Ақын алдында
Мысықты шығарып салып үйге келгенде, Шыңғыс киімін шешініп жеңілденіп, ат үстінен түскен шаң-тозаңнан жуынып, дастарқан басына келген-ді. Қанипа жайған торғын дастарқанға Сыздық әкеліп күміс құлақты сары тегенені қойды. Күмістеген без ожаумен, қою сары қымыздың қышқылтым иісін бұрқырата сары бәйбіше өзі сапырды.
— Шоқанжан, ана бір балшықтарың не? — деп, әкесі қалыпты мейірбан лебізімен Шоқанға тіл қатты. Шоқан жаңағы Мысықтан қалап алған сиырдың, қойдың балшық мүсінін қызықтай қолына ұстап, әкесінің қасына алып келді. Тобарсып кеуіп тұрған кішкене балшық мүсін оншалықты көз тартарлық бұйым емес. Ал Шоқан оны сондай бір жаңа ойыншық, Мысық қолдан жасаған жанды дүниедей көріп, қызықтай ұстайды.
— Атеке,...