Адам деген қызық
Күннің ыстығынан көгілдір аспанның түсі оңып, шақытып тұр. Жасыл жотаның үстіндегі сұрғылт ауыл ертеңгісін етек-жеңін жимай, көсіліп жатқандай еді, қазір ол да жиыла қалыпты. Өзен беттегі ойпат қана түс бермейді; анау ақ жібек белбеудей соқпақ болмаса, төңірек — қалың мия, қоянқарта, ажырық өскен жап-жасыл; бетімен көлеңке жүгіріп, толқынданып жатыр. Көктемде өзен арнасынан шығып осы өңірді ен жайлайды да, шілдеде дегдіп, жайқалған қауға айналады. Сонан қара күзге дейін бұ жерге орақ та түспейді. Шідерті колхозы шөпті алыстан шабады; бұған тимейді, ауылдың ұсақ жандығына арналған несібе.