Парма балалары
Генуяның вокзал алдындағы алақандай алаңға қаптаған қалың жұрттың дені жұмысшылар болғанмен, бірақ араларында шүйдесі шығып, шытырая киінген адамдар да көп. Жиналған жұртты бастап тұрған муниципалитет мүшелерінің төбесінде қаланың шым жібекпен безеген туырлықтай тулары желбіреп, олармен қанаттаса жұмысшы ұйымдарының алуан түсті тулары да толқын ұрады. Судыраған жібек тулардың алтын оқалы шоқтары, шашақтары мен баулары жалт-жұлт етіп, сап сүмбілері жарқырап, көңілдері көлдей тасыған қалың нөпірдің ыңылдай салған әні күркіреген күйше гуілдеп тұрған болатын.