“Бәрінің батылы жетпеді“: УЕФА президенті ФИФА-дағы жанжалдар туралы мәлімдеме жасады
УЕФА президенті Аластер Кэмпбеллдің подкастына қатысып, халықаралық футболға қатысты шулы оқиғалардың егжей-тегжейін айтып берді.
"Футбол сатылып кеткен болар еді"
Чефериннің айтуынша, ФИФА-ның осыдан бір ай бұрын белгілі болған әлем чемпионатын коммерцияландыру жоспары әлемнің ең бай клубтары алға тартқан Суперлига жобасынан әлдеқайда сорақы болған.
"Алғашқы жағдайда өте ірі клубтар өз лигасын құрғысы келді, бұл дұрыс емес және футболды күйретер еді. Бірақ бұл жағдайда футбол тікелей мағынасында сатылып кетер еді", - деді еуропалық футбол басшысы.
Чеферин УЕФА мен басқа да ұйымдар спортты саудаға салудың кезекті әрекетіне тосқауыл қоя алғанын жеткізді.
Еске сала кетейік, БАҚ мәліметінше, ФИФА футболдан әлем чемпионаты мен басқа да турнирлердегі үлестерді жеке инвесторларға, соның ішінде АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің туыстарына сатпақ болған.
Шұғыл сыннан кейін ФИФА бұл жоспарларынан бас тартуға мәжбүр болды. Еуропа футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) болашақта мұндай схемалар ұсынылмайтынына толық кепілдік алмайынша, ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаттарына бойкот жариялайтынын мәлімдеді.
УЕФА мүшелерінің бірі ретінде Қазақстан футбол федерациясы да ықтимал бойкотқа қосылып, өз шешімін түсіндірді.
ӘЧ-2026-дағы қызыл қағаздың даулы түрде жойылуы жұртты таңғалдырды
Сол подкастта Александер Чеферин Бельгияға қарсы 1/8 финал алдында АҚШ құрамасының ойыншысы Фоларин Балогунның дисквалификациясын алып тастау эпизодына тоқталып өтті. Турнир барысында АҚШ президенті Дональд Трамп бұл шешім оның жеке өтінішінен кейін қабылданғанын мәлімдеген болатын.
"Бұл жаға ұстатарлық жағдай болды. Бізде ережелер бар. Егер сен өз ережелеріңді сақтамасаң, онда бүкіл ойын мәнін жоғалтады. Ел президенті: "Мен оған қоңырау шалып, бұл мәселені шешуді тапсырдым" дейді. Ал содан кейін ФИФА президенті шешім тәуелсіз қабылданды деп отыр", - деп кекесінмен жеткізді УЕФА басшысы.
Чефериннің сөзінше, бұл жағдай футбол қауымдастығындағы көптеген адамды есеңгіретіп тастаған, бірақ көпшілігі ФИФА-ға қарсы шығуға батпаған.
"Біз үшін, футбол жанкүйері немесе футболды басқарушы орган ретінде бұл өте өрескел жағдай. Бұл шынымен де таңғалдырады. Маған сеніңіздер, барлығы есеңгіреп қалды. Тек бәрінің бірдей бұл туралы айтуға батылы жетпеді", - деді ол.
Еске сала кетейік, ФИФА-ның тәртіптік комитеті тарихта тұңғыш рет әлем чемпионаты кезінде ойыншының қызыл қағазын жойған болатын.
Бельгиялық БАҚ ФИФА-ны жемқорлық жасады деп айыптады, бірақ құрамында Балогун бар америкалықтар бельгиялықтардан жеңіліп, үй иесі ретінде мундиалдан шығып қалғаннан кейін дау басылды.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
ESPN Deportes (@espndeportes) жариялаған жазба
Чеферин Инфантиноның орнына келгісі келе ме?
Подкастта ФИФА басшысының болашақ сайлауы туралы сөз қозғалды. Чефериннің айтуынша, ФИФА-ның қазіргі президенті Джанни Инфантино футбол қауымдастығының қысымына байланысты сайлауға түспеуі мүмкін.
"Бірінші нұсқа - ол өзінің қолдаусыз қалғанын түсінеді. Мұнда әңгіме тек дауыс беретіндердің саяси қолдауында емес. Әңгіме футбол қауымдастығының, жанкүйерлердің, ойыншылардың, бұрынғы футболшылар мен жаттықтырушылардың саяси қолдауы туралы болып отыр", - дейді Чеферин.
Дегенмен, Инфантино лауазымы үшін күресті жалғастыруды ұйғарса да, оның лайықты қарсыласы болады.
"Екінші нұсқа - ол наурыздағы сайлауға қатысады. Бірақ бұл жағдайда оған қарсы кандидат шығады деп ойлаймын. Оның нақты кім екенін әзірге білмеймін", - деп атап өтті УЕФА басшысы.
Сонымен қатар Чефериннің өзі ФИФА басшылығына үміткер емес екенін баса айтты.
"Егер мен бұл лауазымға мүдделі болмасам, менің легитимділігім әлдеқайда жоғары болады", - деді ол.
Еске сала кетейік, ФИФА-ның жаңа басшысын сайлау 2027 жылдың наурызында өтеді. Оған барлық 211 федерацияның өкілдері қатысады, сондықтан УЕФА-мен арадағы тікелей қақтығыстың өзі Инфантиноның қызметінде қалуына кедергі болмауы мүмкін.
Бұған дейін ФИФА-ның бұрынғы президенті Йозеф Блаттер ұйымның жаңа басшысы ретінде норвегиялық Лисе Клавенесстің кандидатурасын ұсынған болатын.