АҚШ-тың мемлекеттік қарызы тарихта алғаш рет 40 триллион доллардан асты
АҚШ-тың мемлекеттік қарызы тарихта тұңғыш рет 40 триллион долларлық межеден асты. Бұл туралы АҚШ Қаржы министрлігінің мәліметінде айтылған, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ведомствоның сәрсенбі күні ұсынған сейсенбі, 18 тамыздағы қорытынды ақпаратына сәйкес, АҚШ мемлекеттік қарызының жалпы көлемі 40 триллион 47 миллиард долларды құрады.
Бұл ретте халық пен ұйымдардың иелігіндегі АҚШ борыштық міндеттемелерінің көлемі 32 триллион 265 миллиард доллардан асады, ал үкіметаралық борыштық міндеттемелер – 7 триллион 781 миллиард доллардан астам.
Қаржы министрлігінің деректеріне сүйенсек, Дональд Трамптың екінші президенттік мерзімінде АҚШ-тың мемлекеттік қарызы бірінші мерзіммен салыстырғанда екі есе дерлік жылдам өсіп жатыр, деп атап өтеді РИА Новости.
Трамптың 2025 жылғы инаугурациясынан бергі өткен 19 ай ішінде борыш жүктемесінің өсімі шамамен 3,83 триллион долларды құрады. Салыстырмалы түрде алсақ, оның бірінші президенттік мерзімінің дәл осындай кезеңінде мемлекеттік қарыз 1,47 триллионға өскен болатын. 2017 жылдан 2021 жылға дейін мемлекеттік қарыз барлығы 7,8 триллионға артты.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, АҚШ мемлекеттік қарызының заңмен белгіленген шегі 41 триллион 103 миллиард доллар деңгейінде бекітілген.
Мамыр айында Fox Business экономикалық талдау бюросының деректеріне сілтеме жасай отырып, АҚШ-тың мемлекеттік қарызы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен бері алғаш рет ел экономикасының көлемінен асқанын хабарлады.