Қазақстанда көліктерді заңсыз есепке қойған топтың 2,4 миллиард теңгелік мүлкіне тыйым салынды
Ақтөбе облысында міндетті төлемдерден жалтару мақсатында жүк және жеңіл автокөліктерді есепке заңсыз қоюмен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды Tengri Auto Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Тіркеу схемасы және қатысушылар
Тергеу материалдары бойынша, топ N3 (ершікті тартқыштар) және M1 (жеңіл автокөліктер) санаттарындағы 82 көлік құралын заңсыз рәсімдеген. Тіркеу жұмыстары Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында жүргізілген.
Топ құрамында 9 адам болған, олардың ішінде мемлекеттік автоинспекция қызметкері мен нотариус бар. Клиенттер мессенджерлер мен интернет-платформалар арқылы іздестіріліп, онда міндетті алымдарды төлемей-ақ тіркеу қызметтері ұсынылған.
Тергеу барысында келісім жасалған соң ұйымдастырушы көлік туралы мәліметтерді ішкі істер органдарының қызметкеріне беріп отырғаны анықталған. Ол бұрын есептен шығарылған, сипаттамалары ұқсас автокөліктерді тауып берген.
Бұдан әрі қатысушылар жалған сатып алу-сату шарттары мен сенімхаттарды рәсімдеп, бөгде адамдарды тартып, құжаттарды арнайы ХҚКО арқылы өткізген. Нотариалды әрекеттер заңды иелерінің қатысуынсыз жасалған.
Шығын және бұлтартпау шаралары
Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 705 миллион теңгеге бағаланған. Сот күдіктілердің 2,4 миллиард теңге сомасындағы мүлкіне тыйым салған.
Бес фигурант қамауға алынып, үшеуі үй қамағына жіберілген. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.