Қазақстанда орташа жылдамдық бақыланатын жаңа учаске пайда болды
Ақтөбе облысындағы Жайсаң-Ақтөбе-Қызылорда тасжолының бір бөлігінде автокөліктердің орташа жылдамдығын бақылау басталды, - деп хабарлайды Tengri Auto өңірлік полицияға сілтеме жасап.
10 тамыздан бастап Ұлғайсын және Қалыбай елді мекендері арасындағы учаскеде жүйе жұмыс істеп тұр.
Жүйе қалай жұмыс істейді?
Камералар көлікті бақыланатын учаскенің басында және соңында тіркейді. Содан кейін ол көліктің осы қашықтықты жүріп өткен уақытына сүйене отырып, орташа қозғалыс жылдамдығын есептейді.
Сондықтан тек камераның алдында ғана жылдамдықты азайту нәтиже бермейді. Егер бүкіл учаскедегі орташа жылдамдық рұқсат етілген шектен асса, жүйе заңбұзушылықты автоматты түрде тіркейді.
Бұл не үшін қажет?
Полиция мәліметінше, мұндай бақылаудың басты мақсаты - жүргізушілердің жылдамдық режимін тек камера алдында ғана емес, жолдың бүкіл бөлігінде сақтауына қол жеткізу.
Сонымен қатар, 10-12 тамыз аралығында Қазақстанда "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Ол жол қозғалысы ережелерін бұзу санын азайтуға және жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Орташа жылдамдықты бақылау жүйесі қай жерлерде жұмыс істейді?
ІІМ мәліметінше, қазіргі уақытта орташа жылдамдықты бақылау Қазақстанның алты өңіріндегі бірнеше жол учаскесінде енгізілген.
Мәселен, Абай облысында камералар Павлодар - Семей - Қалбатау тасжолының үш учаскесінде орнатылған. Ақмола облысында жүйе Астана - Павлодар және Астана - Щучинск автожолдарында, Батыс Қазақстан облысында Орал - Сарытау тасжолында жұмыс істейді.
Павлодар облысында орташа жылдамдық Астана - Павлодар, Павлодар - Омбы және Павлодар - Семей - Қалбатау тасжолдарында өлшенеді. Түркістан облысында камералар Шымкент - Қызылорда және Шымкент - Тараз жолдарында, ал Қызылорда облысында Шымкент - Қызылорда тасжолының бір учаскесінде іске қосылған.
Еске салайық, 10 шілдеден бастап орташа жылдамдықты өлшеу жүйесі Алматы - Қорғас, Көкшетау - Петропавл тасжолдарында және Астана - Теміртау тасжолында (Аршалы - Ошағанды учаскесі) іске қосылған болатын.
ІІМ деректері бойынша, 17 наурыз бен 23 шілде аралығында бұл учаскелерде 600 мыңнан аса жылдамдық режимін бұзу дерегі анықталған.
Сонымен қатар, болашақта орташа жылдамдықты бақылау жүйесі жалпы ұзындығы шамамен 2,5 мың шақырым болатын тағы 14 ақылы учаскеде енгізілуі мүмкін.