Роскомнадзор Amazon сервисінің миллиондаған IP-адресін бұғаттады
![Роскомнадзор Amazon сервисінің миллиондаған IP-адресін бұғаттады](https://gdb.rferl.org/2CD2D38F-3C61-4A5E-BED9-C33E99D0F1CA_cx0_cy3_cw0_w800_h450.jpg)
Роскомнадзор америкалық Amazon компаниясының Ресейдегі екі миллиондай IP-адресін бұғаттады. Бұл жөнінде Коррупциямен күрес қорының белсендісі Владислав Здольников мәлімдеді.
Ол Amazon-ның IP-адресін бұғаттау Telegram-ды бұғаттау жөніндегі сот шешіміне қатысы жоғын айтады. Бұл шешім Ресей Бас прокуратурасының бұйрығында көрсетілген. Осының алдында Роскомнадзор тыйым салынған сайттардың қатарына Amazon, Google және Telegram-ның бірнеше доменін енгізген.
16 сәуірде Ресейде сот шешімімен Telegram мессенджері бұғаттала бастаған. Роскомнадзор сонымен бірге тыйым салынған сайттарға кіру құралдарына да тыйым салатынын мәлімдеді.
Telegram-нң негізін салушы Павел Дуров "ресейліктердің құпия хат алмасу құқығын қайтаруға күресетінін" мәлімдеді. Оның айтуынша, Telegram-ға тыйым салынса, Ресейде ұлттық қауіпсіздік деңгейі төмендеп кететінін мәлімдеді.
Америкалық Amazon компаниясы - интернет арқылы тауар сатудағы әлемдегі ең ірі сервис. Бұл компанияның АҚШ-тан басқа Бразилия, Канада, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Франция, Италия, Испания, Үндістан және Қытайда филиалдары бар.