Алматы түбінде бензин таситын көлік микроавтобуспен соқтығысып, бір адам қаза тапты
Алматы облысында бензин таситын көлік пен жолаушылар микроавтобусы жол апатына ұшырады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Жол апаты 13 тамызда Алматы-Бішкек тасжолында, Ұзынағаш ауылының маңында болған. Тараздан Алматыға бағыт алған шағын автобустың ішінде 17 жолаушы болған.
Салдарынан бір адам қаза тауып, төрт адам зардап шеккен. Бір бала ауруханаға жеткізілген.
"48 жастағы жүргізуші шығыс бағытта келе жатқан. Шамамен сағат 14.50-де шағын автобуспен соқтығысып қалған. Ол автобустың тізгінінде 55 жастағы жүргізуші болған. Жол апаты нәтижесінде шағын автобустың 77 жастағы жолаушысы қаза тапты. Бір бала ауруханаға жеткізіліп, тағы төрт адам түрлі жарақаттар алды", - деп хабарлады өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Автобус жүргізушісі Мадияр Ерназаровтың айтуынша, ол бензин тасымалдайтын көлікпен соқтығысқан соң, жолдың шетіне аударылып кеткен.
"Бензин тасымалдайтын көліктің жүргізушісі жол апаты болған жерден 70 метрдей қашықтықта тоқтады. Автобустан шығып, ондағы адамдарды шығарып жатқанымызда қасымызға келді. Ол жолда ұйықтап кеткенін айтты. Сосын "ҚазМұнайГаз" компаниясының өкілдері келгенде ол басқа нәрсе айтты", - деді Ерназаров.