Алматыда түнгі жол апатынан екі қыз қаза тапты
Алматыда адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы болды. Полиция департаменті қайғылы жағдайдың егжей-тегжейін мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Алматы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, апат түнгі сағат 03:10-да Алатау ауданында болған.
"Алдын ала мәлімет бойынша, Suzuki жүргізушісі Рысқұлов даңғылымен батыс бағытта келе жатып, Шәріпов көшесімен қиылыста бұрылыс жасау кезінде Рысқұлов даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан Mercedes автокөлігімен соқтығысқан", - деп хабарлады полиция.
Соқтығысу салдарынан Suzuki жүргізушісі мен жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
"Suzuki автокөлігінің тағы бір жолаушысы, сондай-ақ Mercedes жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді", - деп толықтырды ведомство.
Екі адамның өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Апаттың мән-жайы анықталып жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы - Өскемен тасжолының 474-шақырымында бірнеше көліктің қатысуымен ірі жол апаты болған еді.