Атырауда мектеп оқушылары лотос алқабын өсіріп, желіде сынға ұшырады
Бәрі қалай басталды?
Оқиға осыдан екі жыл бұрын басталған. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сүйенсек, екі мектеп оқушысы Pinduoduo-дан лотос тұқымын алдыртып, оны аквариумда өсіріп көрмек болған. Тәжірибе сәтсіз аяқталып, жарияланым авторының айтуынша, қалған тұқымдар Жайық атырауындағы Перетаска арнасына тасталған.
Бір жылдан кейін ол жерде алғашқы жапырақтар пайда болды. Осы жазда лотостар гүлдеп, едәуір үлкен аумаққа жайылған.
Оқиға әлеуметтік желілерде тез тарап кетті. Желі қолданушылары бұл орынды қыздардың құрметіне "Шаттық-Айым" деп атауды ұсынды. Өзгелері бұл Қазақстанның Қызыл кітабына енген Каспий лотосы болуы мүмкін деген болжам жасады. Алайда арнада нақты қай түрдің өсіп шыққаны әзірге белгісіз.
Бұл жерге видеограф Станислав барып қайтты. Ол Тасқала ауданындағы Перетаска арнасының маңындағы лотостарды таспаға түсірді.
Instagram-дағы бұл жазбаны көру
A post shared by Продвижение | Reels | Видео | Курсы | Атырау (@stanislavchukalin)
Лотостар табиғатқа зиян тигізуі мүмкін бе?
Әлеуметтік желі қолданушылары өсімдік тез таралып, жергілікті түрлерді ығыстырып шығаруы мүмкін деп қауіптенеді.
"Лотостың тамыр жүйесі өте қуатты және қолайлы жағдайларда белсенді түрде жайылып кетеді. Жаңа су қоймасында ол инвазивті түрге айналып, жергілікті өсімдіктерді ығыстыруы, сондай-ақ балықтар мен су омыртқасыздарының тіршілік ету ортасын өзгертуі мүмкін. Тығыз өскен лотостар суға жарықтың түсуін азайтады, ал өсімдік массасының көп мөлшерде шіруі судың сапасы мен оттегі режиміне әсер етуі ықтимал", - деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.
Скриншот: Threads
Сондай-ақ қалың өскен өсімдіктің балықтарға, су жануарларына және су сапасына тигізер ықтимал әсері талқыланды.
Скриншот: Threads
Экологтың пікірі
Біз Орталық Азиядағы экология және қоршаған ортаны қорғау ғылыми-зерттеу орталығының бас директоры Ғалымжан Сапаровпен сөйлестік. Оның айтуынша, Қазақстанда отырғызылатын кез келген жаңа өсімдік түрі бақылауда болуы тиіс.
"Мұндағы мәселе - кез келген өсімдік өнімі, әсіресе су өсімдігі болса, бақылауды қажет ететіндігінде. Мемлекет мұндай мәселелерді қадағалауға тырысады және бұл өте маңызды тақырып", - деді ол.
Экологтың сөзінше, қоршаған ортаға төнетін ықтимал қауіптерді бағаламас бұрын, лотостың нақты қай түрі отырғызылғанын анықтау керек.
"Ең алдымен бұл қандай түр екенін анықтау қажет. Өсімдіктердің түрлері көп және олардың сипаттамалары әртүрлі. Нақты бір өсімдіктің жергілікті жағдайда өмір сүруге және таралуға қаншалықты қабілетті екенін түсіну маңызды", - деді маман.
Сондай-ақ, оның айтуынша, су қоймасының өзіндік ерекшеліктерін де ескеру қажет.
"Су қоймасының ерекшеліктерін де назардан тыс қалдырмау керек. Егер ол тұйық болса және ешқайда шықпаса, онда өсімдіктің таралуы сол аумақпен шектелуі мүмкін. Бірақ бәрі нақты түрге байланысты. Алдымен бұл қандай өсімдік екенін нақтылау қажет", - деп бөлісті ол.
Бұл ретте эколог табиғатқа белгісіз өсімдіктерді өз бетінше отырғызуға кеңес бермейді.
"Жалпы, белгісіз өсімдік түрлерін ойланбай жерсіндіру (интродукция) әрдайым қауіп төндіреді. Егер өсімдік белсенді таралуға қабілетті болса, оны бақылап, таралуын қадағалау қажет. Мен белгісіз түрдің жаңа ортада өзін қалай ұстайтынын түсінбей тұрып, оны жай ғана алып, жерсіндіруге кеңес бермес едім. Әсіресе, бұл су қоймалары мен лотос сияқты өсімдіктерге қатысты өте маңызды", - деп атап өтті Сапаров.
Маманның айтуынша, басқа аймақтардан келген өсімдіктермен бірге зиянкестер мен аурулар да келуі мүмкін. Сондықтан өсімдік өнімдерін әкелу карантиндік бақылауда болады.
Сапаров мысал ретінде алма ағаштарын зақымдайтын жеміс ағаштарының бактериалды күйігін келтірді.
"Өсімдіктермен бірге түрлі аурулар мен зиянкестер тасымалдануы мүмкін. Карантин қызметі өсімдіктер мен басқа да өнімдерді әкелу-шығаруды бақылау үшін жұмыс істейді. Мысалы, қазір жеміс ағаштарының бактериалды күйігіне қатысты мәселе бар. Бұл ауру өсімдік өнімдерімен бірге келген болуы мүмкін, енді ол үлкен проблемаға айналды", - деді ол.
Сондықтан жаңа лотостардың табиғатқа зияны туралы қорытынды жасауға әлі ерте. Алдымен мамандар өсімдікті анықтап, содан кейін оның осы су қоймасында таралу мүмкіндігін бағалауы керек. Бұл ретте судың температурасы, минералдануы және басқа да жағдайлар маңызды рөл атқарады.
Айта кетейік, Атырау облысында лотостар өсетін танымал орын бұрыннан бар. Ол - Құрманғазы ауданындағы Қиғаш-Шора өзеніндегі Лотостар алқабы.
Онда лотос шілденің ортасынан тамыздың соңғы аптасына дейін гүлдейді. Өсімдік алқабының аумағы бес мың гектарға дейін жетуі мүмкін.