Қайда бағыт алдық? Тоқаевтың Сеулдегі үшінші күні
16 қыркүйекте Сеулде "Орталық Азия - Корея Республикасы" атты алғашқы саммит өтті.
Алайда Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл өңір лидерлерімен бір үстелге отырмас бұрын, тек Қазақстанға ғана қатысты бірнеше шаруасы қалған еді.
Tengrinews.kz тілшісі бірнеше сағат ішінде Қазақстанның күн тәртібі қалайша бүкіл Орталық Азия ауқымына дейін кеңейгенін баяндайды.
Парламент және пернетақта
Сеул атауы корей тіліндегі "астана" сөзінен бастау алады. Тура Астана қаласының атауы сияқты.
Ағылшынша Seoul сөзі soul (жан) сөзімен бірдей естіледі. Әрине, мұның дипломатияға еш қатысы жоқ. Бірақ сапардың үшінші күніне қарай мұның бір мәні бардай көріне бастады.
Парламент ғимаратының бас кіреберісінен Сеул көрінісі. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов
Таң Оңтүстік Кореяның бір палаталы парламенті - Ұлттық ассамблеядан басталды. Парламент 50 жыл бұрын салынған ғимаратта орналасқан. Депутаттар саны - 300, ал басты залдағы орын саны - 400. Әр жағдайға дайын болу үшін солай жасалған.
Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі
Қазақстан Президентін корей парламентінің жаңа спикері Чо Чжон Шик қарсы алды. Ол тек лауазымы бойынша ғана "жаңа": Ұлттық ассамблеяға алты рет қатарынан депутат болып сайланған. Алғашқы мамандығы - сәулетші, ал осы ғимараттағы мансабын 2004 жылдан бері құрып келеді.
Тоқаев корей парламентшілеріне реформалар, соның ішінде Қазақстанның қоспалаталы парламенттен бір палаталы Құрылтайға көшуі туралы айтып берді.
Чо Чжон Шик спикер болып 5 маусымда тағайындалған.
Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі
Әңгіме бастала салысымен бұрыштан пернетақтаның жиі, тіпті толассыз сартылы естілді. Онда еденде ноутбук ұстаған корей журналистері отырды. Солардың бірі экранға қарамай-ақ жазып жатты.
Корей журналисі экранға қарамай жазып отыр. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов
- Біздің мәдени-гуманитарлық байланыстарымыздың тамыры тереңде. Қазақстанда шамамен 120 мың корё-сарам қауымы, яғни этникалық корейлер тұрады. Олар халықтарымыз арасындағы достықтың "алтын көпірі" десек, артық болмайтын шығар. Өзіңізге белгілі, келесі жылы корей халқының Қазақстанға қоныс аударғанына 90 жыл толады. Бұл – тарихи уақиға. Екі мемлекет бірлесіп, осы айтулы межені жоғары деңгейде атап өтуіміз керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
"Корё-сарам" сөзбе-сөз "Корё адамы" немесе "корей адамы / корей" деп аударылады. Қазіргі қолданыста "корё-сарам" - бұрынғы КСРО корейлерінің өздерін атауы.
Президент сөйлемін аяқтаған бойда аудармашы тәржімалап жатты. Бұрыштағы журналист аудармашыдан небәрі жарты секундқа ғана қалып отырды.
Спикер Чо Чжон Шик. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов
Чо Чжон Шик Қазақстандағы реформалардан хабардар екенін айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевты олардың сәтті жүзеге асуымен құттықтады.
- Бұл – Қазақстан халқының Сізге Президент ретінде артқан сенімі жоғары екенін көрсетеді. Соңғы жылдары Қазақстан мен Корея түрлі саладағы ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтты. Сондықтан осы сапарыңыз аясында екі елдің қарым-қатынасы болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне қуаныштымын.
Парламент басшысы Қазақстанның Орталық Азиядағы Кореяның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті.
Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі
Сеулдегі қазақ ауылы
Ханган саябағының үстінде дирижабль ұшып жүрді. Оның бүйіріне "Бәйтерек" суреті салынып, барар бағыты жазылған: "Қазақстан - Корея. Бірге - жарқын болашаққа".
Мұнда қазақ этноауылы бой көтерген. Жергілікті тұрғындар бірде аспанға, бірде жерге қарап таңғалысты.
Сеулдегі қазақ этноауылы. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов
Мұнда корейлерге жеті қазына, ұлттық әшекейлер, киіз басу өнері, домбыра, дауылпаз бен жетіген таныстырылды. Алтыбақанда қазақ және корей ұлттық киімін киген қыздар тербеліп жүрді. Мұның бәрі Сеулдің зәулім ғимараттарының аясында өтіп жатты.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов
Көптеген корейлер үшін бұл көріністің бәрі таңсық болды. Олар киіз үйді қызықтап, домбыраға жақындап келіп, алтыбақанға таңырқай қарады.
Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі
Чо Чжон Шик домбыраны қолына алып, бірнеше секунд бойы зер салып қарады. Сосын шертіп көріп, жүзіне күлкі үйірілді.
Чо Чжон Шик домбырамен. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов
Қасында панорамалық экраны бар digital-киіз үй тұрды, онда Қазақстандағы корейлер туралы баяндалып жатты. Экран, әрине, корейлік өнім еді.
Тоқаев спикерге садақты қалай тарту керек екенін көрсетті. Тазы иті болса айналадағы жағдайды байсалды ғана бақылап тұрды. Домбыра күйі төгілді. Алматыдан келген корей труппасы қазақ ансамблімен бірге биледі.
Қазақ ауылы корей саябағының төрінде орналасты. Кімнің қонақ, кімнің ие екені тіпті түсініксіз болып қалғандай еді.
Кетер алдында Президент Кореяда оқып және жұмыс істеп жатқан қазақстандықтарға барды. Оқуы, жұмысы және алдағы жоспарлары туралы сұрады. Оларды елде күтетінін айтты.
Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі
Тамерлан Жұмагелдинов 24 жаста. Ол екінші жыл қатарынан Ульсандағы KEPCO International Nuclear Graduate School магистратурасында оқып жатыр. Университет екі атом станциясының арасында орналасқан.
Оқуын бітірген соң, ол елге оралып, атом энергетикасы саласында жұмыс істегісі келеді.
Оқуға түскен кезінде корейлердің Қазақстан туралы айтарлықтай түсінігі болмаған. Қазір корей достары өздері келіп, Алматыдағы таулар туралы сұрап, қызығушылық танытады.
- Қалай ойлайсыз, қазақстандықтар корейлерден нені үйренуі керек?
- Бұл - еңбекқорлық. Мен корейлердің өз мамандығын жақсы көретінін байқадым, олар жұмысты әрқашан сапалы әрі жылдам орындауға тырысады және дамуды ешқашан тоқтатпайды.
Тамерлан Жұмагелдинов. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Күлшманов
Пусаннан Каспийге дейін
Күннің екінші жартысында Орталық Азияның бес елінің президенттері мен Ли Чжэ Мён бас қосты. Саммит ортақ суретке түсуден басталды. Барлығы бір қатарға тұрып, қол ұстасты.
Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі
Тоқаев өз сөзінде бұл диалогтың осыдан 20 жыл бұрын корей тарапының бастамасымен басталғанын еске салды.
Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі
- Корея Республикасы қазіргі замандағы ұлттық өрлеудің таңдай қақтырарлық тамаша үлгісін танытты. Бұл – дамылсыз еңбектің, темірдей тәртіптің және табандылықтың заңды нәтижесі, - деді Президент.
Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев сауда мәселесіне көшті.
- Былтыр Орталық Азия мен Кореяның өзара сауда-саттық көлемі алғаш рет 10 миллиард доллардан асты. Өңірдегі тауар айналымының жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі.
Тоқаев Кореядан Орталық Азия арқылы Еуропаға дейін созылатын тікелей маршрут құруды және Пусан портын Каспийдегі қазақстандық порттармен байланыстыруды ұсынды.
Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі
Атом мәселесі де қозғалды.
- Жаһандық энергетикадағы өзгеріс атом өнеркәсібін ілгерілету мәселесі өзекті екенін көрсетті. Біз KHNP және Doosan Enerbility компанияларымен ядролық технология саласында анағұрлым тығыз ынтымақтастық орнатуға әзірміз.
Сондай-ақ жер қойнауы туралы да айтылды.
- Корея стратегиялық санатқа жатқызатын 10 минерал түрінің бәрі де елімізде бар. Қазақстанның ресурс әлеуеті мен Кореяның технологиялық мүмкіндіктерін үйлестіру өзара тиімді ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады. Біз толық өндіріс циклын қалыптастыруды мақсат етуіміз керек. Яғни аса маңызды шикізатты зерттеу мен өндіруден бастап, оны терең өңдеу және одан қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға дейінгі тізбек толық қамтылуға тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда, жартылай өткізгіштер, микроэлектроника, аккумулятор, электромобиль мен роботты техника бөлшектерін өндіруге көшуіміз керек. Бұл міндетті орындау үшін бірлескен қазақ-корей компаниясын құруды ұсынамыз.
"Қағаз жүзінде қалатын мәміле емес, нақты жоспарлар"
Әңгіме алты елдің бизнесмендерінің қатысуымен жалғасты.
Тоқаев өңір бойынша жалпы сандарды келтірді: өткен жылы Орталық Азия елдерінің жиынтық ІЖӨ-сі 550 миллиард долларға жуықтап, өсім алты пайыздан асты.
- Орталық Азияның жиынтық ішкі жалпы өнімінің шамамен 60 пайызы және аймаққа шетелден тікелей тартылатын инвестицияның 70 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі.
Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі
Сапар барысында Қазақстан мен Корея құны шамамен 19 миллиард доллар болатын 80-ге жуық коммерциялық келісімге қол қойды. Бұл құжаттар туралы Президент былай деп қосты:
- Бұл – құрғақ мәлімдеме немесе қазіргі тілмен айтқанда, қағаз жүзінде қалатын мәміле емес, іске асатын нақты жоспарлар. Қалай болғанда да Үкімет бизнес-жобалардың уақтылы орындалуын жіті қадағалайды.
Тоқаев Еуропаға баратын маршрут мәселесіне осы жерде де тоқталды. Оның айтуынша, қазір Азия мен Еуропа арасындағы барлық құрлықтағы тасымалдың 85 пайызы Транскаспий бағытына тиесілі. Ол корей компанияларын осы бағыттың бойында инфрақұрылым салуға шақырды.
Сондай-ақ рекордтық өнім - шамамен 27 миллион тонна астық жиналғанын атап өтіп, Кореямен бірлесіп ортақ тамақ өнеркәсібі кластерін құруды ұсынды.
Өндірісті жергіліктендіру туралы Президент бұл мәселені өзі қадағалайтынын айтты:
- Әрине, бұл бір күннің шаруасы емес. Дегенмен алға қарай қадам баса бергеніміз жөн.
Сеулдегі әсерлі үш күн аяқталды. Алдағы бағыттың қандай болатыны күндіз дирижабльде жазылған еді. Енді тек қалыспау керек. Әлгі корей журналисі сияқты.
Авторы: Айсұлтан Құлшыманов
Аударған: Дина Шәріпхан