Неге әлем біркелкі емес. Қазақстандағы ең ақылды оқушылар туралы репортаж
Мектептегі олимпиадашылар әрдайым оқшау өмір сүретін. Өзгелер бүгін дене шынықтыру сабағы болар-болмасын, соңғы сабақтан ертерек кетуге бола ма, үй тапсырмасын кімнен көшіріп алсақ екен деп бас қатырып жүргенде, бұл балалар бір жаққа кетіп қалып, кейін дипломмен оралатын. Оларды жиынға шақырып, өзгелерге үлгі ететін, зор болашақ күтетінін айтатын.
Бұрынғы "үштік" бағамен оқығандар туралы біз әдетте бәрін білеміз: кім бизнес ашты, кім Дубайға кетті, кім журналист болып жұмыс істейді. Ал он бес жасында халықаралық деңгейдегі есептерді шығарғандар туралы көбіне ештеңе білмейміз.24 тамызда мұндай балалар Ақордаға жиналды. Қасым-Жомарт Тоқаев физика, математика, биология, химия, география және информатикадан халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесті. Он сегіз жасқа толмай жатып әлемдегі ең үздіктердің бірі атану нені білдіреді және кейін олимпиадашылар қайда кетеді - Tengrinews.kz тілшісі анықтап көрді.
Он сегіз ұл, үш қыз. Астана, Алматы, Қарағанды, Өскемен, Қызылорда, Талдықорған, Қостанай, Орал. Бәрінің кеудесінде алтын, күміс, қола медальдар жарқырайды.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов
Он екі бала көзілдірік тағады. Кейбіреулері мұнда бірінші рет келмеген: Президент оларды 2025 жылы да құттықтаған. Енді бұл дәстүрге айналған сияқты.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов
Біреулері оқуға түсіп те қойған: Калифорния технологиялық институты (Caltech), Ecole Polytechnique, Гонконгтың екі университеті, Nazarbayev University, Astana IT University, Еуразия ұлттық университеті. Енді бірі 12-сыныпқа жаңа ғана көшті.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан ҚұлшымановӘмірбек Азатбеков - Ақордада осыдан бір жыл бұрын болғандардың бірі. Ол кезде оны күміс медалімен құттықтаған еді. 2026 жылдың мамырында ол Caltech-ке (Калифорния технологиялық институты) оқуға түсіп, шілдеде Колумбияда өткен Халықаралық физика олимпиадасында алтын алды. Бұл университетке оқуға түсуге ниеттілердің екі-үш пайызы ғана өте алады. Әмірбек он сегізде. Калифорнияда әлі болмаған.Әмірбек Азатбеков (оң жақта). Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов- Оқуға түсу қиын болды ма?
- Айтарлықтай қиын. Жалпы адамдарды өте аз қабылдайды. Мені де бірден алған жоқ.Өзінің ерекше екенін сезіне ме деп сұрадым.
- Бұл тек жеке менің еңбегім емес. Өзгелердің де көмегі тиді. Ата-анам, мұғалімдерім, жаттықтырушыларым. Сәл де болса жолым болды.
Кішіпейілділік танытып отырғанын, бұл оның ақылы, қажыр-қайраты мен жылдар бойғы дайындығы екенін айттым.
- Иә, әрине, бұл көп уақытты алады. Бірақ бұл тек қана менің еңбегім деп айтпас едім.
- Caltech-те сіз сияқтылар көп болады ғой...
- Мен олимпиадаларда да өзімді өзгелермен салыстырмадым. Осы уақыт ішінде не үйрене алатыныммен салыстырдым.- Өзіңізді кейінгі рет қашан "түк білмейтіндей" сезіндіңіз?
- Күнде дерлік, есеп шығарған кезде солай болады. Бір сағат ойланамын, шықпайды, сосын шешуіне қарасам - бәрі анық болып тұр. Өзім де ойланып тапсам болар еді, бірақ таба алмадым.
- Екілік баға алып көрдіңіз бе?
- Жоқ.
- Мүлдем бе? - ... үй тапсырмасын орындамағаным үшін алған шығармын.- Үй тапсырмасын ұнатпайсыз ба?- Ұнатпаймын.
- Оны ешкім ұнатпайды.Әмірбек Азатбековтің алтын медалі. Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан ҚұлшымановӨзі шығарған ең әдемі есепті түсіндіріп беруін сұрадым, тек гуманитар екенімді ескеруін айттым: егер түсінбесем - ол жеңген болып саналады.- Қазір бірден есіме түсіре алмай тұрмын.
Сосын түсіндірді: электронның массасы мен зарядынан бөлек спині болады. Спиндер кіп-кішкентай магниттер сияқты әрекет етеді, темірде олар бір жаққа қарайды - сондықтан магнит жақындатылған темір кесегі магниттеліп қалады. Егер қыздырса, бағыты бұзылады да, магниттік қасиеті жойылады. Бұл - Кюри нүктесі. Былтыр Азия олимпиадасында соны есептеу керек болған.
Ол жеңді.Әдетте президенттер қабылданатын мәрмәр залда "Дарынды жастар - ел болашағы" деген жазу ілінген.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов
Залға Президент кіріп келді.
Биыл қазақстандық оқушылар 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми сайысқа қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алды, оның екі жүзден астамы алтын. Халықаралық физика олимпиадасында Қазақстаннан барған бес талапкердің бесеуі де алтын алды.
- Бұл - бұрын-соңды болмаған бірегей көрсеткіш, - деді Тоқаев. - Жалпы, біз барлық бағыттар бойынша осындай үздік нәтижеге ұмтылуымыз керек. Қазақстан жастарының әлеуеті оған толық жетеді. Фото: Ақорда баспасөз қызметі
- Көк Туымызды биікке көтеріп, еліміздің абырой-беделін арттыруға мол үлес қосып жүрсіздер. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Қазақстанның жарқын болашағы – ойы ұшқыр, білімді, дарынды жастардың қолында. Мен Мемлекет басшысы ретінде бәріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Сіздер ел мақтанышы деген атқа лайықсыздар!
- Жаңа Конституция өскелең ұрпақтың игілігі үшін жазылды.
Тоқаевтың айтуынша, жастар оларға қарап бой түзейді. Ол жеңімпаздар мен жүлдегерлерді "қазіргі заманның нағыз батырлары" деп атады.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі- Қазір біздің ортамызда саналы ұрпақ тәрбиелеп, оларды үздіктер қатарына қосқан ұлағатты ұстаздар отыр (...) Сіздердің еңбектеріңізді мемлекет міндетті түрде ескереді. Үкімет пен өңір басшыларына осындай тапсырма беріледі.
Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері Президенттің қолынан 2 миллионнан бастап 6,5 миллион теңгеге жуық қаржылай сыйақысы бар сертификаттарды алды.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Тәлімгерлер - ордендер мен медальдар иеленді.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Софья Желтова Вильнюсте өткен Халықаралық биология олимпиадасында күміс жеңіп алды. Алматы, 12-сынып оқушысы. Ол он сегізде.
- Биологияға қызығушылық қалай пайда болды?
- Бәрі сегізінші сыныпта, олимпиадалық резервке алғаш рет келгенімде басталды. Бапкеріміз тақырыптарды қызықты түсіндіргені соншалық, өзім де бағымды сынап көргім келді. Кейін, тереңірек үңіліп, өз бетімше оқи бастағанда, оқулықтан оқыған әрбір жәйт дүниетанымдық көзқарасымды қалай толықтыратынын түсіндім.
Софья Желтова. Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов
Мен оған да сол талапты қойдым: олимпиададағы тапсырмаңызды гуманитарлық сала маманына түсіндіріп беріңізші.
- Көрейін. Ең көп кездесетін мысал - генетикалық тапсырмалар. Шежіре беріледі, соған қарап белгілі бір қасиеттің немесе аурудың қандай принциппен тұқым қуалайтынын және оның балаға берілу-берілмеуін анықтау керек.
Одан әрі ол былай түсіндірді: геном гендерден тұрады, әр геннің аллельдері - нұсқалары болады. Бір аллель әкеден, екіншісі анадан беріледі. Доминантты аллель рецессивтіні басып тастайды. Егер екеуі де рецессивті болса - рецессивті белгі көрініс табады. Баланың аурумен туылу ықтималдығы осылай есептеледі.
- Яғни, бәрі өте қарапайым. Шын мәнінде, тапсырмалардың көбі онша қиын емес. Көбіне олардығ шешімін жылдам тауып машықтану керек, өйткені тапсырма өте көп. Оларды жаңғақша шағу қажет.
- Сыныптағы ең ақылды оқушы сіз бе?
- Олай айта алмаймын. Біздің сынып өте ақылды, бәрі талантты, бәрі ғылымға ұмтылады.- Өзіңізді "түк білмейтіндей" сезінген кезіңіз болды ма?
- Иә, ондай сәттер болып тұрады. Өзіңді өзгемен емес, тек кешегі өзіңмен салыстыру керек. Салауатты бәсекелестік - бұл өте маңызды, бірақ ол моралдық денсаулыққа айтарлықтай зиян тигізуі де мүмкін.
Ол жетінші сыныпты еске алды. Олимпиадалық резервке биологияға қызыққаннан бір жыл бұрын келген екен.
- Мен сабақта бір ай бойы ештеңе түсінбей отырдым. Білімім нөл еді. Сұрақ қойылғанда айналамдағылардың бәрі жауап беретін, ал мен өзімді түк білмейтіндей, ең қабілетсіз сезінетінмін. Сондықтан ол жерден кетіп қалдым.
Келесі жылы оралып, тоқтаған жерден жалғастырдым.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов
Он жылдан кейін ол фармакологиямен айналысып, дәрі-дәрмек жасап шығарғысы келеді. Республикалық ғылыми жобалар байқауында оның командасы лейкемияға қарсы препаратты компьютерде модельдеген.- Қазақстанда қазіргі уақытта бұл сала аса дамымаған, сондықтан өсуге мүмкіндік көп. Еліміздің базасында үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады.
- Он жылдан кейін қатерлі ісікті толық емдеу мүмкін бе?
- Бұл ауруларды толықтай емдеу мүмкін деп ойламаймын, өйткені олардың табиғаты өте тез мутациялануға бейім. Бірақ жыл өткен сайын біз бұл мақсатқа жақындап келеміз.Үлгі тұтатын тұлғалары туралы сұрадым.
- Маған Розалинд Франклиннің хикаясы қатты ұнайды. Көпшілік біле бермейді, бірақ ол ДНҚ құрылымын ашқан адамдардың бірі. Қос спиральдың алғашқы суретін сол түсірген, бірақ оның атақ-абыройын басқа адамдар - Уотсон мен Крик иемденіп кетті.Қостанайлық Андрей Енбахтов Стамбулда өткен Халықаралық география олимпиадасында алтын жеңіп алып, жеке есепте абсолют чемпион атанды. Бір жыл бұрын ол Таиландта өткен осы олимпиадада алтын алған, ол кезде оныншы сыныпта оқитын. Қазір он екінші сыныпқа көшті.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов
- Неге география?
- Бұл ең қолданбалы ғылым, ол әлеммен тікелей байланысты. Оны тіпті бес жасар балаға да түсіндіруге болады: біз қалаларда тұрамыз, жаңбыр жауады, бізге көшені су басқаны керек емес. География міне осындай қарапайым сұрақтарға жауап береді.
Географ жалпы не істей алатынын сұрадым.
- География жағдайды сипаттайды және ұсынылған шешімнің қаншалықты тиімді болатынын талдай алады. Кейбір шешімдер қағаз жүзінде пайдалы болып көрінгенімен, арты жағымсыз салдарға әкеп соғуы мүмкін. Экологиялық, экономикалық, әлеуметтік - көптеген факторды ескеру қажет.
Оны бәрінен де Қазақстан қалаларының дамуы көбірек қызықтырады.- Өзіңізді "түк білмейтіндей" сезінген кезіңіз болды ма?
- Мен былай дер едім: бір істе мықты болу үшін, алдымен сол істе "түк білмейтіндей" болу керек. Сегізінші сыныпта олимпиадамен айналыса бастағанымда, оқу-жаттығу жиынына келіп, топтағы білімі ең аз адам болдым.
Дамир Құрманмен сыртқа шыға берісте сөйлесіп тұрмыз. Жасы он жетіде, Халықаралық физика олимпиадасының алтын иегері, Астанадағы НЗМ-нің 12-сынып оқушысы.
Дамир Құрман. Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов
- Бүгінгі күнге айтар ойыңыз бар ма?
- Депрессия.
- Неге?
- Себептер бар.
Ол түсіндіреді: мақсатыңа үш жыл бойы ұмтыласың, оған жетесің де - бәрі сап тыйылады.- Үйге ұшып келген соң мұның бәрі артта қалғанын сезінесің. Бір түрлі бостық орнайды. Жаңа мақсаттар бар, әрине, бірақ бәрібір. Кейде серуендеп жүріп, кенет осының бәрі біткенін ұғынасың. Сол сәтте жан дүниең қатты ауырады.
Ол MIT-ге (Массачусетс технологиялық институты) оқуға түспекші.
- Сізді не мотивация береді?
- Ол жақта кімді алсаңыз да, әр адам сізден ақылдырақ болуы әбден мүмкін. Ондай орта маған ерекше шабыт береді.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов
Одан мультиғалам теорияларына сенетін-сенбейтінін сұрадым.
- Тым пафосты естіледі. Мен көбіне Копенгаген интерпретациясына бейіммін. Бірақ мен, әрине, әлі де аз білемін. Бөлшек, яғни, ол әртүрлі жерде болуы мүмкін. Біз нақты білмейміз. Бірақ білеміз... probability.
- Ықтималдығын ба?
- Иә, әртүрлі жерде болу ықтималдығы. Біз оны өлшеген кезде, бөлшек кенет бір жерден табылады.
- Яғни бұл бақылаушы әсері ме?
- Иә, бақылаушы әсері. Яғни бұл - әлемнің іргелі сипаттамасы.- Қандай да бір ойша эксперименттер жасап тұрасыз ба?
- Иә, физика заңдарын бұзатын сияқты көрінетін ойша эксперименттер жасағанды ұнатамын. Мәселен, термодинамиканың екінші заңын бұзатын нәрселер. Бірақ кейін олай емес екенін түсінемін. Ол неге бұлай жұмыс істейтінін табамын.
- Көпшілікті таңғалдыратын теорияның авторы болғыңыз келе ме?
- Мен қазір космологияны түсінуде көптеген олқылық бар екенін көріп жүрмін.
Космологтар, деп түсіндіреді ол, әлем барлық жерде бірдей - біртекті деген пайымға сүйенеді. Бірақ есептеулер жүргізгенде олай болмай шығады: бір жерде энергия шоғыры екінші жерге қарағанда көбірек. Қазіргі теориялар мұны әлі түсіндіре алмай отыр.
- Ол қалай аталатын еді... Космологиялық дағдарыс, соған ұқсас бірдеңе. Мен әлемнің неге біркелкі емес екенін түсінгім келеді.
Авторы: Айсұлтан Құлшыманов
Дайындаған: Айнұр Қапышова