15 миллион қазақстандықтың паспорты мен телефон нөмірі желіде тарап кеткені рас па? Министрлік жауабы
Әлеуметтік желіде 15 миллион қазақстандықтың дербес деректері даркнетте жарияланғаны туралы ақпарат тарады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Даркнеттегі база ма?
Желіде хакер 15 миллион қазақстандықтың мәліметі бар деректер базасын даркнетте сатуға шығарғаны туралы ақпарат тарады. Файл көлемі шамамен 2,7 гигабайтты құрайды, ал ондағы жазбалардың жалпы саны 47 миллион жолға жететіні айтылады.
Анықтама: Даркнет - бұл әдеттегі іздеу жүйелері арқылы қолжетімді емес және арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуді қажет ететін интернеттің жасырын бөлігі. Анонимділік деңгейі жоғары болғандықтан, мұнда заңсыз сауда алаңдары мен басқа да құқыққа қайшы ресурстар жиі орналасады.
Әлеуметтік желідегі мәліметтерге сәйкес, сатушы базаны 0,5 биткоинге - шамамен 32 мың долларға бағалаған. Деректер массивінде азаматтардың дербес және байланыс мәліметтері, соның ішінде паспорттық деректер, телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайлары, жұмыс орындары туралы ақпарат, құжаттардың сканерленген көшірмелері мен құпиясөздер бар екені нақтыланады.
Бұл ретте, әлеуметтік желілердегі хабарламаларға қарағанда, сатушы база eGov жүйесін бұзу нәтижесінде алынған деп мәлімдейді.
"Тексеріс жалғасып жатыр": министрлік жауабы
Министрлік бұған қатысты қазіргі уақытта бейінді қызметтермен бірлесіп, жарияланған ақпаратқа техникалық тексеріс, оның ішінде ұсынылған деректер үлгілеріне талдау және олардың ықтимал шығу көзін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Қазіргі уақытта электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны және аталған деректер базасының тікелей eGov жүйесінен алынғаны туралы расталған ақпарат жоқ", - деп мәлімдеді Цифрлық даму министрлігі.
Сонымен қатар ведомство жарияланымдарда көрсетілген ақпараттың бір бөлігі электрондық үкімет деректерінің құрылымы мен форматына сәйкес келмейтініне назар аударды.
"Атап айтқанда, eGov жүйесінде жарияланымдарда көрсетілген форматтағы паспорттардың скан-көшірмелері сақталмайды, ал цифрлық құжаттардың форматы өзгеше. Даркнет пайдаланушысының деректер базасының шығу тегіне қатысты мәлімдемесі eGov жүйесінің бұзылғанын растайтын дәлел бола алмайды", - деді ведомство өкілдері.
Техникалық тексеріс жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі, деп түсіндірді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі.
Сондай-ақ ведомство азаматтарға цифрлық қауіпсіздіктің негізгі талаптарын сақтауды ұсынды: үшінші тұлғаларға SMS-кодтарды, құпиясөздерді және ЭЦҚ деректерін бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және әртүрлі сервисте әртүрлі құпиясөзді пайдалану.
Бұған дейін eGov 3.0 іске қосылғаннан кейін көптеген қазақстандық порталдың жаңа интерфейсін сынға алған болатын. Пайдаланушылар, атап айтқанда, қаріптің ұсақтығына, бөлімдердің үйреншікті емес орналасуына және қажетті қызметтерді іздеудегі қиындықтарға шағымданды.
Тағы оқыңыз: Қазақстандық күтпеген жағдайда бөтеннің eGov аккаунтына кіріп кеткен: тексеріс басталды