Қазақстандықтар баспана сатып алуды азайтқан: сұраныс қай жерлерде төмендеді?
Тұрғын үйді сату-сатып алу көрсеткіші 4,9 пайыз азайды. Мұндай мәліметті Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) биылғы шілдені маусыммен салыстырып жариялады. Маусымда 39 053 келісім жасалса, шілдеде 37 158 шарт рәсімделген. Жылжымайтын мүлік қай қалаларда көп, қайсысында аз сатылып жатыр, нақты қандай пәтерлерге сұраныс жоғары және жеке үйлер саудасы қаншалықты сәтті жүріп жатыр? Толығырақ TengriHome материалында.
Тұрғын үй қай өңірлерде жиі және сирек рәсімделеді?
Мәмілелердің ең үлкен үлесі Алматыға - 19,5 пайыз, Астанаға - 18,8 пайыз және Қарағанды облысына - 7,2 пайыз тиесілі. Сату-сатып алу шарттары ең аз жасалған өңір - Ұлытау облысы. Мұнда небәрі 311 келісім рәсімделген, бұл жалпы көрсеткіштің 0,8 пайызын құрайды.
"2026 жылғы маусыммен салыстырғанда, шілдеде ең жоғары өсім Шымкентте (14,2 пайыз), Батыс Қазақстан (14 пайыз) және Жамбыл (11,5 пайыз) облыстарында байқалды. Ал ең үлкен төмендеу Маңғыстау (-33,7 пайыз), Қарағанды (-28,7 пайыз) және Түркістан (-22,4 пайыз) облыстарында тіркелді", - деп нақтылады Ұлттық статистика бюросы.
Пәтерлер қалай сатылып жатыр?
Сауданың басым бөлігі пәтерлерге тиесілі, бұл тіркелген мәмілелердің шамамен 77 пайызын құрайды. Шілдеде 28 575 пәтер сатылған. Бұл көрсеткіш маусыммен салыстырғанда 2,9 пайызға аз. Мәміле жасау бойынша Астана (24 пайыз), Алматы (23,4 пайыз) және Қарағанды облысы (7,8 пайыз) алда тұр. Айта кетерлігі, сатып алушылар арасында екі бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары. Өткен айда мұндай пәтерлер бойынша 11 056 мәміле жасалған.
Жеке сектордағы сатылым көрсеткіші қандай?
Жеке үйлердің саудасы да бәсеңдеді. Шілдеде көрсеткіш 10,8 пайызға төмендеп, барлығы 8 583 мәміле жасалды. Соған қарамастан, ең жоғары өсім мына өңірлерде тіркелді:
Жамбыл облысы - рәсімделген құжаттар жалпы санынан 9,9 пайыз
Жетісу облысы - 7,3 пайыз
Шымкент - 5,3 пайыз
Ал мұндай баспана түрінің сатылымы бойынша ең үлкен төмендеу келесі өңірлерде тіркелді:
Маңғыстау облысы - минус 49 пайыз
Ұлытау облысы - минус 47 пайыз
Қарағанды облысы - минус 32,9 пайыз
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы шілдені 2025 жылдың сәйкес айымен салыстырғанда, мәмілелер көлемі 6,5 пайызға - 39 742-ден 37 158-ге дейін азайған. Ал 2026 жылғы қаңтар-шілде аралығындағы көрсеткішті былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда, мәмілелер саны 2,6 пайызға қысқарды.
Алматыда қайталама нарықтағы үйлер арзандап жатыр, ал жаңа пәтерлер бағасы қандай? Талдау