Аю шошқаны сүйреп әкеткен: ШҚО тұрғындары қорқынышты видеоны талқылап жатыр
Tengrinews.kz редакциясына оқырмандар шошқаның жемтігін сүйреп бара жатқан аю түсірілген видео жолдады. Олардың айтуынша, бұл кадрлар Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында түсірілуі мүмкін, алайда түсірілім орны ресми түрде әлі расталмаған, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Видеода аю шошқаның жемтігін сүйреп бара жатып, қасында адамдардың болғанына қарамастан, оның жанынан кетпейді. Жергілікті тұрғындар жыртқыштың елді мекендерге жақын келуі адамдар мен малға қауіп төндіруі мүмкін деп қауіптенеді.
Глубокое ауданының әкімдігі бұл жағдайға байланысты тұрғындардан ешқандай шағым түспегенін хабарлады. Сондай-ақ видеоның басқа жерде түсірілу мүмкіндігін де жоққа шығармады.
ШҚО табиғи ресурстар басқармасының орман және аңшылық шаруашылығы жедел жасағы дәл осы факт бойынша оларға ешкім жүгінбегенін мәлімдеді.
"Аталған видео бойынша ешқандай ресми, ауызша немесе жазбаша өтініш түскен жоқ. Сондықтан дәл осы жағдайға қатысты түсініктеме бере алмаймыз", - деді жасақтың баспасөз қызметінің өкілі Мақсат Шәкіров.
Видеодан алынған кадр
Сонымен қатар тамыз соңы мен қыркүйектің басында жедел жасақ мамандары Глубокое ауданына жабайы жануарлардың көрінуі туралы басқа да хабарламалар бойынша шыққан болатын.
Алайда, Мақсат Шәкіровтің айтуынша, осы жаздан бастап аюларға байланысты шақыртулар саны айтарлықтай артқан. Оның сөзінше, ең күрделі жағдай Риддер, Серебрянск, Күршім маңында және Алтай ауданында байқалады.
Риддер мен Алтай тұрғындары қала маңында, саяжай алқаптары мен тұрғын үйлер маңында аюлардың жиілеп кеткенін хабарлап жатыр.
"Біз жыл бойы жұмыс істейміз және әртүрлі жыртқыш аңдарға - қасқыр, түлкі және аюларға қатысты өтініштерге жауап береміз. Бірақ қазір аюлар туралы хабарламалар басым", - деді ШҚО табиғи ресурстар басқармасының орман және аңшылық шаруашылығы жедел жасағы баспасөз қызметінің өкілі Мақсат Шәкіров.
Ол жыл басынан бері мамандар жыртқыш аңдардың көрінуіне байланысты 67 рейд жүргізгенін айтты: 60-ы аюларға, үшеуі қасқырларға және төртеуі түлкілерге қатысты. Салыстырмалы түрде: өткен жылы барлығы 78 рейд болған, оның ішінде 64-і аюларға, тоғызы қасқырларға, төртеуі түлкілерге және біреуі құндыздарға қатысты болды.
Жыртқыштарды адамдарға жақындауға не итермелейді?
Жергілікті тұрғындар бұл жағдайды ормандардың кесілуімен және аумақтарды шаруашылық мақсатта игерумен байланыстырады, соның салдарынан жануарлардың үйреншікті мекендері азаюы мүмкін. Тағы бір ықтимал себеп ретінде жидектер мен басқа да табиғи азықтың тапшылығы аталып отыр.
Жедел жасақ өкілдері мұндай қорытынды жасау үшін арнайы зерттеулер қажет екенін атап өтті. Дегенмен мамандар азық базасының төмендегенін растап, тағы бір күрделі мәселені - тамақ қалдықтарын атап өтті.
"Қоқыс иісі жануарды өзіне тартады. Аюға бұдан былай азық іздеудің қажеті болмайды: ол қалдықтарды тауып алады да, бірте-бірте адамдарға жақындауға үйренеді. Сонымен қатар, қазір ол қыс алдында белсенді түрде азық іздеп, салмақ жинап жатыр", - деп түсіндірді Мақсат Шәкіров.
Демалушылардың ормандар мен туристік аймақтарда қалдыратын қоқыстары жағдайды ушықтырып тұр. Оңай олжаға тап болған жыртқыш бұл жерлерге қайта-қайта оралуы мүмкін.
Мамандар өтініштерге қалай жауап береді?
Жедел жасақ аптасына бірнеше рет шығады. Ресми хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына арнайы техникамен жарақтанған және жыртқыш аңдардың мінез-құлқын жақсы білетін инспекторлар тобы жіберіледі. Қазір мұндай топтардың бірі Серебрянск ауданында жұмыс істеп жатыр. Қажет болған жағдайда жұмыс барысында соңғы үлгідегі тепловизоры бар мамандандырылған дрондар қолданылады.
Мамандар аюды тұрғын үй аймағынан алыстатуға тырысады. Егер жануар халыққа нақты қауіп төндіретін болса, оның көзін жою мәселесі әкімдік пен уәкілетті органдардың қатысуымен комиссиялық түрде қаралады.
"Өтініш түскен бойда топ бірден жолға шығады. Барлық шешімдер заңнамаға сәйкес қабылданады", - деп атап өтті Мақсат Шәкіров.
Аю кезіккен жағдайда не істеу керек?
Егер жануар үйлердің немесе саяжайлардың маңынан байқалса, мыналарды орындау қажет:
оған жақындамау және жақын қашықтықтан видеоға түсірмеу;
айқайламау, заттар лақтырмау және жыртқышты өз бетінше қуып жіберуге тырыспау;
балалар мен үй жануарларын әкетіп, үй-жайға немесе автомобильге жасырыну;
учаскелік инспекторға, жергілікті әкімдікке немесе ШҚО табиғи ресурстар басқармасына хабарлау;
eOtinish порталы арқылы аюдың пайда болған жерін, уақытын және мән-жайын көрсетіп өтініш жіберу;
адамдарға тікелей қауіп төнген жағдайда 112 нөміріне қоңырау шалу.
Сондай-ақ қоқыс контейнерлерін жауып, далада азық-түлік немесе үй жануарларына арналған жем қалдырмау ұсынылады. Ресми қызметтерге ақпарат неғұрлым тез түссе, мамандар оқиға орнына соғұрлым ерте жете алады.
“Бетпе-бет“: Шығыс Қазақстан тұрғындары аюмен кездесу туралы айтып берді