Үлескерлер мен белсенділер Сырым Әбдірахмановты босатуды талап етті
20 ақпанда Астанада үлескерлер мен азаматтық белсенділер қамауда отырған тіркелмеген "Алаш" патиясының жетекшісі Сырым Әбдірахмановтың өміріне алаңдаушылық білдіріп баспасөз мәслихатын өткізді. Баспасөз мәслихатына Сырым Әбдірахманов құқықтарын қорғаған үлескерлер мен туыстары қатысты.
Жиында адвокат Валерий Садықов Сырым Әбдірахмановқа түрмеде қысым жасалғанын мәлімдеді.
Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушы "Қазақстанда парламентаризмді дамыту қорының" жетекшісі Зәуреш Батталова "Сырым Әбдірахманов Астана қаласындағы тұрғын үй құрылысына қатысты жемқорлық әрекеттерді ашудағы белсенділігі мен үлескерлердің құқығын қорғағаны үшін қудаланып отыр" деп санайды.
- Біз мағынасы жоқ бұл істі дереу тоқтатып Сырым Әбдірахмановты босатуды талап етеміз,- деді ол жиында.
Астаналық белсенді, тіркелмеген "Алаш" халықтық социал-демократиялық партиясының жетекшісі Сырым Әбдірахманов былтырғы желтоқасанда қамауға алынған.
Оған алдымен "Көрінеу жалған ақпарат тарату", "Билік өкіліне қатысты күш қолдану", "Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзуге кедергi жасау", "Билік өкілін қорлау" баптары бойынша айып тағылған.
Белсендінің үстінен бұрын Астана қаласы әкімінің орынбасары болған, 7 ақпанда президент іс басқармасы төрағасының орынбасарлығына тағайындарған Сергей Хорошун арызданған. Шенеунік белсендіні өзіне қатысты “жалған ақпарат таратты” деп айыптаған еді.
Бұл айып бойынша іс тоқтатылып, қазір оған "Билік өкілін қорлау" және "Билік өкіліне қатысты күш қолдану" баптары бойынша айып тағылып отыр. Әбдірахманов өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.