Көлікке қысқы шинаны қалай дұрыс таңдау керек?
Қысқы шиналарды алғашқы қар жауғанда емес, алдын ала таңдаған жөн. Қыркүйек айы бұл үшін өте қолайлы: маусымдық қарбалас әлі басталған жоқ, дүкендерде таңдау көп, ал жүргізушінің асықпай модельдер мен бағаларды салыстырып, лайықты нұсқаны таңдауға уақыты бар.
Бұл ретте тек құнына немесе танымал брендке сүйенуге болмайды. Шинаның түрі, резеңке құрамы, протектор суреті, өндірілген күні және тіпті автомобиль жиі пайдаланылатын жағдайлардың да маңызы болуы мүмкін.
Tengri Auto клиенттерге техникалық қолдау көрсету және шиналарды сынау жөніндегі сарапшы Александр Пархомчукпен сөйлесіп, қысқы шиналарды қалай дұрыс таңдау керек екенін, қандай сипаттамаларға назар аудару қажеттігін және автокөлік жүргізушілері сатып алу кезінде жиі жіберетін қателіктерді анықтады.
Шиналардың қандай түрі болады?
Шиналар қысқы, жазғы және барлық маусымға арналған (бірақ бұл ұғым көбінесе ТМД елдерінде ғана кездеседі) болып бөлінеді. Қысқы шиналар өз кезегінде тікенекті (шипованные) және фрикциялық ("жабысқақ") болып екіге бөлінеді.
Әрбір шинаның негізгі элементтері бар: қаңқа, брекер қабаты, борттық сақиналар, корд, бүйірлері және протектор. Қазіргі уақытта әрбір өндіруші резеңке құрамымен, шинаның тозуға төзімділігін арттырумен, аквапланирлеумен және домалауға қарсы тұрумен (брендтер мақтанатын сол баяғы отын үнемдеу) жан-жақты тәжірибе жасап жатыр. Сондықтан конвейерден бірінен бірі өтетін мықты шиналар шығып жатыр.
Маңызды жайт: қыста көлігіңіздің қандай шинамен жабдықталғанына байланысты көктайғақта немесе нығыздалған қарда тоқтай алу-алмауыңыз, тайғақ беткейге шыға алуыңыз немесе жаяу жүруіңіз, сондай-ақ көлігіңіздің аман қалу-қалмауы шешіледі. Жаман айтпай жақсы жоқ, сондықтан бұл туралы ойламаған да дұрыс.
Кейде тіпті тікенекті шиналар да қателікті кешірмейді, әсіресе таулы жерлерде. Фото: Елена Никитенко
Қысқы шиналардың жазғы шиналардан айырмашылығы неде және автокөлікті уақтылы "қайта киіндіру" неге соншалықты маңызды?
Ең алдымен, қысқы шиналар резеңке қоспасының құрамымен ерекшеленеді. Жолға барынша жақсы жабысу және жанасу аумағын арттыру үшін олардың резеңкесі жұмсағырақ болады.
Бірақ мұндай резеңке қоспасы тек ылғалды, суық күзгі және қысқы ауа райында ғана дұрыс жұмыс істейді, ал жазда және құрғақ асфальтта қысқы шиналардың қасиеттері күрт нашарлайды.
Барлық маусымға арналған шина туралы бірнеше сөз. Олар жазғы және қысқы шиналардың функцияларын біріктіреді, бірақ сонымен бірге екі бағытта да тиісті деңгейде жұмыс істей алмайды. Бұл әсіресе климаты шұғыл континентті елдерде қатты сезіледі.
Шиналардың таңбалануы
Әрбір шинаның өз таңбалануы болады. Оны шинаның бүйірінен табуға болады. Онда жазылған сандар серияны, радиусты, жүктеме индексін (коэффициентін) және жылдамдық индексін білдіреді.
Серияда ені (миллиметрмен) және профиль биіктігі (еніне пайыздық қатынасы) көрсетіледі. Жүктеме индексі шина көтере алатын шекті рұқсат етілген салмақты, ал жылдамдық индексі - шина өз қасиеттерін жоғалтпайтын ең жоғары рұқсат етілген жылдамдықты (әріппен көрсетіледі) білдіреді.
Жоғарыда айтылғандардан бөлек, шинаның бүйірінде қаңқа тығыздығы, тозуға төзімділік индексі (TREAD WEAR INDEX (TWI), ілінісу қасиеттерінің индексі (TRACTION INDEX), температуралық индекс (TEMPERATURE INDEX), белгілі бір стандарттарға сәйкестігі (DOT – АҚШ стандарттарына сәйкестік, Е17 – Еуропа стандарттары) көрсетілуі мүмкін.
Сондай-ақ бүйірінен шинаның қандай жағдайларға арналғанын оқуға болады. Мысалы, M + S әріптері "балшық плюс қар" дегенді білдіреді, AQUATRED, AQUA CONTACT немесе жаңбыр тамшыларының белгішесі – аквапланирлеу кезіндегі тамаша жұмыстың көрсеткіші (әдетте бұл жаңбырлы ауа райына арналған шиналар), WINTER, SNOW немесе қар ұшқынының белгішесі – қысқы, ал AS немесе AW – барлық маусымға арналған деген сөз.
Протектор суреті
Кейде ол шина туралы барлық жазулардан да көп ақпарат бере алады. Қысқы шиналардың әдетте айқын көрінетін терең протектор суреті болады – ол рельефті, кең ойықтары, протектор шашкалары, суды ағызуға және қардан өздігінен тазаруға арналған ирек тәрізді саңылауларымен (ламельдермен) ерекшеленеді.
Протектор суреті де әртүрлі болады:
симметриялы (ең көп таралған және "баға/сапа" арақатынасы бойынша ең тиімдісі), симметриялы емес (мұндай шиналарды орнату кезінде мұқият болу керек және OUT Side және IN Side жазуларына назар аудару қажет);
бағытталған (ылғалды жолда тамаша сипаттамаларға ие, бірақ орнату кезінде де мұқияттылықты талап етеді – бүйірлеріндегі көрсеткіштерді қадағалаңыз).
Қысқы фрикциялық шиналардың протектор суреті. Фото: Елена Никитенко
Тікенек пе әлде "жабысқақ" па?
Бұл сұраққа тек сіз ғана жауап бере аласыз, бірақ ол үшін қысқы шиналардың нақты не үшін қажет екенін түсінуіңіз керек. Біз тек бірнеше негізгі мәліметтерді ұсына аламыз.
Фрикциялық (тікенексіз) шиналар
Олар қала ішіндегі құрғақ асфальтта да, біздің мегаполистерге тән еріген қарда да өзін тамаша көрсетеді. Мұндай жағдайда тікенектердің пайдасы жоқ, ал жанасу аумағынан осы лайсаңды (кәсіби тілмен айтқанда - шуга) тез шығаратын "жабысқақ" шиналар тапсырманы мүлтіксіз орындайды.
Фрикциялық шина өндірушілері әр маусым сайын мұндай шиналардың жолмен ілінісуін арттырып, сапасын жақсартатын түрлі инновациялар ойлап табады. Мысалы, мұндай шиналарда "жалған тікенектер" болады - кейбір өндірушілер ол үшін грек жаңғағының ұнтақталған қабығын, енді бірі қар мен мұзға жабысатын арнайы микрокристалдарды қолданады…
Қысқы фрикциялық шиналар. Фото: Елена Никитенко
Тікенді шиналар
Олар көктайғақта, тапталған қарда және тағы басқа жағдайларда тиімді. Егер сіз қыс бойы "жылы" қаладан шықпайтын болсаңыз, олардың қажеті шамалы. Тек асфальттағы тікенектердің шуын тыңдап, оларды түсіріп аласыз, бірақ ешқандай артықшылыққа ие болмайсыз.
Маңызды: тікенді шиналарды алдын ала баптап (обкатка) алу керек (өндірушілер осыны кеңес береді). Өйткені тікенектер алғашқы апталарда түсіп қалмауы үшін өз орнына нығыздалып отыруы тиіс.
Жаңа тікенді шиналармен алғашқы 500 шақырымды абайлап айдаған жөн: қатты жылдамдық қоспай, дөңгелекті бос айналдырмай (шлифовать), кілт қозғалмай және шұғыл тежемей жүру керек. Сонда бір маусымда тікенектердің түсуі болмайды.
Тағы бір ескерту, тек бастапқыда тікенектерге арналған арнайы орындары бар шиналарға ғана өз бетіңізше тікенек орнатуға болады.
Қысқы тікенді шиналар. Фото: Елена Никитенко
"Менің ұстанымым мынадай: тікенді шиналар түрлі жол жағдайларында автокөліктің өзін болжамды ұстауын қамтамасыз етеді. Сондықтан, егер жүргізушінің тәжірибесі аз болса (екі қысқы маусымнан аз), күнделікті жұмысқа баруы керек болса, яғни оның іскерлік белсенділігі тұрақты сапарлармен байланысты болса немесе жұмыс не тұрғылықты жері қоғамдық көлікті пайдалануға мүмкіндік бермесе, онда ең оңтайлы таңдау - қысқы тікенді шина болады", - дейді Александр Пархомчук.
Дегенмен, сарапшы тәжірибелі жүргізушілер үшін, сондай-ақ қажет болған жағдайда қозғалыс тәсілін немесе бағытын өзгерте алатындар үшін фрикциялық шиналарды да қарастыруға болатынын айтты.
Қысқы шиналарды қашан сатып алған дұрыс?
Қысқы шиналарды алғашқы қар мен шиномонтаждағы кезектерді күтпей, алдын ала таңдаған жөн. Қыркүйек айы сатып алуға қолайлы уақыт сияқты көрінуі мүмкін: маусымдық қарбалас әлі басталмаған, модельдер мен бағаларды асықпай салыстыруға болады. Алайда, сарапшының айтуынша, қысқы шиналарды сатып алудың ең тиімді уақыты өтіп кеткен.
"Бұл мәселеге келсек, ең қолайлы уақыт өтіп кетті. Қысқы шиналарды сатып алудың ең оңтайлы кезеңі - наурыз айы, өткен қысқы маусым аяқталған бойда. Бұл кезеңде шина дистрибьюторлары мен бөлшек сауда дүкендері келесі маусымға дейін өнімді қоймада қатырып қоймас үшін жеңілдіктер жасауға және жол беруге дайын болады. Қазір, күз жақындаған сайын, дистрибьюторлардың мұндай жеңілдіктер жасауға деген ынтасы азайып барады. Сондықтан қысқы шиналарды әлі сатып алмағандарға қазір қолда бар заттарды қарастырған оңайырақ", - деді Александр Пархоменко.
Сонымен қатар қыркүйек айы әлі де асықпай таңдау жасауға жақсы уақыт болып қала береді. Автокөлік иелерінің негізгі ағыны дөңгелек ауыстыруға бармай тұрып, әртүрлі модельдің сипаттамаларын салыстырып, қажетті өлшемді таңдап, шиномонтажға алдын ала жазылуға болады.
Ал орнатудың өзіне тек күнтізбеге қарап асығудың қажеті жоқ. Сарапшының айтуынша, барлық жүргізуші үшін қысқы шинаға ауысудың әмбебап күні немесе нақты температурасы жоқ.
"Орнату уақыты туралы айтатын болсақ, бұл жерде ауа райына назар аудару керек. Температура немесе күнтізбелік күн бойынша бірыңғай критерий жоқ. Қысқы шиналарды алдын ала - ауа температурасы минусқа түскенге дейін және жолда мұз пайда болғанға дейін орнатқан жөн", - деп атап өтті сарапшы.
Бұл ретте шина таңдауда тек бағаға немесе танымал брендке ғана сүйенуге болмайды. Шинаның түрі, резеңке құрамы, протектор суреті, өндірілген күні және тіпті көлік жиі пайдаланылатын жағдайлардың да маңызы болуы мүмкін.
Шиналарды орнату мен пайдаланудың негізгі ережелері
Автокөлігіңізге кигізілген барлық шина бірдей болуы тиіс. Әйтпесе, олардың ешқайсысы дұрыс жұмыс істемейді.
Сондай-ақ бір оське әртүрлі шиналарды орнатуға болмайды (көптеген заманауи борттық жүйе, мысалы, шиналардың өлшемі әртүрлі екенін сезсе, бірден қате туралы хабарлама шығарады).
Көлігіңіздің төлқұжатына сәйкес келмейтін шиналарды пайдалану спидометрдің жұмысына (және басқаруға, бұл да өте маңызды) кері әсерін тигізуі мүмкін.
Шиналардағы қысымды әр екі апта сайын тексеріп тұрыңыз. Шинаның қасиеттерін барынша сақтау үшін қажетті қысымды ұстап тұру өте маңызды.
Протектордың тереңдігі мен тозуын тексеріңіз - бұл сіздің қауіпсіздігіңізге тікелей әсер етеді.
Шиналарды (егер сіз оларды мамандандырылған орталықта сақтамасаңыз) үрленген күйінде сақтаңыз және деформацияны болдырмау үшін беткі қабатпен жанасу нүктесін өзгертіп, қыс бойы бірнеше рет аударып тұрыңыз.
Жүргізушілердің шина таңдауда жиі жіберетін қателіктері
Жиі кездесетін қателіктерге тоқталсақ, бұл ретте дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы техникалық регламент талаптарын басшылыққа алу қажет. Онда тікенекті шиналарды қолдану кезінде олар автомобильдің төрт дөңгелегіне де орнатылуы тиіс екені анық жазылған.
"Сонымен қатар Қазақстанда бір осьте протекторлық суреті бірдей шиналар қолданылуы тиіс деген ереже бар. Теориялық тұрғыда әртүрлі осьтерге тікенекті шиналардың әртүрлі үлгілерін орнатуға болады деп болжауға болады. Алайда тікенекті және фрикциялық шиналарды араластырып қолдануға болмайды - бұған дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы техникалық регламентте тікелей тыйым салынған", - деп түсіндірді сарапшы.
Тағы бір кең таралған қателік - шиналарды жүктеме индексін, жылдамдық индексін және автомобиль өндірушісінің талаптарын ескермей, тек өлшеміне қарай сатып алу. Сондай-ақ шиналардың жағдайы мен шығарылған күніне назар аудару маңызды, ал орнату кезінде, егер конструкциясы талап етсе, айналу бағытының дұрыстығын және шиналардың автомобильдегі орналасуын тексеру қажет.
"Көп жағдайда типтік қателіктерге шиналардағы ішкі қысымды сақтамау және бақыламау, шамадан тыс жүктеме, қысқы тікенекті шиналарды қалыпқа келтіру (обкатка) кезеңінің болмауы, сондай-ақ шиналардың жалпы жағдайын жеткіліксіз бақылау жатады. Әдетте, адамдар шиналар туралы жылына екі рет қана - маусым алдында орнатқанда және оларды шешкенде ғана еске алады. Іс жүзінде шиналардың жағдайын әлдеқайда жиі бақылап тұру қажет", - деп атап өтті сарапшы.
Тіпті дұрыс таңдалған шиналардың өзі қысымы дұрыс болмаса немесе протекторы қатты тозса, тиісті деңгейде қызмет етпейді. Сондықтан орнатқаннан кейін бүкіл маусым бойы қысым мен резеңкенің күйін жүйелі түрде тексеріп тұру маңызды.