15 минут тегін: Медеу мен Шымбұлақта автотұрақ ережелері өзгерді
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы бойынша департаменті "Chimbulak Development" ЖШС-нің іс-әрекетінен монополиялық жағдайды асыра пайдалану белгілерін анықтады, - деп хабарлайды Tengri Auto.
БҚДА тексеру жүргізіп, нәтижесінде компанияның тұрақ үшін сағатына 500 теңге көлемінде бірыңғай тариф белгілегені белгілі болды. Бұл ретте тегін кезең қарастырылмаған, ал құнын есептеу кезінде тұрақта тұрудың нақты ұзақтығы ескерілмеген.
Ведомство бұл шарттарды басқа ұқсас нысандармен салыстырды. Талдау бойынша, әдетте тұрақ құны автокөліктің нақты тұрған уақытына қарай есептеледі, ал алғашқы 15 минут тегін беріледі.
"Мысалы, өз көлігімен Медеу және Шымбұлақ биік таулы курорттарына келетін азаматтар 12 сағаттық тұрақ үшін 6 мың теңге, ал 24 сағат үшін 12 мың теңге төлеген", - деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Сонымен қатар, қысқа мерзімді тоқтау үшін тегін уақыттың және баламалы тұрақтардың болмауы келушілерге қосымша қолайсыздықтар тудырған. Атап айтқанда, жүргізушілер тек жолаушыларды күткен жағдайдың өзінде тұрақ ақысын төлеуге мәжбүр болған.
БҚДА "Chimbulak Development" ЖШС-нің әрекеттері азаматтардың қоғамдық пайдаланудағы және табиғи-мәдени құндылықтарға жататын нысандарға қол жеткізуіне жасанды кедергі келтіргенін атап өтті.
Қазіргі уақытта компания анықталған заңбұзушылықтарды жойды. Автокөлік жүргізушілері үшін 15 минуттық тегін тұрақ енгізіліп, тұрақтың ең жоғары құны тәулігіне 4500 теңгемен шектелді. Ведомство мәліметінше, мұндай шарттар қазіргі қалалық стандарттарға сәйкес келеді.
Тұрақтар жөндеуге жабылды
Еске салайық, 16 маусымынан желтоқсанға дейін "Медеу" мұз айдынының тұрағына кіру уақытша шектеледі. Шектеулер құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге және нысан аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты.