Павел Дуров iPhone-ның жаппай бұзылу қаупі туралы ескертті
Бұл туралы ол өзінің Telegram-арнасында жазды.
"Егер iOS жүйесінің нұсқасы сәл ескірген болса, барлық дерегіңізге қауіп төнеді. Хакерлер құрылғыңызға қол жеткізуі үшін бір веб-сайтқа кіруіңіздің өзі жеткілікті болуы мүмкін", – деді Дуров.
Оның айтуынша, Telegram iOS жүйесінің ескі нұсқасын пайдаланып жүрген қолданушыларға арнайы ескерту жібере бастаған. Дуров жазбасында сол хабарламаның скриншотын да жариялады.
Хабарламада телефон қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін операциялық жүйені жаңарту қажеті айтылған. Өйткені жүйенің ескі нұсқасындағы қауіпсіздік осалдары қолданушылардың жеке деректері мен аккаунттарына қауіп төндіреді. Сондай-ақ, жүйені жаңарту жолдары көрсетілген.
"Жүйені дәл қазір жаңартыңыз", – делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Apple қолданушылары компания қызметтерінің жұмысында жаппай ақау болғанына шағымданған еді. Атап айтқанда, Apple Business, Apple School Manager, AppleCare, iCloud Mail, Web Apps және SchoolWork қызметтерінде іркіліс байқалған. Сондай-ақ, App Store мен Apple Music жұмысында да ақаулар тіркелген.
Нью-Йорк пен Чикагодағы Apple дүкендерінің қызметкерлері NBC News журналистеріне ішкі бағдарламалық жүйенің істен шыққанын айтқан. Салдарынан олар тауар сата алмай, тұтынушыларды қабылдауға жазуда қиындықтарға тап болған. Компания өкілдері ақауға ішкі жүйенің жаңартылуы себеп болғанын мәлімдеді.
Бұл жағдай қарашаның ортасында АҚШ-тың бірқатар ірі цифрлық қызметтерінде тіркелген ауқымды ақаулардан кейін болды.