынша қаралып жатыр.
20 тамызда сотталушының адвокаты судья Меруерт Абаеваға қарсылық білдірді, алайда бұл өтініш қабылданбай, процесс жалғасты.
Фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнел сотта жауап берді. Ер адам жұбайы қайғылы жағдайға ұшыраған күн туралы баяндады. Сондай-ақ ол сотқа жұбайының қазасы туралы қалай білгенін және әкімдікте алған 20 миллион теңге туралы хабарлады.
Сондай-ақ оның анасы жауап берді. Әйелдің айтуынша, өз қызын танымай қалғанын ауруханаға барған кезде белгілі болған. Сонымен қатар жәбірленуші құдағиының әкімдіктен берілген көмек қаржының 4,5 миллион теңгесін қайтаруды талап еткенін жеткізді.
26 тамызда сотта жәбірленушілер мен куәгерлер жауап берді. Атап айтқанда, жәбірленуші Гүлнәр Қалиева 2025 жылғы 8 қарашада әпкесімен бірге үй маңындағы дүкенге бара жатқанын айтты. Олар ғимаратқа жақындай бергенде, үйдің қаптамасы жоғарыдан құлап түскен. Әйел тек басын қолымен жауып үлгерген. Оның айтуынша, "кірпіштер жаңбырша жауған".
Сондай-ақ Ұлдананың әріптесі Дильназ Байзақова сотта жауап берді. Қайғылы оқиға болған күнді еске алған кезде, ол көз жасына ерік берді.
2 қыркүйекте сот куәгерлердің - үй тұрғындарының жауаптарын тыңдады. Атап айтқанда, куәгер Валерия Самсонова үйдің қабырғаларында жарықтар пайда болғанын айтты. Мұны куәгер Халил Бабалиев те растады. Оның айтуынша, "үйдің іргесі сөгіліп жатыр".
Сондай-ақ сотта қаптама құлаған сәт түсірілген видео көрсетілді.
3 қыркүйекте сотта қылмыстық іс материалдарын зерттеу жалғасты. Мемлекеттік айыптаушы Нұрдәулет Әбуов ғимарат қасбетінің құлау себебі көрсетілген техникалық сараптама қорытындысын жариялады.
“Бүкіл үй құлап жатыр деп ойладым“ - Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша куәгер
9 қыркүйекте сот құрылыс саласындағы маман Вероника Лобаеваны тыңдады. Ол үй жобасындағы сәйкессіздіктерді "мина іспетті" деп атады.
Сондай-ақ сотта сотталушы Сәуле Жұбаниязова жауап берді. Ол қайғылы оқиғаға өзін кінәлі деп санамайтынын сотқа тағы айтты. МИБ төрағасының сөзінше, ол міндеттерін атқаруға кіріскен кезде, тұрғындар да, бұған дейінгі басқарушы да үйге қатысты қандай да бір мәселелерге шағымданбаған.
10 қыркүйекте, сот техникалық қадағалау маманы Денис Воробьёвты тыңдады. Оның айтуынша, ғимарат қасбетінде ақау белгілері қаптама құлағанға дейін пайда болған. Алайда олардың қаншалықты қауіпті екенін ешкім түсінбеген.
“Мерзімі өтіп, адамдар қайтыс болған“. Ұлдана Мырзуанның ісіне қатысты жаңа құжаттар
Қайғылы оқиға қалай болды?
2025 жылғы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылы, 24 Б мекенжайындағы тоғыз қабатты үйдің қасбетінен кірпіш қаптама құлаған. Салдарынан бес адам зардап шекті. Олар №1 көпбейінді ауруханаға жатқызылды.
Бір пациенттің жағдайы өте ауыр болды, оған ота жасалды. Тағы екі адам жансақтау бөлімінде жатты, дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалады. Қалған екі адам бөлімшеге орналастырылды, олардың жағдайы тұрақты деп бағаланды.
Ең ауыр жарақат алған пациент - оқиға орнына жеткен жедел жәрдем фельдшері, 23 жастағы Ұлдана Мырзуан болып шықты. Қыздың туыстарының айтуынша, ол зардап шеккендерге алғашқы болып көмекке ұмтылған. Олардың арасында бала, оның анасы және туысы болған. Ұлдана зардап шеккендерге қарай жүгірген кезде, "үстіне кірпіш пен кондиционердің бекіткіші құлаған". 18 қарашада ол ауруханада көз жұмды.
Оқиғадан кейін полиция Қылмыстық кодекстің 278-бабы "Сапасыз салынған құрылыс" бойынша қылмыстық іс қозғады. Кейін істе тағы бір бап пайда болды – 306-бап "Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету".
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды ерлігі, жанқиярлығы және міндетін үлгілі атқарғаны үшін "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады. Қазақстандықтар жедел жәрдем фельдшерімен қалай қоштасқаны туралы мына материалда.