Азат Еуропа/Азаттық радиосының бұрынғы президенті, журналист Кевин Клоуз қайтыс болды
Азат Еуропа/Азаттық медиакорпорациясының бұрынғы президенті, журналист Кевин Клоуз 85 жасында АҚШ-та дүниеден озды.
1940 жылы Торонтода дүниеге келген, Гарвард университетін бітірген Клоуз ширек ғасыр бойы The Washington Post газетінің тілшісі және аға редакторы болды, ал 1977 жылдан 1981 жылға дейін газеттің Мәскеудегі бюросын басқарды. Сол жылдары ол советтің әдеби және мәдени зиялы қауым өкілдерімен, адам құқықтарын қорғаушы белсенділермен және оппозициялық топ жетекшілерімен тығыз байланыс орнатты.
1992 жылы Кевин Клоуз Азат Еуропа/Азаттық радиосының басшысы қызметіне тағайындалып, маңызды реформалар жүргізді. Оның басшылығымен 1993 жылы радионың Орталық Азиядағы алғашқы өкілдігі Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласында ашылды. Ал 1995 жылы радиокорпорацияның орталық кеңсесі Мюнхенен Прагаға көшірілді.
1998 жылдың аяғында Клоуз Ұлттық қоғамдық радио (NPR) басшысы болып тағайындалып, бұл қызметті Мэриленд университеті журналистика колледжінің деканы болғанға дейін 10 жыл атқарды.
2013 жылы Кевин Клоуз Азат Еуропа/Азаттық радиосы президенті болып қайта оралды және медиакорпорацияны екі жыл басқарды.
Бес кітаптың авторы Кевин Клоуз кәсіби ортада демократиялық көзқарастар мен құндылықтарды қолдауымен, тәуелсіз журналистиканы және қоғамдық істерді терең талдауымен кеңінен танылды.