КТК-ға жасалған шабуылдар Қазақстан бюджетіне қалай әсер етті?
Каспий құбыр консорциумындағы (КҚК) проблемалар Қазақстандағы мұнай өндіру мен экспорт көлеміне әсер еткен факторлардың бірі болды. Бұл туралы ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
КҚК-дағы мәселелер бюджетке қалай әсер етті?
Азамат Әмринге КҚК-ға жасалған шабуылдар бюджет кірісіне әсер етті ме және өндірістің төмендеуі экономика үшін тізбекті реакция тудырды ма деген сұрақ қойылды.
"Ол жақта өрт те болды. Тиісінше, геосаяси жағдай да әсер етеді. Бізде өндіріс көлемі азайып, экспорт та кеміді. Бұған макрокөрсеткіштердің, оның ішінде теңге бағамының да әсері бар екенін көріп отырмыз", – деп жауап берді Әмрин.
Мұнай бағасы бойынша жоспар өзгерді
Бюджет болжамындағы мұнай бағасы өзгертілді. Республикалық бюджеттің қазіргі жобасында бір баррель құны 70 доллар деп белгіленген. Бұл 2026-2028 жылдарға арналған бюджетті жоспарлау кезінде, яғни бір жыл бұрын бекітілген көрсеткіштен 10 долларға жоғары.
Азамат Әмриннің айтуынша, бюджетті есептеу кезінде халықаралық қаржы ұйымдарының болжамдары мен әлемдік нарықтағы қазіргі жағдай ескерілген. Осыған байланысты осындай көрсеткішті негізге алу туралы шешім қабылданды. Қазақстан Үкіметі 18 ұйымның консенсус-болжамына сүйенген. Толығырақ - мына сілтемеден оқи аласыз.
Бұған дейін Tengrinews.kz мұнай бағасы болжамының төмендегені туралы жазған болатын. Болжамның өзгеруіне не себеп болғаны, бағаға қатысты күтулердің қалай өзгергені және мұнай саласында не болғаны туралы - толығырақ оқыңыз.