Одиссей және басқалары. Қазақстандықтар сайлауға неге костюм киіп баратын болды?
Tengrinews.kz сайлауда дауыс берген адамдардың ең қызықты образдарын жинап, оларды биыл наурызда өткен Конституциялық референдумдағы перформанстармен салыстырды және бұл құбылысты талдап көрді.
Алғашқы Құрылтай сайлауы: Өрмекші-адам, Халк және "Одиссея" кейіпкерлері
Бұл сайлаудағы басты трендтердің бірі поп-мәдениет кейіпкерлерінің костюмдері болды: комикс, фильм және видеоойын кейіпкерлері. Осы сайлауда қазақстандықтар өз шығармашылығын барынша көрсеткен сияқты.
Мәселен, Ақтау тұрғындарының бірі № 102 учаскеге осы жазда ең көп касса жинаған Өрмекші-адам кейпінде келуді ұйғарған.
Фото: Маңғыстау облысының ӨКҚ
"Қазір бүкіл әлемнің назары "Өрмекші-адам" фильміне ауған. Мен трендтегі кейіпкердің костюмін киіп, айналадағыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлағым келді", - деді ер адам.
Сонымен қатар, Marvel комикстер әлемінің тағы бір кейіпкері Халк Павлодар облысындағы Ақсу қаласының сайлау учаскелерінің бірінде дауыс берді. Жергілікті тұрғын үстіне резеңке костюм, ал оның сыртынан джинсы шорты киіп алған.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
АҚСУ АҚПАРАТ (@aqsu_shanyragy) жарияланымы
Ақсудың тағы бір тұрғыны көпшілік алдына Қазақстанға танымал әнші Қайрат Нұртастың костюмімен шықты. Ер адам билеп, ән салған, ал өнерінен кейін сайлау учаскесінің барлық мүшесі онымен суретке түсті.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
АҚСУ АҚПАРАТ (@aqsu_shanyragy) жарияланымы
Облыс орталығы - Павлодардың өзінде де креативті жандар табылды: қала тұрғындарының бірі сайлауға роликті коньки теуіп, Чарли Чаплин бейнесінде келген. Бірақ роликпен дауыс беру әдепсіздік болар деп есептеген ол, алдын ала туфли киіп алды. Дауыс беру кезінде, әрине, Чаплин стиліндегі комедиялық іс-қимылдар да болды.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Pavlodar Communication (@pavlodar.rsk) жарияланымынан
Осы жазда тағы бір трендте болған фильм - режиссер Кристофер Ноланның "Одиссеясы" Астана мен Теміртау учаскелерінде байқалды.
Бірінші жағдайда астаналық азамат Агамемнон образын таңдап, нөсер жаңбырға қарамастан, дауыс беруге роликпен келді. Ол аяқ киімін ауыстырмай, кабинадан жәшікке дейін роликпен сырғанап барды.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Астана қаласының Коммуникациялар қызметі (@rsk.astana) жарияланымынан
Ал теміртаулықтар Одиссей, Пенелопа және Телемах костюмдерін киіп келді. Оларға ұлттық киім киген грек этномәдени бірлестігінің мүшелері серік болды. Қай қалада "Одиссея" образдары дәлірек берілгенін өздеріңіз бағамдаңыздар.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
ТЕМІРТАУ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ – ТТК (@ttk.news.qaz) жарияланымы
Алматы - футбол десе ішкен асын жерге қоятын қала, сондықтан екі жергілікті тұрғын әлемдік деңгейдегі танымал жұлдыздар - Лионель Месси мен Криштиану Роналдудың костюмін киіп, таңдау жасауға келді. Дауыс бермес бұрын, костюм киген ер адамдар № 294 сайлау учаскесі орналасқан мектеп маңында жаттығу жасап, жұртты қызықтырды.
Фото: Алматы ӨКҚ
"Достарының айтуынша, осындай ерекше тәсілмен олар қоғамдық өмірге араласуды сүйікті іспен ұштастыруға болатынын көрсеткісі келген, ал Құрылтай мүшелерін сайлау - азаматтық белсенділік танытып, бұл күнге аздап позитив қосуға жақсы себеп", - деп хабарлады жазды Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Тағы бір жарқын дуэт Ақтаудағы учаскелердің бірінде бой көрсетті. Екі жергілікті тұрғын классикалық компьютерлік ойын мен жақында экранға шыққан мультфильмдегі ағайынды Мариолардың костюмін киіп шықты.
Фото: Маңғыстау облысының ӨКҚӘрине, олардан мұндай қадамға не себеп болғанын сұрамау мүмкін емес еді. Жауап төмендегідей болды:
"Сайлауға қатысу - маңызды азаматтық борыш. Біз саяси науқанға осындай ерекше костюмдермен келуді алдын ала жоспарладық. Жоспарымыз орындалып, сайлауға осы образдарда келдік. Көңіл-күйіміз көтеріңкі. Баршаңызды сайлауға қатысуға шақырамыз", - деп сайлаушылардың сөзін келтірді жергілікті коммуникациялар қызметі.
Құрылтай сайлауында жолбарыстар, барыс және тірі мысық дауыс берді
Көбіміз квадроберлер тренді баяғыда өтіп кетті деп ойлаған едік, бірақ Құрылтай сайлауы бұл "қауымдастықтың" әлі де барын көрсетті.
Мәселен, Алматының Жетісу ауданындағы сайлау учаскелерінің біріне ер адам жолбарыс кейпінде келді. Оның айтуынша, ол "Тұран есімді Балқаш жолбарысының" бейнесін таңдаған. Фото: Алматы ӨКҚ
Ал Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы сайлау учаскелерінің бірінде дауыс беруге келгендерді жолбарыс бейнесіндегі аниматор қарсы алды.
Фото: Ұлытау ӨКҚ
"Мұндай ерекше бастама сайлау күнінің маңыздылығын айшықтап, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған", - деп түсіндірді жергілікті коммуникациялар қызметі.
Алматының тағы бір тұрғыны № 102 учаскеге қала символы - ілбіс кейпінде келуді ұйғарған. Ер адам балалармен суретке түсіп, дауыс берді.Өңірлік коммуникациялар қызметі барыс костюмін киген адамның келуі сайлау учаскесіндегі күнді есте қаларлықтай еткенін атап өтті.
Фото: Алматы ӨКҚҰлытау облысының Ұлытау ауданында екі сайлаушы ұлар (тау күркетауығының бір түрі) костюмін киіп келді.
Фото: Ұлытау ӨКҚ
"Бұл ел үшін маңызды күнге деген құрмет пен азаматтық жауапкершіліктің ерекше көрінісі болды", - деп жазды ӨКҚ.
Сонымен қатар, учаскеге тірі жануардың келгені де тіркелді. Алматы тұрғындарының бірі өзінің Басс есімді мысығымен келген.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
BANARAЦЕ JM CATS (@bass_white_cat) жарияланымы
"Қашқын" қалыңдықтар (сайлаудан емес) және алып күш иелері
Бірақ кейіпкерлер тек жануарлар және кино кейіпкерлерімен шектелмеді. Бірі экстравагантты баскиім кисе, енді бірі тіпті кофе стақаны, ал басқалары түрлі перформанстар ұйымдастырды.
Ең есте қаларлық шоуды атыраулық алып күш иесі Ерсейіт Бралин көрсетті. Ер адам алдымен сайлау учаскесінің дәл алдында КамАЗ-ды сүйреп, содан кейін арматураны "23" саны түрінде майыстырып, содан кейін ғана дауыс беруге кірді.
Фото: Атырау ӨКҚ
Алматы облысы Іле ауданының бір тұрғыны сайлау күні отбасын құру шешімін қабылдаған. Ол өзінің сүйіктісіне дәл дауыс беру кабинасы алдында ұсыныс жасады.
Фото: Алматы облысының ӨКҚ
Ал Ұлытауда учаскеге жас жұбайлар келді.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
РСК/ӨКҚ (@rsk_ulytau) жарияланымынан
Петропавлда да үйлену тақырыбы қозғалды, бірақ басқа қырынан - учаскеге бірден жеті "қашқын" қалыңдық келді. Бәрі бірге. Күйеу жігітсіз.
"Бүгін СҚО-дағы сайлау учаскелерінің бірінде бірден жеті "қашқын қалыңдық" байқалды. Шамасы, қыздар: күйеу жігіттен қашуға болады, бірақ маңызды дауыс беруді өткізіп алуға болмайды деп ұйғарса керек", - деп түсіндірді оқиға орнындағылар.
Әрине, мұның бәрі әзіл форматында. Бірақ өте қызықты тәсіл.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Петропавл СҚО Қазақстан ???????? Жаңалықтар (@obovsempetropavlovsk) жарияланымы
Тағы басқа кейстер - редакция шолуында.
Трендке талдау
Бұл трендтің осыдан бірнеше жыл бұрын пайда болғанын атап өткен жөн. Ол қазір тек қарқын алып келе жатқандай. Редакция бұл тақырыпты 15 наурызында өткен референдум туралы материалында талдай бастаған болатын - дәл сол кезде перформанстар саны мен оған қатысушылардың күш-жігері айтарлықтай өскені байқалды. Бірақ бәрін ретімен айтайық.Әрине, Қазақстандағы қандай да бір саяси оқиға кезінде "костюм кию" үрдісі бойынша нақты статистика жоқ. Мұндай жағдайлардың жаппай сипаты мен жүйелілігі туралы тек жаңалықтар мен әлеуметтік желілерден пайымдауға болады. Редакция ашық дереккөздер арқылы кейінгі бес жылдағы осындай жағдайлар туралы ақпаратты жинап, талдау жасады. Біз акциялардың санын да, костюм киіп келген немесе ерекше көлікпен келіп, өзге де тәсілдермен дараланған сайлаушылардың санын да есептедік. Нәтижелері айтарлықтай қызықты болып шықты.Қазақстан парламенті сайлауы 2021 жыл: дауыс беруге кіргізілмеген Тедди қонжықтарыСонымен, алғаш рет осыған ұқсас жағдай БАҚ беттерінде 2021 жылғы 10 қаңтардағы парламенттік сайлау кезінде байқалды. Ол кезде Қарағандыда Тедди қонжығы костюмін киген адамдарға қатысты кем дегенде бір кейс болды, оларды учаскеге кіргізбеді, өйткені комиссия олардың тұлғасын анықтай алмаған.2022 жылғы президенттік сайлау: Ваканда жауынгерлері мен жас жұбайлар2022 жылдың 20 қарашасында, Қазақстан Президентінің сайлауы кезінде де ерекше акциялар болды. Сол кездегі ең көзге түскен оқиға туралы редакциямыз жазған болатын: Ваканда жауынгерлерінің костюмін киген ер адамдар, сондай-ақ той көйлегімен келген жас жұбайлар туралы.
Бұдан бөлек, төрт жыл бұрын мынадай жағдайлар тіркелді:
БҚО тұрғындары сайлауға жаппай ұлттық киіммен келді;Қонаевта сайлауға қатысушылар он ретро көлікпен автошеру өткізді;бүркітші Бүркітбай Файзолла сайлауға отбасы және құстарымен келді.
Көріп отырғанымыздай, бұл бірнеше жекелеген эпизодтар ғана. Олар жұртшылықтың назарын аударғанымен, ашық жарияланымдарға сүйенсек, олардың саны 2026 жылға қарағанда әлдеқайда аз.Қазақстандағы 2023 жылғы Парламент сайлауы: "морждар" мен қар барысы дауыс берді2023 жылғы 19 наурыздағы Мәжіліс пен мәслихат сайлауында бұл жанр біржола бекігендей болды, десе де оның ауқымын әлі де қарапайым деп атауға болады.
БАҚ сол кезде қар барысы костюміндегі сайлаушы, тракторшы, түйе мінген адам, учаскеге келген төрт "ниндзя тасбақа", "диван батыры" және адыраспан ұстаған әйел туралы жазды.
Сондай-ақ, Астанадағы учаскеге жағажай киімімен келген төрт "морж" - үш ер адам мен бір бойжеткен туралы да айтылды. Еске салайық, бұл оқиға наурызда елордада болған еді.Құрманғазы ауданынан келген екі жас жұбайды және ұлттық киім киген жазушы Дәулет Сейсенұлын да атап өтуге болады.
Осылайша, салыстырмалы әдістеме бойынша 2023 жылғы сайлауда кемінде 16 осындай акцияны тіркеуге болады. Бірақ бұл жалпыреспубликалық бейнелер ағынынан гөрі, жергілікті ақпараттық себептерге көбірек ұқсайды.2024 жылғы АЭС бойынша референдум: Дэдпул, Джокер, Капитан Америка, Бэтмен, Ғажайып әйел2024 жылғы 6 қазандағы АЭС бойынша референдумда мұндай оқиғалар тіпті көбейді. Сол кезде Tengrinews.kz суперқаһармандар костюмін киген астаналықтар туралы жазды: Дэдпул, Джокер, Капитан Америка, Бэтмен, Ғажайып әйел. Сондай-ақ сол жолы батыр мен ұлттық көйлек киген бойжеткен де дауыс берді. Яғни, бұл феномен қарқын ала бастағанымен, медиалық ауқымы жағынан әлі де аса байқалмады.2026 жылғы референдум: дауыс беруге арналған мультиәлем
Ашық дереккөздер бойынша редакция 2026 жылғы 15 наурызда жаңа Конституция бойынша өткен референдумда костюм киген 20–25 сайлаушыны немесе ерекше акцияларға қатысушыларды анықтады.
Ең көзге түскен жағдайлар:
Көкшетаудағы Эльза мен Леди Баг - екеуі де кәсіби аниматорлар және өздері дауыс берген.
Екібастұз-адам.
Атыраудағы киллер Леон, Матильда және гүл.
Оралдағы Бамблби мен Оптимус Прайм - екі алып кейіпкер.
Оралдағы Фиксик - сайлаушы өз бейнесін әр адамның үлкен механизмдегі рөлі туралы идеямен түсіндірді.
Есіктегі Алтын адам.
Осы жолғыдай, Қонаевтағы қар барысы.
Алматыдағы пингвин.
Алматыдағы Threads - әлеуметтік желі логотипінің костюмін киген он сегіз жасар сайлаушы.
Супермен, Темір адам және Джокер - олар да алматылықтар.
Шымкенттегі Өрмекші-адам.
Бүркіт-адам - тағы да Алматыда.
Жұртқа таныс болып қалған халат киіп, тәпішке іліп, басына сүлгі ораған астаналық әйел. 15 наурызда ол робот-итпен келді. Қайрат Нұртас бейнесіндегі Павлодар тұрғыны. Бұл 23 тамыздағы жағдаймен үндеседі.
Наруто кейіпкері образындағы бойжеткен.Қостанай облысында 15 наурызда Қыдыр ата дауыс берді.
Сондай-ақ көк бөрі - киелі қасқыр.
Marvel кейіпкерлерінің көптігінен сол кезде тіпті мультиәлем туралы айта бастады.
Бұдан бөлек, наурызда сайлаушылар учаскеге келу тәсілімен де ерекшеленуге тырысты: Маңғыстауда мотоцикл және катермен келсе, басқа өңірлерде ат және парапланмен келгендер болды.
Сол кездің өзінде біз референдум кезінде мұндай тәсілдің жаппай сипат алғанын атап өткен болатынбыз. БАҚ бір-екі жаңалық емес, ерекшеленген сайлаушылар туралы тұтас жинақтар жариялады және мұндай ақпараттық себептер республикалық және өңірлік медиада кеңінен таралды.
Сайлау туралы арнайы репортажды Tengri TV YouTube-арнасынан да көріңіз:
2026 жылғы Құрылтай сайлауы: учаскелердегі шоу көбейіп келеді
Ашық дереккөздерге сүйенсек, жаңа Құрылтай парламентіне сайлау аяқталған сәтке қарай, яғни 23 тамыз күнгі сағат 20:00-ге дейін кемінде 100 адамның костюм киіп, қойылым немесе арнайы акциялар арқылы дауыс бергенін сеніммен растауға болады.
Біз топтық перформанстарды есепке алдық - мысалы:
Шымкенттегі 50 адам - № 361 учаске алдындағы жастар флешмобы: бірыңғай форма, хореографиялық қойылым және 16 × 8 метрлік алып баннер; акциядан кейін барлық қатысушы дауыс беруге барды.
Ақтөбедегі 20 велосипедші қала көшелерімен ұйымдасқан түрде жүріп өтіп, № 557 учаскеге дауыс беруге келді.
Петропавл қаласындағы № 611 учаскеде той көйлегімен флешмоб ұйымдастырған жеті "қалыңдық".
Алматыдағы № 175 учаскеде әлеуметтік желілердің - Instagram, Threads, TikTok және Facebook символикасы бейнеленген костюм киген төрт адам.
Теміртаудағы "Одиссея" желісінің үш кейіпкері - Одиссей, Пенелопа және Телемах. Олармен бірге грек этномәдени бірлестігінің өкілдері де ұлттық киіммен келген, бірақ олардың саны көрсетілмегендіктен, біз оларды есепке қоспадық.
Сондай-ақ, сайлау учаскелеріне жекелеген костюммен келгендерді де ескердік, олардың бір бөлігі жоғарыда аталды.
Тағы да салыстыратын болсақ, қазіргі жүздей ерекше сайлаушы - наурыздағы ұқсас жағдайлардан шамамен 4–5 есе көп.
Сондай-ақ, референдумда жекелеген суперқаһармандар мен кейіпкерлер көп болса, 23 тамызда арнайы сахналанған формалар - флешмобтар, театрландырылған акциялар, Абай оқулары, теңіз ортасындағы музыкалық нөмір және тағы басқалар пайда болды. Яғни, бұл құбылыс бір мезгілде әрі жаппай сипат алып, әрі ұйымдасқан түрге енді.
Аударған: Дина Шәріпхан